Парламентаралық форумды қорытындылады
Парламентаралық форумды қорытындылады
324
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Палата­ның Бюро отырысын өткізді. Онда Сенаттың 2023 жылғы 16 ақпанда өтетін кезекті оты­рысы­ның күн тәртібі бекітілді. Бюро отырысында Сенат Төрағасы Түркістан қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумын қорытындылады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, форумға қатысқан елдердің делегация басшылары іс-шара ұйымдас­тырушылық және мазмұндық жағынан жоғары деңгейде болғанын атап өткен. Сондай-ақ қатысу­шылар жаңа алаң өңірдегі елдердің парламентаралық ынтымақтастығын нығайтуға өз ықпалын тигізе­тініне сенім білдірді. Алдағы Сенат отырысында депутаттар бірқатар заңды қарайды. Күн тәртібіне шығарылған «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заң отандық өнімдерді Еуразия­лық экономикалық одақ елдерінің нарығына шығаруды көздейді. Сондай-ақ келісім өнімнің ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тануға бағытталған. Сонымен қатар сенаторлар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» заңды қарайды. Хаттаманы ратификациялау екі ел ара­сында тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтастықты дамытуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға арналған келісілген шекара саясатын жүргізуге мүмкіндік береді