Нұрлан Мәсімов екі әкімшілік іс бойынша кінәлі деп танылды
Нұрлан Мәсімов екі әкімшілік іс бойынша кінәлі деп танылды
© t.me/antikornews
253
оқылды
Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 234-1 бабы бойынша кінәлі деп танылды. Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығына әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 234-1 бабы бойынша екі іс қаралды.
Сотта полиция департаментінің қызметтік жылқыға жем сатып алу үшін бюджет қаражатын жоспарлау кезінде заңнаманы бұзғанын анықтады.
2021 жылы қызметтік жануарларға жем сатып алуға 60 872 100 теңге қаражат бөлінді. Алайда норманы бұзып, полиция департаменті 10 693 000 теңге сомасына 18 жылқыға жем беруді нормадан тыс жоспарлаған. 2022 жылы қызметтік жылқыға жем сатып алуға 13 394 000 теңге қаражат бөлінген. Алайда норманы бұзып, полиция департаменті 8 503 400 теңге сомасына 18 жылқыға арналған жем-шөпті нормадан тыс жоспарлаған.
"Тиімсіз жоспарлау бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкелді", – делінген Павлодар облысы сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Полиция департаментінің бұрынғы бастығының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, аудиторлық есеп, тексеру комиссиясының материалдары, айғақ және сот зерттеген басқа да дәлелдеме арқылы дәлелденді.
Сот кінәліге әр іс бойынша 214 410 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындады.
Сондай-ақ сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау кезінде іс жүргізу нормаларын бұзғаны үшін «Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясы» ММ атына жеке қаулы шығарды.