Сыбайлас сезімдер
Сыбайлас сезімдер
642
оқылды
Сіз қоңыр түстің қалай «естілетінін», я болмаса қыс мезгілінің «дәмін» сезіне алар ма едіңіз? Ендеше өзіңізді әлем халқының осындай қабілетке ие 4 пайызына жатқызуыңызға болады. Әртүрлі сезімдер арасындағы параллельдер ғалымдар мен өнер адамдарын көне дәуірден бері қызықтырып келеді. Аристотель өзінің «Жан туралы» трактатында «ортақ сезімдердің» мүмкіндігін пайымдаса, Гете мен Лейбниц ноталарды түстермен қатар қойып, ал француз математигі Луи Бертран Кастель түс пен әуенді байланыстыратын аспап жасауды ұсынған екен. Уақыт өте келе аралас сезімдерді сипаттайтын бұл жұмбақ құбылыстың синестезия деп аталатыны белгілі болды. Мидағы «майдан» Синестезия дегеніміз – сирек кездесетін психологиялық феномен, оның аясында адам бір сезім мүшесінен келетін сигналды өзара байланысы жоқ екінші сигналмен байланыс­тырады: ол музыканы сызық, пішін және түс ретінде қабылдауы немесе қандай да бір сөздің дәмін сезіне алуы мүмкін. Зерттеулерге сүйенсек, адамдардың шамамен 4 пайызы – синестеттер. Синестезия ешқандай да ауру не пси­хика­лық ауытқу емес. Егер әлдебір ды­быс­ты ести отырып, оның түсін де көретін болсаңыз, бұл сізде бірдеңе дұрыс емес дегенді білдірмейді. Бар болғаны, сіздің миыңыз дыбыстарды қабылдауға жауап ретінде түстер реакциясын да іске қосады деген сөз. Сондай-ақ кейбір дәрі, алкоголь не кофе де уақытша синес­тезияны туғызуы ықтимал. Мұндай таңғажайып құбылыс екі түрлі жолмен көрініс табады десек болады. Бірін­шісі – проекциялық синестезия: бұл кезде адам заттар туғызатын әдеттегі сезімдермен қатар оның түсін, иісін немесе басқа да қасиеттерін сезінеді. Ал екіншісі – ассо­циациялық синтестезия: бұл кезде адамда белгілі бір затқа қатысты тұрақты ассо­циациялар пайда болады. Мұндай ассо­циация­лардың қиялдан айырма­шылығы – оның тұрақтылығында. Мәселен, кісі өмір бойы «7» цифрын сары түспен, Моцарттың му­зы­касын – сопақша пішінмен байланыс­тырады. Сан түрлі синестезия Ғалымдар синестезияның 70-ке тарта түрін қарастырады. Олардың ішінде ең кең тарағаны – графемді-түсті ассоциация («әріп-түс» немесе «цифр-түс»). Мұның жар­қын мысалын жазушы Владимир Набоковтың «Другие берега» атты автобиографиялық повесінен кездестіруге болады. Автор орыс және француз әліпбиіндегі әріптерді қалай сезінетінін былайша жазады: «Қара күрең топқа жататындар: қалың, жалтырамайтын «А»; мықты, каучук тәріздес «Г»; ащы шоколад сүтті шоколадтан қалай ерекшеленсе, французша «J»-дан да тура солай ерекшеленетін «Ж»; сондай-ақ қара-қоңыр әрі жып-жылтыр «Я». Ақшыл топқа кіретін «Л», «Н», «О», «X», «Э» әріптері өз ке­зе­гінде вермишельден, Смоленск ботқа­сынан, бадам сүтінен, құрғақ бөлке мен швед нанынан тұратын жүдеу диетаны елестетеді». Синестезияның бұл түрі адамдардың 1 пайызында кездеседі. Айрықша құбылыстың тағы бір түрі – музыкалық түсті синестезия, оның барысын­да адам әуенді әртүрлі түстер, жолақтар, толқын­дар түрінде қабылдайды. Синес­тезияның бұл түрі абстракционист-суретші Василий Кандин­скийде болған деген пікір бар. мидағы майдан Кеңістік-уақыт синестезиясы (space-time synesthesia) да айтарлықтар жиі кездеседі: онда синестет уақытты түрлі түсте немесе пішінде көреді, апта күндерін, айларды және жылдарды кеңіс­тікте созылған сызықтар, пішіндер, түс­тер ретінде елестетеді. Синестезияның ең сирек формалары дәм мен тактильді сезімдермен байланысты. Мы­са­лы, адам қандай да бір сөзді не бейнені көр­генде, оның «дәмін» де сезінеді. Планета халқының 0,2 пайызы