«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» атты әдеби байқауы болды.
– Абай – қоғамға шамшырақ. Дала данышпанының шығармалары осыдан бір ғасыр бұрын жазылса да оның мәні мен маңызы, тағылымы мен тәлімі әлі күнге дейін өте өзекті. Міне, сонысымен де ол құнды, баға жетпес қазына. Бізде өткен әдеби байқауда Құнанбайұлының асыл мұралары кеңінен насихатталып, жас ақындар арасында жыр сайысы да ұйымдастырылды. Сонымен қатар ұлттық ойынымыздың бірі – тоғызқұмалақтан жарыс өтті, – дейді ұйымдастырушылар.
Дала данышпанының мерейтойына орай ұйымдастырылған сайыста «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққандар «Алғысхатпен» марапатталды. Ал әділқазылар алқасының қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет, Ғылыми кітапхана директоры Бақытжамал Бағашарова және өзге де азаматтар болды.
Университеттің ғылыми кітапханасында өткен тағылымды шараның маңызы зор. Себебі кеш барысында ұйымдастырылған сайыс пен абайтанушы ғалымдардың әсерлі әңгімелерінің өскелең ұрпаққа берері мол. Осы шара аясында Қыздар университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері адамзаттың ақылманына айналған кемеңгердің өміршең өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқудан өзара үздікті анықтап, әсерлі әндерін нақышына келтіре орындады.
Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