Апат айтып келмейді
Апат айтып келмейді
1,081
оқылды
Бауырлас Түркия еліндегі қай­ғылы жағдай күллі әлемнің на­зарында. Зілзаладан құрбан бол­ғандар мен жарақат алғандар саны да уақыт өткен сайын өсіп жатыр. Осындай да қазіргідей технология қарыштап дамыған заманда «Ана­долыдағы ағайынның басына түс­кен жағдайды алдын ала болжауға болмас па еді?» деген де ой келеді. Оған қоса кей өңірі сейсмикалық белдеуде тұрған біздің елде де жер сілкінісі жиі тіркеліп жатады. Де­мек, «Қамданғанның қапы қалмай­тынын» қайта еске түсіретін сәт бұл. Сеймолог ғалымдарының айтуынша, жер сілкінісінің уақыты мен қуатын нақ­ты болжау мүмкін емес.
 «Мұндай апат­ты тек Түркияда ғана емес, бүкіл әлем­де болжау өте қиын. Әсіресе, қыс­қамерзімді нақты болжам жасау мүмкін емес. Тұ­тас­тай алғанда, бұл – бүкіл әлемде әлі ше­ші­мін таппаған мәселе. Қазір әлем ғалымдары «Түркияда жер сілкінісі жа­қын күндері қайталануы мүмкін бе?» де­ген сауалды талқылап жатыр», – дейді Тө­тен­ше жағдайлар министрлігі Сейсмо­ло­гия институты директорының ғылым жө­­нін­­дегі орын­басары Нұрсәрсен Өзбеков.
Маманның айтуынша, еліміздің өнер­кәсіптік әлеуетінің 40 пайызы оңтүстік-шығыс аймақтарда орналасқан. Сондықтан бұл аймақтар сейсмикалық белсенді саналады. Сәйкесінше, қауіп басым. Қазақстандық сейсмологтар елі­міздегі сейсмикалық қауіптілік бойынша тұ­рақты түрде жұмыс істейді. Қазір бұл ба­ғытта арнайы карталар әзірленіп жатыр. Аталған картада сейсмикалық қауіпті, аймақтардың сейсмикалық әлеуе­тінің көрсеткіші көрсетіледі. Сейсмология институты берген мә­лімет бойынша, соңғы бес жылда Қа­зақстан аумағында 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген екен. Тек өткен жыл­дың өзінде 6900 түрлі деңгейдегі жерасты дүмпуі болған. Институт мамандары өз тілінде бұл оқиғаларды геологиялық аймақтың сейсмикалық фоны немесе сейсмикалық өмірі деп айтады. Осы 5 жыл ішіндегі жерасты дүмпулерінің 66-сін тұрғындар кәдімгідей сезген. Оның ішіндегі соңғысы Алматыда 2022 жылдың 28 желтоқсанында болды. Эпицентрі Алматыдан 190 шақырым жерде Қырғыз Републикасы мен Қы­таймен шекаралас жерде тіркелді. Магнитудасы шамамен 3-4 балл болды. Жойқын жер сілкінісі болмайды Елдегі сейсмологиялық жағдайды ба­қылауда ұстап отыру мақсатында Сейс­мология институты қызметкерлері әр­түрлі өзектілік бойынша болжамды баға­лаулар жасайды. Олар жағдайға қатысты орта және қысқамерзімді бол­жамдар болып бөлінеді.
«Бірер күн бұрын біз Алматы поли­гоны аумағындағы жер сілкінісінің ор­таша мерзімді болжамы бойынша қоры­тынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тап­­сырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында 7 балдық күшті жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-зерттеулер бойынша, елі­міз бойынша апта сайынғы қыс­қа­мерзімді қорытынды жасалады. Аталған қоры­тынды 200-ден астам бол­жамдық пара­метрді талдау негізінде құрас­тырылады. Сонымен қатар Алматы қаласы бо­йын­ша сейсмикалық микроаймақ­тан­дыру картасы әзірленді. Тарихқа үңілсек, бұрын бұл аймақта күшті жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған. Мә­селен, 1887 жылғы Верный жер сілкінісі және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады», – дейді сейсмолог ғалым Нұрсәрсен Болатайұлы.
