Криптовалютамен күреп табыс табады
Криптовалютамен күреп табыс табады
706
оқылды
Қазақстан халқы арасында криптовалю­таға деген сұраныс жоғары. Түрлі бағалау бойынша 1 миллиондай қазақстандық биткойнға, басқа да «қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерге» ие. Алайда азаматтар оларды негізінен Ресейден, алыс шетелден көлеңкелі жолдармен сатып алуға мәжбүр. Салдарынан көбі жатжұрттық алаяқтарға жем болды. Ондаған миллион ақшасын жоғалт­қаны бар. Қазақ­стандықтарды бұл тұрғы­дан да қорғау қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Парламент тарихымыз­дағы тұңғыш заңды қабылдап, Президент оған қол қойды. Салада енді не өзгермек? Сұраныс пен қорғаныс Жалпы, кез келген крипто­ва­люта – көзбояушылықтың бір түрі. Ол ешқандай құнды мүлікпен, ал­тынмен қамтамасыз етілмеген. Бірде-бір мемлекет оны эмиссия­ла­майды, шығармайды, демек, өз мой­нына жауапкершілік алмайды. Бұлар – тек виртуалды кеңістікте айналыста болатын, шифрмен қор­ғалған сандардың жай ғана жиын­тығы. Бірақ әлемдегі көптеген ком­­панияның акциялары да көз­бояу­шылық емес пе? Кез келген кү­ні банкрот болса, құнды қаға­зы­ның көк тиын құны қалмайды. Ендеше халық тарапынан сұраныс бар екен, онда мемлекет тарапынан ұсыныс болмағанымен, ең құры­ғанда қор­ғаныс пен қолдау болғаны жөн. «Ақпараттандыру туралы» заң­ның 33-1-бабына сәйкес, қамтама­сыз етілмеген цифрлық активтердің, криптовалюталардың Қазақстан аумағындағы шығарылымына және айналымына қатаң тыйым салын­ған. Бұл талап тек «Астана» халық­аралық қаржы орталығына (АХҚО) таралмайды, оның биржасында биткойн және басқасын сатуға рұқсат. Алайда АХҚО әзірге крип­товалюталардың саудасын толық­қанды жолға қоя алмай жатыр. Соның кесірінен қазақстандықтар бұларды жасырын түрде Ресей және өзге елдерде орналасқан платфор­малардан немесе қолдан сатып алуға мәжбүр. Кәсіпкер Асқар Б. (аты өзгер­тілді) 2022 жылы жинағын цифрлық активке салуға ұйғарады. Асқар қы­зықты ұсыныс жасаған Д.Қ. де­ген адаммен 291 мың долларға (126 миллион теңге) криптовалюта алуға келісіп, Алматыға ұшып ба­рады. Кейіннен сан соғып алданып қал­ған. Полицейлер де, істер көп­тігін алға тартып, алаяқты белсенді іздес­тіруге кіріспеген. Құқық қорғау ор­ганда­рының дерегінше, қазақ­стандықтар алаяқтарға 2022 жылы 11 миллиард теңгеге алданып қалған. Пайдакүнем майнер блэкаут тудырмайды Қазақстан халқына қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді заң­ды жолмен, АХҚО-да ресми тір­келген алаңдардан сатып алуға мүмкіндік беріледі деген үміт бар. Осы аптада, 2023 жылғы 6 ақпанда Мемлекет бас­шысы биткойн, стей­блкойн және басқасын реттейтін заңдар топта­масына: «Цифрлық активтер тура­лы» және «Кейбір заңнамалық ак­тілерге цифрлық активтер және ақ­параттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Осы саладағы жеке заң тарихта тұңғыш рет қабыл­данып отыр. Осылайша, Қазақстан крипто­нарықты реттеуге кірісті. Заңна­малық құжаттардың жаңашыл­дық­тары жетерлік. Мысалы, крип­то­ва­­люталардың түр-түрі Астана қар­жы орталығы арқылы сатыла бастайды. Майнерлер Қазақстанда өндірген криптовалютарының ба­сым бөлігін АХҚО арқылы өткізуге міндеттеледі. Саланы заңдастырудан зиян да, пайда да бар. Мысалы, 2023 жылдың соңында, төртінші тоқсанда бит­койннің кезекті халвингі күтіліп отыр. Сарапшылардың бір бөлігі содан соң оның бағасы шарықтайды деп болжаса, тағы бір бөлігі ары қарай биткойн құрып тынады деп жорамалдады. Егер шынымен бо­лашақта криптовалюталар күйресе, онда қаншама қазақстандық жи­нағынан айырылып, кедейленуі мүмкін. Бұл, әрине әлеуметтік кер­неуге түрткі. Бірақ билік бәрібір оның айналымына толық тыйым сала алмас еді. Сондықтан оны реттеп, пайда табуға ден қойылды. Нәтижесінде, 2023-2028 жылдар аралығында Қа­зақстан бюджетіне майнерлерден салық түрінде 650 миллиард теңге түсім түседі деп жоспарланған. Бұл туралы Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин жариялады. Оның байламынша, цифрлық активтер туралы жаңа заң­дарды қабылдаудан келетін эко­номикалық пайда осындай. Бұған қоса, майнингпен шұғыл­данатын компаниялар шетелден жабдықтар сатып алуға шамамен 950 млрд тең­ге жұмсайды, елде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруы мүмкін. Бұған дейін криптовалюталар өндіретін компаниялар тек электр қуатының құнын және бюджетке әр киловатт үшін 1 теңге алым төлей­тін. Енді жаңа заңдар толыққанды күшіне енген соң олардың бәрі қайта