Зейнетке шығуға өтініш берген кезде QR-код арқылы қол қоюға болады
Зейнетке шығуға өтініш берген кезде QR-код арқылы қол қоюға болады
Фото: taganrogprav.ru
589
оқылды
Зейнетақы төлемдерін тағайындау мен деректемелерге өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы өтініш берген кезде QR-код арқылы қол қоюға болады. Бұл туралы Аikyn.kz БЖЗҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектікке байланысты БЖЗҚ-ға төлемдерді, ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алуға өтініш беріледі. Бұрын мұны БЖЗҚ кеңселерінде немесе enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жасауға болатын. Енді ЭЦҚ-ны QR-кодпен қол қоюға ауыстыруға болады. Сондай-ақ, QR-код enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте өз деректеріне өзгерістер және толықтырулар енгізу кезінде көмектеседі. Ол үшін enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетке кіріп, мұнда көрсетілген қызметтерді таңдағанда «QR-мен қол қою» батырмасы іске қосылады. Қол қоюдың бұл әдісі eGov mobile интеграциясы негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан пайдаланушы осы қосымшаны ұялы телефонына орнатып, оған кіруі керек. «QR-мен қол қою» батырмасын басқаннан кейін қор серверіне сілтемені қамтитын QR-код жасалады. Бұл QR кодты EGOV mobile ұялы қосымшасының көмегімен сканерлеу керек, оның жоғарғы оң жақ бұрышында QR кодтарын оқуға арналған белгіше бар. Әрі қарай «Қол қою» батырмасын басу арқылы пайдаланушы құжатқа қол қоюды аяқтауы керек. Нәтижесінде, «Қол қою сәтті аяқталды» деген хабарлама шығады. Бұған дейін жәрдемақы, жүргізуші куәлігін ауыстыруға онлайн өтініш беруге болатыны туралы жазған болатынбыз.