«Бұл мәселе шешімін таппай тұр. Қызылорда қаласының жаңадан бой көтерген сол жағалау шағын ауданында тұрамын. Қаланың ескі бөлігін айтпағанда, біз тұратын ауданның өзінде жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі жоқ. Ең болмаса, соңғы үлгіде салынып жатқан сол жағалауға суағар салуды қаперге алмағанын түсіне алмай жүрміз. Бір күн жауған жаңбырдан көшелер көктайғақ болса, артынша мұз еріп, көлшікке айналды. Арнайы техникамен суды сорып, жолдарды мұздан тазалап әбігерге түсіп жатыр. Бұр бірінші рет болып тұрған жоқ. Жылда қайталанатын жағдай. Сонда үш күн жауын жауса не боларын бағамдай беруге болады. Дарияның жағасында отырмыз. Осы қар мен жаңбырдың суына арнайы суағар жасап, дарияға бағыттаса мұндай келеңсіздік орын алмас еді. Ең бастысы, қауіпсіздік шараларын сақтап, қандай жағдайға да қамсыз болмау керек деп ойлаймын», – дейді қала тұрғыны Марал Сәрсенова.Тұрғындардың пікірінше, қала көшелерінде жобалау жұмыстары жасалғанда жаңбыр суын лотоктарға ағызу, суағар салу мәселесі қарастырылмаған. Соның салдарынан осындай жағдай болуда.
«Жауаптылардың есіне бұл мәселе тек жаңбыр жауып, көшелерді су басқанда түсетін сияқты. Кей қалаларда жол жиегіне темір қоршау қойып, жаңбыр мен қар суын арыққа ағызып жіберуге жағдай жасалғанын көріп жүрміз. Бізде ондай да жоқ. Соның салдарынан жауыннан кейін көшелер көлшікке айналып, әбігерге салады. Ең болмаса, автобус аялдамаларына суағар жасап қою керек. Осы суағар арқылы жаңбыр суын арықтарға жіберсек, жол жиегіндегі талдарға да су барар еді», – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.Қоғам белсендісі жол жиегіндегі суды арыққа ағызып жіберу үшін қыруар қаржы да қажет емес екенін алға тартады. Алайда бұл мәселе жауапты мекемелердің жаңбыр жауып, қар ерігенде ғана есіне түседі. Сондықтан да жол салу мен жобалау жұмыстары жүргізілгенде жаңбыр суы кәріз жүйесін салу қаперде болу керек деп есептейді. Өз кезегінде ағын судың азабын тартқан тұрғындардың мәселесін шешудің жолын жауаптылардан сұрап көрдік.
«Негізінен, облыста жол мәселесі назарда. Жол салу мен жөндеу жұмыстарының қарқыны томендемейді. Осы бағытта 2023 жылы да атқарылатын жұмыстар ауқымды. Атап айтсақ, осы жылы жол ифрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 29,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оған ұзындығы 526 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Соған орай жол құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары барысында суағар орнату мәселесі ескеріледі. Орташа жөндеу болса, тек жол жабындысы ауыстырылады», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұртай Қуанышбаев.Қорыта айтқанда, облыс аумағында жаңбыр суына арналған кәріз жүйесінің нақты қашан жолға қойылатыны беймәлім. Ал жауаптылардан әзірге суағар орнату мәселесі алдағы күн еншісінде ескерілетінін ғана біле алдық.
Қызылорда облысы