Бас кеспек болса да...
Бас кеспек болса да...
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
780
оқылды
Оқу-ағарту министрлігі төңірегінде тағы да шу шықты. Бұл жолы ішінара емес. Белсенді мұғалімдер әлеуметтік желіде әлдекімдерден қысым көріп жатқанын, жаңа министрге қатысты сыни жазба жариялауға «тыйым» салынғанын айтады. Естеріңізде болса, бұған дейін Анар Қайырбекова өзінің министрлік тарапынан қысым көргенін мәлімдеген-ді. Осылайша, министрлік пен Қайырбекова арасындағы «майдан» біршама уақытқа созылған еді. Жазғыштардың жазасы Иә, Асхат Аймағамбетов министр қызметінен кетіп, орнына Ғани Бейсем­баев тағайындалғалы бір айдан асты. Содан бері әлеуметтік желіде жаңа ми­нистр турасында жазылып жатқан пікір көп. Мұны Аймағамбетов эффектін қи­май жүргендермен байланыстыруға бо­лады. Дегенмен жазба арасында «жаз­ғыштарды құрту керек», «аузын жабу ке­рек» деген сияқты пікір бар. Бұған белсенді мұғалімдер бейжай қарай алмаймыз деп отыр. Орал қаласының белсенді мұғалімі Айнұр Сабыр Facebook-тегі жазбасы үшін облыстық білім басқармасы жи­налысқа салып, «министрді сынайтын кімсің?» деген сыңай танытқан. Одан бөлек, Айман Сағидулла да әлеуметтік желіде әлдекімдердің «министрге артық сөз жазудың қажеті жоғын» ескерткенін айтады. Алматы облысындағы мұғалім Сәния Нүсіпәлі де жазбасы арқылы Талғардағы мектептің былығын ашып, сөзін Президентке дейін жеткізген еді.
«Мені облыстық білім басқармасына шақырды. Бардым. Не жиын екенін тү­сін­бедім. Ортаға алып, менен басқа облыстық Білім басқармасы басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Орал қаласы білім бөлімінің басшысы, облыстық кәсіподақ төрағасы, Педагог­тердің білімін жетілдіру институтының басшысы, зейнеттегі ардагер мұғалім (бұрынғы директор) қатысты. Облыстық білім басқармасы басшысының қолында менің Facebook-тегі Lesson Study-ға байланысты жазған жазбамның скрин­шоты бар екен. Маған қойылған негізгі сұрақтар төмендегідей. «Мектеп тре­нерлеріне неге ақы төленсін деп жазды­ңыз? Бұл БҚО-дағы жағдай ма? Бұны Facebook-ке шығарғанша, бізге неге жеке жазбадыңыз? Неге өзіңізден жасы үлкен министрге «...беріңіздер!», «...міндетте­ңіздер!» деп бұйрық түрінде жаздыңыз?» деген болды. Сөз арасында «біз осы жазбаңызға байланысты жауап беруіміз керек» дегенді естіп қалдым. Соған қа­рап, бұл бір жерден келген «аузын жа­быңдар» деген тапсырма болар деп топшыладым», – дейді мұғалім.
Осыдан кейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі белсенді ұстаздар әлеуметтік желіде бірігіп, бір-бірін қолдай кетті. Жо­ғарыдағы жазба жарияланған күннен бастап бүгінге дейін Ғани Бейсембаевты тегтеген жазба көп. Министрліктің мә­лімдеуінше, жақын арада министр осы турасында ойын жариялайды. Ал ми­нистрлік тарапынан мұғалімдерді «сөй­летпеуге» бұйрық берілгені туралы хабар шындыққа жанаспайды. Яғни, «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті шенділердің өзара қысымы болуы мүмкін. Тоқетерін айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мән-жайды толық тексеруден өткізіп жатыр. Оған қоса, осы турасында Өмір Шы­ныбекұлымен хабарласқанымызда ми­нистрлік өкілімен сөйлескенін, жоғары жақ тарапынан ешкімге ешқандай ескерту берілмегені белгілі болғанын атап өтті. Нәтижеге кіріптар мұғалім Түсінгеніміз бойынша, даудың басы мұғалімдердің аттестациядан өту туралы бұйрыққа өзгеріс енгенінен басталған. Мұнда Lesson Study-ді мектеп тренерлері үйретуінен бөлек, курс етіп оқыту жағы да қамтылған деседі. Содан белсенді мұғалімдер бұйрықтың дұрыс еместігін, мектептердегі қағазбастылықтың жаңа түрі екенін жарыса жазды. Сыни пікірдің көп болғаны соншалық, министрлік Lesson Study жайын кейінге қалдыруға шешім қабылдады.
