Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік ұлттық табиғат паркін құру туралы ұсыныс жасап отыр. Олардың айтып отырғаны – Шалқар-Имантау курорттық аймағына қатысты. Бүгінде бұл демалыс орны Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқанымен, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің құрамына кіреді. Ендеше төленген салық та көршілес өңірдің қазынасына құйылады. Жергілікті кәсіпкерлер мұнымен келісер емес. Көлдердің саны бойынша Солтүстік Қазақстан облысы елімізде бірінші орынға, ал орман көлемі жағынан екінші орынға жайғасқан. Ендеше өңір туризмді дамытуға қолайлы. Дейтұрғанмен, бұл сала тұралап тұр. Бұған не себеп? Солтүстік Қазақстан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің отырысында осы саланың бірқатар келелі мәселелері талқыланды. Шалқар-Имантау курорттық аймағы 2018 жылдан бастап туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, туризмді дамытудың ең перспективалы топ-10 аймағының қатарында. Соған қарамастан, «Көкшетау» ұлттық паркі негізінен Зерендіні дамытуға ғана көбірек назар аударады. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің пікірі осындай. Белгілі болғанындай, Петропавл қаласынан небәрі 15 шақырым, ал Көкшетаудан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Согров қорығы да «Көкшетау» ұлттық паркіне қарайды екен.
«Неліктен «Көкшетау» ұлттық паркі? Өзіміздің ұлттық паркімізді құру қолымыздан келмей ме? Біздің барлық салығымыз Ақмола облысына кетіп жатыр. Ал түйінді мәселелер шешімін табар емес. Мәселен, жолдар жөнделмейді. Өйткені жол – ұлттық парктің қарамағында. Олар бұл мәселелерді шешу үшін шырпы басын сындырар емес. «Көкшетау» ұлттық паркі біздің курорттық аймаққа келгенде қалдық қағидатын қолданатынын, көбінесе Зерендіге көп қаржы жұмсайтынын бәріміз де көріп жүрміз», – дейді Айыртау ауданындағы «Досуговый центр» ЖШС-і директоры Виктор Надъярный.Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов шынымен де жол сапасына байланысты қиындық бар екенін растады.
«Биыл бізге әзірге бір жолды жөндеуге қаржы бөлінді, бұл – Ақмола облысының шекарасы-нан Лобанов ауылына дейін 11 шақырым жол. Ал қалғандары бойынша жобалық-сметалық құжаттама бар, Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Енді республикалық бюджет комиссиясының отырысын күтеміз. Салыққа келетін болсақ, ұлттық парк екі өңірге: Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінгенін бәрі біледі. Оның үстіне, Қызылжар ауданындағы Согров қорығы да «Көкшетау» ұлттық паркінің құрамына тіпті кіреді, бұл Көкшетаудан 200 шақырым қашықтықа орналасқан. Жеке ұлттық парк құру туралы мәселе Экология министрлігінде шешілуі тиіс», – деп жауап берді Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов.Сондай-ақ бұл демалыс аймағында электр жарығын, байланыс және интернет тартуға байланысты қиындық шаш-етектен. Бұл мәселені оң шешуге бір жағынан қалдық қағидаты бөгет жасаса, екіншіден, Экология және Мәдениет жән спорт министрліктеріне байланысты.
«Мен 2020 жылы Имантау-Шалқар курорттық аймағында квадроцикл мен велосипедтерді жалға беру жұмысын ұйымдастыру жөніндегі грантты жеңіп алған болатынмын. «Көкшетау» ұлттық паркінің жоспары бойынша Имантау курорттық аймағында велосипед және жаяу жүргіншілер жолдарын салу көзделген-тін. 2023 жыл басталса да, әлі күнге дейін ешқандай қозғалыс жоқ. Бұл мәселені шешу жолдары бар ма?» – деп сұрады кәсіпкер Әсем Адамова. Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов мырза бұл жұмыс шынымен де тым созылып кеткенін мойындады. Оның түсіндіруінше, бар гәп – Экология министрлігінде. Ондағылар осы уақытқа дейін инфрақұрылым тартуға рұқсат бермепті. «Қазір бұл мәселе шешілуде», – деп сендірді ол.Кеңесте көтерілген тағы бір мәселе – солтүстікқазақстандықтардың сүйікті мерекелерін қайтару. Солтүстік Қазақстан облыстық рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы «Мөңке күні» мерекесі мен KYMYZFEST фестивалін қайта жандандыру туралы ұсыныс жасады. Пандемияға дейін бұл екі мейрам Петропавл қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын. Кеңесте көтерілген барлық мәселелер өңірлік және республикалық деңгейде қарастырылатын болды.
Солтүстік Қазақстан облысы