тіркеліп, арнайы лицензия алып, бюд­жетке салық төлей бас­тауы тиіс. биткойн Салаға қатысты заң­дар топта­масы (2 заңға Президент қол қойды, тағы екеуін Парламент талқылап жатыр) қолданыс еніп, бірнеше тың жаңалықты ала кел­мек. Біріншіден, өткен екі жылда Қытайдан қаптап ауған және елі­мізде қанат жайған майнинг фермалары Қазақстандағы арзан қуатты тауысып, энергети­калық тапшылық пен блэкаут ту­ғыза жаздады. Жаңа заңнамалық түзе­тулер арқасында олар бұдан бы­лай қаланың не облыстың жергі­лікті энергетикалық жүйесінің соң­ғы сөлін сорып алып, елді қуат тап­шылығының тұйығына тірей ал­май­ды. Өйткені оларға жалпы пайдаланатын энергия жүйесінен тікелей электр тұтынуға тыйым са­лынады. Олар тоқты жалпы энерге­тикалық жүйеде профицит болып, қуат артылған жағдайда ғана және тек энергия нарығының қазақ­стан­дық операторының («КОРЕМ» АҚ) биржасы арқылы сатып ала алады. Майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізі­міне сондай-ақ жаңартылатын энер­­гия, шетелден импортталған электр қуаты және өздерінің қуат генерациясы кірді. Тұтас жаңа экожүйе құрылады Екінші жаңалық: бұған дейін бассыз кеткен сала құрықталады. Цифрлық майнерлер қызметінің екі түрі ли­цен­зия­ланатын болды. Бі­ріншісі тиісті инфрақұрылымға, яғни дерек­терді өңдеу ор­талық­тарына (Data Center) иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі, екін­шісі сол орталықтардағы ұяшық­тарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері болып табылатын цифрлық майнерлер қызметі. Үшіншіден, бұрын майнинг фермалар шетелдік пулдарда тір­келді, содан Қазақстан экономи­касына ешқандай пайдасы болған жоқ. Жаңа заң аясында олардың бәрі аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуге міндеттеледі. Нәтижесінде, цифрлық майнерлер біздің рези­денттерімізге және салық төлеуші­лерімізге айналады. Салықтық база ұлғаяды. Бұл ретте келесідей салық түр­лері қарастырылған: біріншісі – цифрлық майнерлердің корпора­тив­тік табыс салығы. Ол өнімнің сыйақы ретінде алынған кездегі құнын ескере отырып есептеледі. Екіншісі – көрсеткен қызметтері үшін алынған комиссиядан май­нинг пулдың корпоративтік табыс салығы. Үшіншісі криптовалютамен операцияларды жүзеге асыру ке­зінде жеке тұлғалар үшін қосылған құн салығы. Төртіншісі кәсіпкерлік субъектілері ретінде криптобир­жалардан корпоративтік табыс са­лығы (КТС) жиналады. Түсіндіре кетер жайт: АХҚО қатысушылары қазақстандық салықтарды төлеуден босатылады. Бірақ қаржы орталығы ұсынатын КТС бойынша жеңіл­дік­тен криптобиржалар қағылады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, салық салу жүйесі «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілеріне байланысты болады. Орталық өз сайтында күнделікті деректерді жариялап тұрады, Мемлекеттік кірістер комитеті содан салық салу жүйесі үшін күнде дерек алып отырады. «Астана» қаржы орталы­ғы­ның мәліметінше, бүгінде оның экожүйесінде 8 криптобиржа тір­келген. Мұның сыртында 19 криптобиржа сонда тіркелуге ниет білдірген. Ал сала әзірге толық дер­лік көлеңкеде болғандықтан, АХҚО мамандары қазақстандықтардың қолында қанша криптоактив барын білмейді: елде ондаған миллиард доллардың криптовалютасы айна­лымда жүр деп болжанды. Кейбір бағалау бойынша 100 мыңнан 1 миллионға дейін Қазақстан аза­маты криптовактив сатып алған. Жаңа заңдар бұл сандарды нақты анық­тауға мүмкіндік береді. Тағы бір жаңалық: заңға сәйкес, Қазақстанда жұмыс істейтін май­нерлер 2024 жылдан бастап цифр­лық майнингтен тапқан табыс­та­рының, яғни криптовалюталары­ның 50 пайызын АХҚО аумағында тіркелген криптобиржаларда сатуға міндетті болады. Ал 2025 жылдан бастап бұл көлем 75 пайызға дейін артады. Бұл астаналық қаржы ор­талығының бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін жасалыпты. Қалай болғанда, көзбояушы­лыққа айналмаса, көлеңкелі эко­номиканы күнгейге шығаруға ық­пал ететін кез келген бетбұрыс қол­дауға лайық. Ел тарихында ал­ғаш қабылданған Цифрлық актив­т­ер туралы заң жаңалықтары тұр­ғысынан посткеңестік кеңістікте бірегей саналады. Ол цифрлық май­нингті құқықтық реттеуге сер­пін беріп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанда цифрлық актив­тердің тұтас экожүйесін құрады. Қазақстандықтар криптовалюта түрлерін жасырын емес, «Астана» қаржы орталығы алаңынан ашық­тан ашық сатып алып, сонда сата алады. Қазақ елі виртуалды кеңіс­тіктегі өндірістен де миллиардтап салық пен табыс табатын күн туды.