Жүрекке отаны Жаңаөзенде жасайды
Жүрекке отаны Жаңаөзенде жасайды
789
оқылды
Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасында құны 200 млн теңге тұратын SIEMENS ангиограф аппаратымен  науқастарға тегін ота жасалуда.  Бұл жаңа медициналық құрылғы асқынған коронарлық синдромды анықтап, миокардия инфаркт, жүрек қан тамырларына ота жасауға мүмкіндік береді.   Агиограф арқылы жыл басы­нан бері 55 коронография­лық зерттеу, 27 науқастың жүре­гі­не күрделі ота, 2 аритмо­ло­гия­лық ота, 3 науқастың ми та­мырына ота жа­салған. «Жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін біз бұрын науқастарымызды ота жасатуға жолдамамен Ақ­тау, Ал­маты, Нұр-Сұлтан қала­ла­рына жіберетін едік. Мұндай операциялар өте қымбат тұ­рады. Енді мұндай күрделі ота өзімізде жасалып отыр. Қаң­тар айынан бастап міндетті әлеу­мет­тік сақтандырудан өттік, сондықтан бұл оталар тегін жүр­гізіліп жатыр», – дейді ауру­ха­наның бас дәрігері Мұрат Сарыев. Соңғы үлгідегі көпфункцио­нал­дық аппаратпен дәрігерлер күніне 4-5 адамды қабылдап отыр. Замануи жабдықтың «ті­лін» білетін арнайы маманды Ақтау қаласынан алдырған.  Кар­диохирург Қобылан Жариев – Алматы және Ақтау қаласындағы ауруханаларда қызмет еткен, он екі жылдық еңбек өтілі бар жас маман.  width= Қобылан Маратұлының ке­зек­ті науқасқа  коронография­лық зерттеу жасау сәтіне куә болған журналистер монитордан оның қалай өтіп жатқанын көре алды. Бұл науқас жүрегі ауырып емханаға қаралу нәтижесінде оған жүрек миокардиясы диагно­зы қойылған. Жүрек қан тамыры тарылғандықтан  ол кісіге же­дел түрде коронографиялық зерт­теу жасалу үшін ауруханаға жі­бе­рілген. «Біз ангиограф арқылы ол кісінің жүрек қан тамырларын қараймыз. Бұл 7-10 минутқа со­зылады.  Егер қан тамырынан өзгерістер байқаса, онда стенд қоямыз. Стенд – жүрек тамыры­ның ішіне қойылатын имплант, қанның ағысын қалпына келтіру үшін қойылады. Бұл тамырды кеңейтеді. Стенд қою отасы 1 са­ғатқа созылады. Көбінесе ко­ро­­нографиядан өткен науқас­тар­­дың 70-80 пайызына стенд қоямыз. Одан бөлек шунттау ота­сы да жасалады», –дейді Қо­бы­лан Жариев. Сондай-ақ кардиохирург  150 мың халық тұратын Жаңаөзен қа­ласында екі айдың ішінде 55 адамға коронографиялық зерт­теу жасалған болса, бұл осы өңір­­дегі қан тамыр ауруының көр­­сеткіші жоғары екендігін біл­ді­ретіндігін айтып өтті.   Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы