Қазақстан халқы арасында криптовалютаға деген сұраныс жоғары. Түрлі бағалау бойынша 1 миллиондай қазақстандық биткойнға, басқа да «қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерге» ие. Алайда азаматтар оларды негізінен Ресейден, алыс шетелден көлеңкелі жолдармен сатып алуға мәжбүр. Салдарынан көбі жатжұрттық алаяқтарға жем болды. Ондаған миллион ақшасын жоғалтқаны бар. Қазақстандықтарды бұл тұрғыдан да қорғау қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Парламент тарихымыздағы тұңғыш заңды қабылдап, Президент оған қол қойды. Салада енді не өзгермек?Сұраныс пен қорғаныс
Жалпы, кез келген криптовалюта – көзбояушылықтың бір түрі. Ол ешқандай құнды мүлікпен, алтынмен қамтамасыз етілмеген. Бірде-бір мемлекет оны эмиссияламайды, шығармайды, демек, өз мойнына жауапкершілік алмайды. Бұлар – тек виртуалды кеңістікте айналыста болатын, шифрмен қорғалған сандардың жай ғана жиынтығы. Бірақ әлемдегі көптеген компанияның акциялары да көзбояушылық емес пе? Кез келген күні банкрот болса, құнды қағазының көк тиын құны қалмайды. Ендеше халық тарапынан сұраныс бар екен, онда мемлекет тарапынан ұсыныс болмағанымен, ең құрығанда қорғаныс пен қолдау болғаны жөн.
«Ақпараттандыру туралы» заңның 33-1-бабына сәйкес, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің, криптовалюталардың Қазақстан аумағындағы шығарылымына және айналымына қатаң тыйым салынған. Бұл талап тек «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) таралмайды, оның биржасында биткойн және басқасын сатуға рұқсат. Алайда АХҚО әзірге криптовалюталардың саудасын толыққанды жолға қоя алмай жатыр. Соның кесірінен қазақстандықтар бұларды жасырын түрде Ресей және өзге елдерде орналасқан платформалардан немесе қолдан сатып алуға мәжбүр.
Кәсіпкер Асқар Б. (аты өзгертілді) 2022 жылы жинағын цифрлық активке салуға ұйғарады. Асқар қызықты ұсыныс жасаған Д.Қ. деген адаммен 291 мың долларға (126 миллион теңге) криптовалюта алуға келісіп, Алматыға ұшып барады. Кейіннен сан соғып алданып қалған. Полицейлер де, істер көптігін алға тартып, алаяқты белсенді іздестіруге кіріспеген. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазақстандықтар алаяқтарға 2022 жылы 11 миллиард теңгеге алданып қалған.
Пайдакүнем майнер блэкаут тудырмайды
Қазақстан халқына қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді заңды жолмен, АХҚО-да ресми тіркелген алаңдардан сатып алуға мүмкіндік беріледі деген үміт бар. Осы аптада, 2023 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысы биткойн, стейблкойн және басқасын реттейтін заңдар топтамасына: «Цифрлық активтер туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге цифрлық активтер және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Осы саладағы жеке заң тарихта тұңғыш рет қабылданып отыр.
Осылайша, Қазақстан криптонарықты реттеуге кірісті. Заңнамалық құжаттардың жаңашылдықтары жетерлік. Мысалы, криптовалюталардың түр-түрі Астана қаржы орталығы арқылы сатыла бастайды. Майнерлер Қазақстанда өндірген криптовалютарының басым бөлігін АХҚО арқылы өткізуге міндеттеледі.
Саланы заңдастырудан зиян да, пайда да бар. Мысалы, 2023 жылдың соңында, төртінші тоқсанда биткойннің кезекті халвингі күтіліп отыр. Сарапшылардың бір бөлігі содан соң оның бағасы шарықтайды деп болжаса, тағы бір бөлігі ары қарай биткойн құрып тынады деп жорамалдады. Егер шынымен болашақта криптовалюталар күйресе, онда қаншама қазақстандық жинағынан айырылып, кедейленуі мүмкін. Бұл, әрине әлеуметтік кернеуге түрткі. Бірақ билік бәрібір оның айналымына толық тыйым сала алмас еді.
Сондықтан оны реттеп, пайда табуға ден қойылды. Нәтижесінде, 2023-2028 жылдар аралығында Қазақстан бюджетіне майнерлерден салық түрінде 650 миллиард теңге түсім түседі деп жоспарланған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин жариялады. Оның байламынша, цифрлық активтер туралы жаңа заңдарды қабылдаудан келетін экономикалық пайда осындай. Бұған қоса, майнингпен шұғылданатын компаниялар шетелден жабдықтар сатып алуға шамамен 950 млрд теңге жұмсайды, елде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруы мүмкін.
Бұған дейін криптовалюталар өндіретін компаниялар тек электр қуатының құнын және бюджетке әр киловатт үшін 1 теңге алым төлейтін. Енді жаңа заңдар толыққанды күшіне енген соң олардың бәрі қайта тіркеліп, арнайы лицензия алып, бюджетке салық төлей бастауы тиіс.