осы қасиетке ие. Санада «шатасқан» сигнал Нейрофизиологтар әлі күнге дейін бұл құбылыстың неден туатыны хақында бір мәмілеге келген жоқ. Бір ғалымдардың айтуынша, синестеттің миындағы жүйке жолдары оқшау­лауыш рөл атқарып, жүйке импульстарының шашырап кетуіне жол бермейтін миелин қабықшасынан қандай да бір себептермен айырылып қалады. Соның нәтижесінде әртүрлі сезім әсерлеріне жауап беретін нейрондар кенеттен электрлі им­пульс­тар алмасып, адам санасында сезімдер арасындағы әдеттен тыс байланыстар пайда болады. Екінші бір нұсқа бойынша, ерте балалық шақта біз бәріміз де синестет болғанбыз: нәрестенің миында әртүрлі органдар мен сезімдер арасында байланыс түзетін «нейрон көпірлері» болуы мүмкін. Онда түстер де, бейнелер де, дыбыстар да, иістер де бей­берекет біртұтас жүйені құрайды, уақыт өте келе әлгі байланыстар жойылып, біздің сезімдеріміз анығырақ, айқынырақ бола түседі. Ал адам­дардың аз ғана бөлігінде жаңа­ғы «көпірлер» өмір бойы сақталып қалады. Бірақ ең танымал гипотеза – кросс-акти­вация моделі. Оған сүйенсек, ми қабығындағы әртүрлі сезімдерге жауап беретін екі іргелес аймақ арасында тоғыспалы активация жүреді. Айталық, геометриялық пішіндерді қабылдауға жауапты аймақ дыбысты қабыл­дауға жауапты аймақтың тәуелділігіне түсіп қалады. Бұл нейрондар арасындағы аномальді байланыстың тууынан немесе нейро­трансмиттерлердің дұрыс жұмыс істемеуінен болуы мүмкін. Синестезияны жай ғана әртүрлі заттар арасында параллель жүргізе алу қабілеті деп қарайтын скептиктер де жетерлік. Белгілі бір деңгейде мұндай ойлау жүйесі барлық адамға тән: мысалы, біз әдетте қайғыны – суық түстермен, қоңыр түсті – кофемен байланыс­тырамыз ғой. Бірақ бұл теория синестетик­алық қабылдаудың барлық қыр-сырын түсіндіріп бере алмайды: өйткені жоғары­дағыдай параллельдер жүргізу үшін салыс­тырылып отырған объектілер арасында әлсіз болса да бір байланыс болуы керек. Ал синестеттің санасында сөздің түсі әлгі заттың шын мәнін­дегі түсіне мүлде ұқсамауы мүмкін: олар «теңіз» сөзін жұрт секілді көк емес, қызыл түсті етіп көре алады. Қабілет «қоймасы» Синестезияны зерттеу арқылы ғалымдар шығармашылықтың, қиялдың, абстрактілі ойлаудың негізінде қандай генетикалық ерекшеліктер жатқанын анықтауға тырысуда. Аталмыш құбылыстың арқасында бүгінде олар адамдарды фантомды аяқ-қол (аяқ-қолды ампутациялағаннан кейін оларды әлі де бар секілді етіп сезіну) иллюзиясынан құтқаруды үйренді. Синестезияны зерттеуге негізделген технологиялар протездер, навигациялық аспаптар жасауда қолданы­лады. Синестезия жайлы зерттеулер жасанды интеллектіні үйретуге көмектесіп жатыр. Ал бұл айрықша қасиет адамдардың өзіне несімен пайдалы? Біріншіден, оларда есте сақтаудың қосымша механизмдері қалып­тасады. Шотланд психологы Джудия Симнер әріптестерімен бірге зерттеу жүргізіп, синес­теттер мен қарапайым адамдардан тұратын аралас топқа 1950-2008 жылдар аралығында болған айтулы даталарды еске түсіруді сұраған. Синестеттер күндерді әлдеқайда дәлірек атай алған. Кейбіреулерге графемді-түсті синес­тезия сауатты жазуға көмектеседі: сөз түсінің «дұрыс емес» болып көрінуі оларға орфо­графия­лық қате жібергенін түсінуге мүмкіндік береді. Синестезияның шығарма­шылықтағы пайдасы да үлкен. Нағыз синестеттер ретінде Владимир Набо­ковты, Ван Гогты, Дюк Эллин­гтонды және Ференц Листті атауға болады. Композитор Ференц Лист бірде оркестрге «қызғылт түсті көп қоспай ойнауды» сұраған екен. Шамасы, өзгелердің де дыбысты қабылдауы дәл өзінікі тәрізді деп түсінсе керек...