"Төрт айдай күйзелісте болды": әнші Индира Елемес марқұм Арман Дүйсеновпен бір күн бұрын сөйлескенін айтты
"Төрт айдай күйзелісте болды": әнші Индира Елемес марқұм Арман Дүйсеновпен бір күн бұрын сөйлескенін айтты
© YouTube
48,204
оқылды
Әнші Индира Елемес жақында дүниеден өткен композитор Арман Дүйсеновтің ұзақ уақыт бойы күйзелісте болғанын айтты,  – деп хабарлайды Massaget.kz. Бұл туралы ол "Алматы" телеарнасының "Шешімі бар" бағдарламасында айтты.
"Арман ағатай өмірден сейсенбіде өтті ғой. Біз дүйсенбіде кешке бетпе-бет сөйлестік. Ұзақ әңгіме болды, қуанышты болдым. Ол бейсенбіде жұмыс бабымен және денсаулығына байланысты қаралу үшін Ыстанбұлға ұшуы керек еді. Жаңа жылда ол отбасымен болды. "Ол кез (жаңа жыл - еск.) өмірімдегі ең қуанышты, бақытты сәт болды, қарындас. Абзалтайымның мені мыжғылағанын көрсең ғой. Мен бұл өмірде арманыма жеттім деп ойлаймын. Абылайымды (Арман Дүйсеновтің ұлы - еск.) мықты тәрбиелеппін. Ол қазір менің орнымды басуға әбден дайын" деді. "Аға, орнымды басады дегеніңіз не?" деп қалдым. "Жалпы айтып жатқаным ғой" деп махаббатпен, керемет сезіммен жауап қайтарды", – дейді Индира Елемес.
Әншінің айтуынша, Арман Дүйсенов ұзақ уақыт күйзелісте болған.
"Ол кісі төрт айдай күйзелісте болды. Дүйсенбіде "Бейсенбіде Ыстанбұлға кетемін, бәріне көрсетемін" деп еді. Ол түрік тілінде еркін сөйлейтін. 22 наурызда Ыстанбұлда концертіміз жоспарланған еді. Кейінгі уақытта дос туралы көп өлең шығарды. Бір досына реніші болған сияқты", – дейді әнші композиторды еске алып.