Салаға қатысты заңдар топтамасы (2 заңға Президент қол қойды, тағы екеуін Парламент талқылап жатыр) қолданыс еніп, бірнеше тың жаңалықты ала келмек. Біріншіден, өткен екі жылда Қытайдан қаптап ауған және елімізде қанат жайған майнинг фермалары Қазақстандағы арзан қуатты тауысып, энергетикалық тапшылық пен блэкаут туғыза жаздады. Жаңа заңнамалық түзетулер арқасында олар бұдан былай қаланың не облыстың жергілікті энергетикалық жүйесінің соңғы сөлін сорып алып, елді қуат тапшылығының тұйығына тірей алмайды. Өйткені оларға жалпы пайдаланатын энергия жүйесінен тікелей электр тұтынуға тыйым салынады. Олар тоқты жалпы энергетикалық жүйеде профицит болып, қуат артылған жағдайда ғана және тек энергия нарығының қазақстандық операторының («КОРЕМ» АҚ) биржасы арқылы сатып ала алады. Майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізіміне сондай-ақ жаңартылатын энергия, шетелден импортталған электр қуаты және өздерінің қуат генерациясы кірді.
Тұтас жаңа экожүйе құрылады
Екінші жаңалық: бұған дейін бассыз кеткен сала құрықталады. Цифрлық майнерлер қызметінің екі түрі лицензияланатын болды. Біріншісі тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына (Data Center) иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі, екіншісі сол орталықтардағы ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері болып табылатын цифрлық майнерлер қызметі.
Үшіншіден, бұрын майнинг фермалар шетелдік пулдарда тіркелді, содан Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы болған жоқ. Жаңа заң аясында олардың бәрі аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуге міндеттеледі. Нәтижесінде, цифрлық майнерлер біздің резиденттерімізге және салық төлеушілерімізге айналады. Салықтық база ұлғаяды.
Бұл ретте келесідей салық түрлері қарастырылған: біріншісі – цифрлық майнерлердің корпоративтік табыс салығы. Ол өнімнің сыйақы ретінде алынған кездегі құнын ескере отырып есептеледі. Екіншісі – көрсеткен қызметтері үшін алынған комиссиядан майнинг пулдың корпоративтік табыс салығы. Үшіншісі криптовалютамен операцияларды жүзеге асыру кезінде жеке тұлғалар үшін қосылған құн салығы. Төртіншісі кәсіпкерлік субъектілері ретінде криптобиржалардан корпоративтік табыс салығы (КТС) жиналады. Түсіндіре кетер жайт: АХҚО қатысушылары қазақстандық салықтарды төлеуден босатылады. Бірақ қаржы орталығы ұсынатын КТС бойынша жеңілдіктен криптобиржалар қағылады.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, салық салу жүйесі «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілеріне байланысты болады. Орталық өз сайтында күнделікті деректерді жариялап тұрады, Мемлекеттік кірістер комитеті содан салық салу жүйесі үшін күнде дерек алып отырады.
«Астана» қаржы орталығының мәліметінше, бүгінде оның экожүйесінде 8 криптобиржа тіркелген. Мұның сыртында 19 криптобиржа сонда тіркелуге ниет білдірген. Ал сала әзірге толық дерлік көлеңкеде болғандықтан, АХҚО мамандары қазақстандықтардың қолында қанша криптоактив барын білмейді: елде ондаған миллиард доллардың криптовалютасы айналымда жүр деп болжанды. Кейбір бағалау бойынша 100 мыңнан 1 миллионға дейін Қазақстан азаматы криптовактив сатып алған. Жаңа заңдар бұл сандарды нақты анықтауға мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңалық: заңға сәйкес, Қазақстанда жұмыс істейтін майнерлер 2024 жылдан бастап цифрлық майнингтен тапқан табыстарының, яғни криптовалюталарының 50 пайызын АХҚО аумағында тіркелген криптобиржаларда сатуға міндетті болады. Ал 2025 жылдан бастап бұл көлем 75 пайызға дейін артады. Бұл астаналық қаржы орталығының бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін жасалыпты.
Қалай болғанда, көзбояушылыққа айналмаса, көлеңкелі экономиканы күнгейге шығаруға ықпал ететін кез келген бетбұрыс қолдауға лайық. Ел тарихында алғаш қабылданған Цифрлық активтер туралы заң жаңалықтары тұрғысынан посткеңестік кеңістікте бірегей саналады. Ол цифрлық майнингті құқықтық реттеуге серпін беріп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанда цифрлық активтердің тұтас экожүйесін құрады. Қазақстандықтар криптовалюта түрлерін жасырын емес, «Астана» қаржы орталығы алаңынан ашықтан ашық сатып алып, сонда сата алады. Қазақ елі виртуалды кеңістіктегі өндірістен де миллиардтап салық пен табыс табатын күн туды.