Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте айдың-күннің аманында болған төтенше жағдайдың салдарынан үш бала жарақаттанды. Таңғы сағат 7.50-де 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала кірген. 2-қабатқа көтеріліп, дәретханада басқа киім мен бетперде киіп шыққан да, балтасын оңды-солды сілтеп, дәлізде кездескен 9 және 10-сыныптардың үш оқушысын: бір қыз бен екі ер баланы жаралаған. Зардап шеккен балалардың біреуі қан жоса күйінде бірінші қабатқа жүгіріп түскен. Қазір екі бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде. Тағы біреуіне сол жерде медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Алдын ала диагноздары – бас және дене жарақаты.
Облыстық прокуратураның алдын ала мәліметі бойынша, оқушыларға пышақ ала жүгірген бала психологиялық есепте тұрған. Былтыр 2 қыркүйек пен 24 қараша аралығында психдиспансерде емделген екен. Екінші тоқсанның орта кезінен бастап оқуға кіріскен.
Бұл жайт солтүстікқазақстандықтар арасында біраз дүрбелең туғызды. Ата-аналардың басым бөлігі психикалық ауытқушылығы бар балаларды арнайы мектептерде оқытқан дұрыс деп санайды. Олардың көпшілігі қазіргі инклюзивтік білім беруге қарсылық білдіруде.
Мәселен, қызылжарлық Наталья Буянова: «Қазір ауру балалар сау балалармен бірге оқиды. Керемет деген мемлекеттік бағдарламаның сиқы осы. Мұны кім ойлап тапқан? Тірек-қимыл аппараты зақымданған немесе басқа ауруға шалдыққан балалар оқи берсін, оған еш қарсылығым жоқ. Бірақ ақыл-есі кем, психикалық ауытқушылыққа ұшыраған балалар бөлек оқуы тиіс деп санаймын. Неліктен біз өз балаларымыздың басын қатерге тігуіміз керек?» – дейді.
Күдіктінің жүйке аурулары диспансерінде есепте тұрған-тұрмағаны туралы Білім басқармасы ештеңе айтпады. «Бізде ондай ақпарат жоқ. Мұндай мәліметтер медициналық құпия, оны тарата алмаймыз», – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
ҮРЕЙ ҚҰШАҒЫНДА
Зәрезап болған ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Себебі осындай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Әсіресе, оқиға болған №4 мектептегі балалар үрей құшағында. Қанды қырғынды өз көзімен көрген оқушылар әлі тыныштала алар емес. Қыздар жылап-еңіреп жүр. Екінші ауысымда оқитын балалар қашықтан оқуға ауыстырылды. Ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартуда, басқа мектепке ауыстырғысы келіп отырғандар да бар. Қанды оқиғаның куәгері болған қыз бала басына бетперде киген ер бала дәлізге шығып, қолындағы балтасын оңды-солды сермей бастағанын айтады. «Бір баланың жүрек тұсына балта шаппақшы болды. Абырой болғанда, ол қолымен жүрегін жауып үлгерді. Қыз балаға балта сермеп, қатты жаралады. Ол қыз көп қан жоғалтты», – дейді оқушы. Оқыс оқиғаны өз көзімен көрген оқушылар қатты күйзелісте.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметі бойынша, таңертең «Жедел жәрдем» көлігімен балалар ауруханасына әртүрлі жарақатпен үш бала жеткізілген. «Олардың біреуіне қабылдау бөлмесінде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем тағайындалды. Екі баланың жарақатына хирургиялық өңдеу жасалып, диагностикалық шаралар жасалды. Қазір екі баланың жағдайы бірқалыпты, науқастар жансақтау бөлімінде», – делінген басқарманың хабарламасында.
ОЙЫННЫҢ САЛДАРЫ МА?
Ата-аналардың чаттары мен Telegram арналарда, әлеуметтік желілерде бетперде, балта мен пышақтың, қан жоса бинттің, тіпті шабуыл жасаған баланың суреті мен әртүрлі қауесет тез тарап үлгерді. Өкінішке қарай, құзырлы органдар ресми брифинг болмайтынын мәлімдеді. Облыстық прокуратура ғана ресми құрғақ ақпарат таратты.
Мектеп директоры Ғафура Бөстековамен хабарласудың сәті түспеді. Ұзынқұлақтан белгілі болғанындай, ол жүрек талмасымен ауруханаға түскен көрінеді. Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Алмагүл Қасымованың айтуынша, шабуыл жасамас бұрын оқушы өзін жайбарақат ұстаған.
