Басшы құтылды, қосшы тұтылды
Басшы құтылды, қосшы тұтылды
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
783
оқылды
Бүгінде мемлекеттік сатып алуда конкурс өткізбей қандай да болмасын жобаға қазынадан қаржы қарастыруға тыйым салынған. Алайда заң талаптарын белден басып, балға бармақ батырғысы келетіндер аз емес. Оған дәлел, былтыр Жамбыл облысында бір көзден сатып алу тәсілімен 20,9 млрд теңгеге 207 келісімшарт жасалса, оның 10,5 млрд теңгеге бағаланған 82 келісімшарты заңсыз рәсімделген. Мемлекеттік сатып алу сала­сындағы мұндай статистиканы облыс әкімдігінің Мемлекеттік сатып алу басқармасының бас­шысы Жайықбай Шалдаров баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, заң­сыздыққа барғандардың қата­рында Тараз қаласы және аудан әкімдерімен қатар, бірқатар бас­қарма басшысы да бар.
– Тараз қаласы әкімдігі 2022 жылы 2,58 млрд теңгеге бір көзден қаржы аудару тәсілімен 48 келі­сімшарт жасаған. Байзақ ауданы осындай әдіспен 1,43 млрд теңгеге 12 лот ойнатса, Жамбыл ауданы 1,39 млрд теңгеге 23 келісімшарт қабылдаған. Талас ауданы әкімді­гі 206,4 млн теңгені, Меркі ауда­ны – 304,7 млн, Мойынқұм ау­да­­ны – 190,6 млн, Сарысу ауданы – 63,7 млн, Т.Рысқұлов ауданы – 234,8 млн, Шу ауданы – 719,2 млн және Қордай ауданы әкімдігі 1,07 млрд теңгені негізсіз ерте ау­дарған. Бас­қармалардың арасын­да Денсаулық сақтау 244,7 млн және Білім бас­қармасы 558,4 млн теңгеге заңсыз келісімшарт жаса­ған. Тексеріс көр­сеткендей, әкім­дер мен бас­қар­ма басшылары аяқталуы маңызды емес жобаларды тез атқаруға ты­рысып, өрескел ­заң­­бұзушы­лық­тар­ға жол бер­ген, – дейді Жа­йық­бай Шалдарұлы.
Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәде­ниет үйінің басшысы Жаңа жыл мерекесіне орай шаралар өткізу мен безендіруге 19 млн теңгеге «Қа­рақат» жеке кәсіпкерімен бір көзден келісімшарт жасаған. Мә­дениет үйінің басшысы конкурсты қыркүйек айында өткізуі тиіс бол­са да, бұл жұмысты соңғы күнге дейін созып келіп, Жаңа жыл қар­саңында жеке кәсіпкерге миллион­даған қаржыны бір көзден аударып жіберген. Талас ауданы әкімдігі болса, өткен жылдың басында 85 млн тең­геге жолды ағымдағы жөндеу­ден өткізсе, Қордай ауданы әкім­дігі 2022 жылдың ақпан айында 252 млн теңгеге орталық саябақты жаң­ғыртқан. Аталған әкімдіктерге бұл құрылыс жұмыстарын конкурс арқылы өткізуге мүмкіндік болса да, жыл басында бір көзден ақша аударып заңсыздыққа барған. Мұндай бармақ басты, көз қысты әрекеттер жоғарыда аталған облыс әкімдігіне қарасты басқар­маларда да байқалады. Нәтиже­сін­де, 2021 жылы 5,7 млрд теңге бір көз­ден заңсыз аударылса, былтыр бұл сома 2,5 есеге өсіп 13,8 млрд теңгеге жеткен.
– Заңбұзушылыққа жол бер­гені үшін осы күнге дейін бөлім басшылары немесе мамандар жа­заланып келді. Алайда олар тіке­лей әкімнің немесе салаға жауап бе­ретін орынбасардың тапсыр­масы болмаса қаржыны өздігінен аудара алмайтыны белгілі. Сон­дықтан мұндай жағдайда ең бі­рінші салаға жетекшілік ететін әкімдер орын­басарларының жа­уапкершілігін қарау керек, – дейді басқарма бас­шысы.
Әрине, жоғарыдан тапсырма болмай бөлім басшылары мен ма­мандар саусағын қимылдата ал­майтыны анық. Сондықтан олар­дың жазаға тартылуы шелек жа­лағанның кері екені айтапаса да түсінікті. Мемлекеттік сатып алу бас­қар­масының мұндай ашық мәлім­де­месінен кейін Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Нұр-Мұхаммед Мәделіұлы жұртқа жария болған ақпардың бірқатар тұсының тігісін жатқызуға тырысты.
«Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен бір көзден сатып алу тәсіліне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 10,5 млрд теңгеге негізсіз заңбұзу­шы­лыққа жол берілгендігі анық­талды. Сол үшін Жамбыл облысы әкімдігі Мемлекеттік сатып алу басқар­ма­сының бұрынғы бас­шысы, екі бір­дей бөлім басшысы мен бас маманы қызметтерінен босатылды. Бүгінде басқармада бұл лауа­зым­дарда жаңадан та­ғайындалған азаматтар қызмет етіп жатыр», – деді Нұр-Мұхаммед Мәделіұлы.
Облыс әкімі кеңесшісінің сө­зіне сүйенсек, бұдан бөлек Бай­зақ ауданы әкімінің тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Жам­был ауданы әкімінің орын­басары, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары, Жуалы ауданы әкім­дігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Қордай ауда­ны әкімінің орынбасары, Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Меркі ауданы әкімінің орынба­сары мен Андас батыр ауылдық окру­гінің әкімі, Шу ауданы әкі­мінің міндетін уақытша атқарушы, Шу ауданы тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі­нің басшысы да тәр­тіптік жауап­кершілікке тартыл­ған. Сон­дай-ақ Талас ауданы әкі­­мінің орынбасары, Т.Рысқұ­лов ауданы әкімінің орынбасары және Ден­саулық сақтау бас­қар­масы мен Білім басқармасы бас­шыларының орынбасарлары да жазаланған. Облыс әкімінің кеңесшісі ал­дағы уақытта да тексеру жұмыстары жалғасып, жаза басқандарға ке­шірім болмайтынын айтады. Мем­лекеттік сатып алу конкурсы май­шелпек емес. Бұл орайда облыс әкімінің жауаптыларды жазалауы өзге шенділерге ескертудің ныша­ны болса керек. Әрине, қай кезде болмасын заңның қатаң сақталғаны дұрыс. Алайда жазаланғандардың тізіміне қарап тұрғындар «Айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұ­тылған ба?» деп ойға шомғандай. Былай алып қарасаң көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Әйтсе де, бұл істе орынбасарлары мен бөлім басшылары мемлекеттік сатып алуда заңсыздыққа жол беріп жатқанда сол бірінші бас­шылардың қайда қарап отырғаны түсініксіздеу.

Жамбыл облысы