Мұнай-газ кен орындарын ашқан ғалым Орал Ақшолақов өмірден өтті
Мұнай-газ кен орындарын ашқан ғалым Орал Ақшолақов өмірден өтті
Фото: and.kz
823
оқылды
Қазақстанда геологиялық барлаудың негізін қалаушылардың бірі, профессор  Орал Ақшолақов 86 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі растады. Орал Ақшолақовтың ұлы Болат Ақшолақов – қазір Қазақстанның Энергетика министрі. Орал Ақшолақов 1936 жылы қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. 1958 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын геолог мамандығы бойынша бітірген. Ғалым, Қазақстанда геологиялық барлаудың негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы минералды ресурстар академиясының толық мүшесі. Еңбек жолын Гурьев ірі аумақтық мұнай барлау экспедициясының Батыс Қазақстан геологиялық басқармасында коллектор, геолог, аға геолог, техникалық басшы және бөлімінің басшысы болып бастаған. Әр жылдары Қазақ геологиялық барлау және мұнай ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, Балықшы мұнай барлау экспедициясының басшысы болған. Батыс Қазақстан экспедициясының басшысы, Алматы геофизикалық экспедициясының бас геологы, партия басшысы, «Қазгеофизика» ӨГБ геологиялық бөлімінің бастығы, ҚР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің Мұнай және газ бас басқармасының басшысы (1992-1994) қызметін атқарған. Сонымен бірге, Орал Ақшолақов «Казгоснедра» минералды ресурстар бас басқармасы басшысының орынбасары, «Степной леопард» БК бас директоры, «Тау-кен-экономикалық консалтинг» ЖШС бас маманы, «Центроконсалтинг» ЖШС директоры қызметін атқарды, Н.А. Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының құрылтайшысы, қамқоршылық кеңесінің мүшесі болды. Ол 170-тен астам жарияланған және қолжазба ғылыми еңбектің, Қазақстанның мұнай энциклопедиясының, екі басылымның авторы. Бірқатар мұнай және газ кен орындарын – Прорва, Мартыши, Қамышитовый, Жаңажол, Жетібай, Өзен, Тасболат, Кеңқияқ, Өріктау, Қарашығанақ және т.б. ашқан.