Ата-аналар чаттарында бұл «Лесоруб» атты ойынның салдары болуы мүмкін деген ақпарат қаулап жүр. Оның шарттары бойынша, қысқа ғана уақыт ішінде барынша көп адамды жаралап үлгеру қажет. Ата-аналар мұндай ойындар бірден бұғатталуы тиіс деген ұсыныс жасауда. «Адамдар түрлі митинг, демонстрацияға шыққан кезде билік басындағылар байланысты да, интернетті де күрт тоқтатуға мүмкіндік табады. Ал осындай есалаң ойындар неліктен бұғатталмайды? Бәзбіреулер осындай жасөспірімдердің қолымен балаларға әдейі шабуыл жасап отырған сияқты», – дейді Олег Рыбин.
Тіпті, ойыншылардың Telegram арнасынан жасалған скриншот та тарады. Онда: «Бүгін мектептерде жаһандық әзілдер болады. №4 мектеп және басқалар, күтіңіздер», – деп жазылыпты. Бірақ облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мұны фейк деп жоққа шығарды.
МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КҮЗЕТ КЕРЕК
Ата-аналар сонымен қатар мектептерде арнайы күзеттің жоғына алаңдаулы. Кіреберісте отыратын егде жастағы әйелдер ештеңеге қауқарсыз. Қазір барлық дерлік мектептердегі жағдай осындай.
«Оқушылар қауіпті заттарды мектепке алып кірмес үшін алдын ала тексерілуі тиіс. Кіреберіске темір іздегіш орнатылсын. Вахтада кемпір-сампыр немесе полиция зейнеткерлері емес, мамандандырылған күзет агенттіктерінің қызметкерлері отырсын. Түрлі даңғаза шаралар өткізгенше, бюджеттің қаржысы балалардың қауіпсіздігіне жұмсалсын», – дейді екі қыздың әкесі, жергілікті блогер Закиржан Мамлютов.
ҰБТ тапсырарда барлық түлектің өне бойы темір іздегішпен тексерілетінін де айтып жатқандар баршылық. «Оқушы көшіріп алып, жоғары оқу орнына түсіп кете ме деп қорқады. Ал мектепте не болып, не қойып жатқаны ешкімді қызықтырмайды», – дейді Ольга Сычева.
Оқыс оқиғадан соң Оқу-ағарту министрлігі барлық мектептегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексеріс жүргізілетінін хабарлады. Мұны «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деп бағалаушылар бар. Бұған дейін де бұл мәселе талай рет көтерілгенде оған құлақ асқан ешкім болмап еді.
Айта кету керек, 6 ақпан күні жоспарлы брифинг өткізген облыстық Білім басқармасының басшысы Назыр Жәшібеков: «Бүгінде барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. 2022 жылы ұйымдарды дабыл түймелерімен қамтамасыз ету және жедел басқару орталығына қосу бойынша жұмыс жүргізілді. Осы мақсаттарға 105 млн теңге бағытталды. Биыл 100 млн теңге бөлінді. Петропавл қаласының барлық мектебін мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», – деп есеп берген болатын.
№4 орта мектепке де бейнебақылау орнатылған екен. Бірақ бұл жайт суық қаруды білім ошағына алып кіруге бөгет бола алмаған. Тіпті, ол жедел басқару орталығына қосылмаған да болуы мүмкін деушілер бар. Арнайы мамандандырылған күзет жоқ. «Оқушылардың сөмкелерін ешкім тексере алмайды, ондай құқық жоқ», – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Нәзір Азаматұлы.
Ата-аналардың ат төбеліндей ғана бөлігі мұндай шаралардан қайыр боларына күмән келтіреді. Олардың пікірінше, ең қажеті – балаларға дұрыс тәрбие беру. «Ешқандай күзет те, бейнекамера да көмектеспейді. Мұғалімдер де, ата-аналар да бала тәрбиесімен айналысуы тиіс. Балалармен әңгімелесу керек, не істеп, не қойғанынан хабардар болу керек. Қазір рейтинг, сор, соч қуыну ғана бар. Бұл оқиға не себепті болғанын ешкім білмейді. Мүмкін күдікті буллингке ұшыраған шығар?» – дейді петропавлдық Людмила Калина.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желілердегі өз парақшасында: «Оқыс оқиғаға қатысты арнайы комиссия өз жұмысын бастады. Жан-жақты тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп жазды.
Роза ШӘКЕНҚЫЗЫ,
Солтүстік Қазақстан облысы