Қаупі жоғары нысандар бар Шындап келгенде, Алматы қаласы­ның сейсмикалық қауіптілігі жоғары. Бұл мә­селе бойынша құрылыс нормаларын қатаңдату әрдайым айтылып келе жат­қанымен оны жауаптылар ескере бер­мейтіндей. Әсіресе, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстарына рұқсат беруде дәл осы фактордың көзден таса қалып жатқаны өкінішті-ақ. Бұл жайлы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты берген соңғы мәлімет үрейімізді үдете түседі. Институт басшысының сөзінше, оңтүстік астанадағы әлеуметтік нысандардың биіктігіне қатысты біршама өзгерістер енгізілген көрінеді.
 «Алматы қаласы 9-10 балдық сейс­микалық қауіпте орналасқан. Соңғы өз­герістерге келетін болсақ, әлемдегі жаңа техно­логияларды ескере отырып, қала­дағы бірқатар нормативтік құжатқа өз­герістер енгіздік. Осыған дейін қала­ның әлеуметтік нысандары бойынша 2-3 қа­баттан артық ғимарат салуға рұқсат беріл­мейтін. Қайта талдау, ғылыми жұ­мыс­тарынан кейін біз оны 5 қабатқа дейін салуға болады деген шешім шы­ғардық. Бұл тек 9 балдық сейс­микалық аймақтарға қатысты. Ал 10 бал­дық жер сілкінісі бо­латын аймақ деп бол­жанатын жерлерде әлеуметтік нысандарды 3 қа­баттан асы­руға болмайды», – дейді Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жо­балау институтының бас дирек­торы Бегман Құлбаев.
Расында, қаладағы 70 жылдай бұрын қаланған ескі үйлер алматылықтардың бас ауруына айналғалы қашан?!. Ма­мандар кешегі Түркиядағы жағдайдан кейін жергілікті халық «хрушевка» атап кеткен сарғыш үйлерді сүру мәселесі бірінші кезекке шығуы керектігін айтады. Себебі бұл ескі ғимараттар 7-8 балл түгілі 2-3 балдық сілкіністеріне де шыдамайтын көрінеді. Сондай-ақ қаладағы құрылысқа түпкілікті мониторинг жүргізу мәселесі де шешілмеген.
«Қаладағы құрылыс нысандарына түпкілікті мониторинг жүргізіліп жатқан жоқ. Оны меншік иелері, ұйымдар жүр­гізуі тиіс. Біздің институт соңғы екі жылда 11 мыңға жуық нысанның сейсми­калық жағ­дайын тексерді. Арнайы дербес нор­мативтік құжаттар қабылданаған. Солар қатаң сақталуы тиіс. Өкінішке қарай, тексерістен өткен 11 мыңнан астам үйдің 35 пайызы сейсмикалық тұрғыдан жарам­сыз деп танылды. Олар­дың барлығы ір­гетасын қатайту сияқты қайта жөндеу жұмыстарын талап етеді. Алдағы уақытта осындай тексеріп зерттеу шараларын қол­ға алып жал­ғастыру керек деп санай­мын. Ал «хру­щевка» саналатын үйлер толық бұзылуы тиіс», – деді Бегман Құлбаев.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2021 жылы сейсмикалық микро­ау­дандастырудың жаңа картасы бекі­тілгенін айтты. Онда қала құрылысындағы барлық кемшілік ескерілді.
«Қаладағы біздің басымдылығы­мыз – қажетті ғимараттарды сейсмикалық күшейту. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасады. Бұл шешімдер қазір емес, ондаған жыл бұрын қабылданған. Осы жылдың екінші жартысы мен келесі жылы біз қаланың жаңа сейсмикалық аудитін бастаймыз. Өздеріңіз біле­сіздер, Алматыда 2020-2021 жылдары жаңа тектоникалық бұзылыстар пайда болды. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті сейсмикалық талаптар ес­керілген. Қаланың сейсмикалық зондтауы есепке алынбайтын бірде-бір жер жоқ, – деп мәлімдеді Ерболат Досаев.
  P.S

Қорыта келгенде, сақтанғанды сақ­тай­тынын ұмытпауымыз керек. Ма­ман­дар апаттың ауылы алыс екеніне сен­діреді. Сонда да болса қолда бар барлық мүм­кін­дікті пайдалана отырып, алдын алу мен сақтық шараларын кү­шейткеніміз жөн секілді.

Алматы қаласы