«Аттестацияның соңғы өзгерісіне Lesson Study-ді әкеліп қосқан. Бұл қа­ғаз­бас­тылыққа төте жол. Мұғалімдерді мектепке қондырудың амалы ма? Ол шыға са­лысымен «осы тәсілді үйретемін» деген ақылы курстар қарша борады. Министрлік өкілі «бұл жоба әзірге тоқтай тұрады, 2024 жылы енгізіледі» дейді. Қол қойылған, бекіген дүниені тоқтататын олар кім? Біржола алып тастап қайта тір­кеуден өткізсін. Жалпы, «Педагог қыз­меткерлерді аттестаттау» қағидасы көп­шіліктің тал­қысына түсуі керек. Бюро­кра­тиялық ке­дергілер жойылуы қажет! Қол­­дарынан келмей ме, орындарын бо­сатқаны дұрыс! Білім сапасы төмен бе? Оқушылар білімді игере алмай жатыр ма? Бірден «мұғалім кінәлі» деп шығады», – дейді белсенді мұғалім Мейіржан Темірбек.
Жалпы, педагогтерді аттестациялау қағидасы 2016 жылдан бері 11 рет өзге­ріске ұшырады. Педагогтерді аттеста­циялау №83 бұйрық негізінде реттеледі. Мұғалімнің кейінге қалдырды деп отыр­ғаны – Lesson Study әдістемесі бойынша біліктілікті арттыру курсы. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мә­ліметі бойынша, мектеп директорлары мұғалімдерді Lesson Study әдістемесі бо­йынша біліктілікті арттыру курстарынан өтуге және іс-тәжірибеде инновациялық Action research әдістерін қолдануға мәжбүр етпеуі керек. Заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес, 2023 жылдан бастап мұғалімдер үш жылда бір рет кесте бо­йынша тегін біліктілікті арттыру курс­тарынан өтеді. Курс сертификаттары аттес­тациялау кезінде ескеріледі. Сон­дықтан Lesson Study әдістемесіне сәйкес, жеке біліктілікті арттыру курстарының қосымша сертификаттары және аттес­тациядан өткен кезде Action Research әдісін қолдану талап етілмейді. Дегенмен мұғалімдер «көрінген таудың алыстығы» жоғын ескеріп, жаңа өзгеріске қазірден дайын болу керегін айтады. Жоғарыдағы курстың бұйрыққа енгізілетінін ести сала әлеуметтік желіде «курс үйретемін бағасы 3500-4000 мың теңге» дейтін хабарландыру көбейген. Айман Сағидулла айтқандай, бұл да бір бизнес түріне айналып кетуі бек мүмкін. Оның үстіне, бір ғана Түркістан облы­сында 100-ден астам мектеп директоры­ның орны бос тұр. Мейіржан Темірбектің айтуынша, мұғалімдер қағазбастылықтан әлі айырылған жоқ. Мектеп дирек­тор­ларының орны босап жатқанына да дәл осы жағдай себеп болуы мүмкін.
Белсенді мұғалімдердің білім сала­сына қатысты арыз-шағымы мұнымен бітпейді. Тізе берсек, салада күрмеуі қиын мәселе көп. Жергілікті деңгейде шеше алмағаннан, жоғарыға сөзін жет­кізу үшін әлеуметтік желіні пайдалана­тыны айқын. Сондықтан олар министр­ліктің белсенді мұғалімдерді тыңдап, Аймағамбетов сияқты жиын жасағанын қалайды. Естеріңізде болса, экс-министр «Педагог мәртебесі туралы» заңды бел­сенді педагогтермен бірлесе талқылаған. «Ойымызды Facebook-ке жазамыз. Басқа амал жоқ. Сіз министр болғалы кімнің кері пікіріне жауап бердіңіз? Қанша мәселе айтылды? Қайсысына жауап бердіңіз? Туды жатқа білетін алты жасар баламен кездескеніңізден басқасын көр­медік. Бұл мәселені облыстық басқарма басшылары ардагерлермен бірге шеше алмайды», – дейді Айнұр Сабыр.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