Әскерилер қашанда Отан қорғауға дайын болуы керек. Ал Жамбыл облысындағы «Айша бибі» полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімдерінің лагерлік жиыны осыны айғақтай түседі.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес әскери химиктердің далалық шығуы қысқы уақытқа белгіленген. Он күн бойы әскери химиктер тәжірибе жүзіндегі іс-әрекеттерді жүзеге асырады. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімшелерін лагерлік жинау жылына екі рет өткізіледі. «Далалық шығу кезінде радиациялық, химиялық және биологиялық барлауды жүргізу бойынша практикалық жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар арнайы машиналардың орналастырылуы пысықталып, дозиметрлік және химиялық құрылғылармен жұмыс істеу бойынша жаттығулар жүргізілуде», – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы РХБҚ әскерлерінің бастығы подполковник Серікжан Тоқболатов.
Сонымен қатар Әскери бөлімдер радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпті нысандарды, жауынгерлік іс-қимылдардың әртүрлі жағдайларында қауіптілікті жою міндеттерін орындайды.
«Осындай далалық шығулар әскери қызметшілерге құрылғылар және қондырғылармен жұмыс істеуде арнайы тапсырмаларды орындауда жақсы тәжірибе береді, сонымен қатар бөлімшелердің үйлесімділігін арттыруға көмектеседі. Оқу полигонындағы практикалық жаттығулар кезінде әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігі жоғары бағаланады», – дейді лагерь бастығы, әскери бөлім командирі майор Тахир Сағынғанов.
«Айша бибі» полигонында тұру үшін арнайы лагерь құрылып, шаруашылық көмек бекеті орналасып, жоғары басшылықпен байланыс орнатылған. Иә, әскердің шеберлігін сынап тұру қашанда маңызды.
Ә.БЕК