Мектептегі шабуыл
Мектептегі шабуыл
482
оқылды
Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте айдың-күннің ама­нында болған төтенше жағдайдың салдарынан үш бала жарақаттанды. Таңғы сағат 7.50-де 9-сынып оқу­шысы мектепке балта мен пышақ ала кірген. 2-қабатқа көтеріліп, дә­ретханада басқа киім мен бетперде киіп шыққан да, балтасын оңды-солды сілтеп, дәлізде кездескен 9 және 10-сыныптардың үш оқушы­сын: бір қыз бен екі ер баланы жара­лаған. Зардап шеккен балалардың біреуі қан жоса күйінде бірінші қа­батқа жүгіріп түскен. Қазір екі бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде. Тағы біреуіне сол жерде медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Алдын ала диагноздары – бас және дене жарақаты. Облыстық прокуратураның алдын ала мәліметі бойынша, оқушыларға пышақ ала жүгірген бала психологиялық есепте тұрған. Былтыр 2 қыркүйек пен 24 қараша аралығында психдиспансерде емделген екен. Екінші тоқсанның орта кезінен бастап оқуға кіріскен. Бұл жайт солтүстікқазақстандықтар арасында біраз дүрбелең туғызды. Ата-аналардың басым бөлігі психикалық ауытқушылығы бар балаларды арнайы мектептерде оқытқан дұрыс деп санайды. Олардың көпшілігі қазіргі инклюзивтік білім беруге қарсылық білдіруде. Мәселен, қызылжарлық Наталья Буянова: «Қазір ауру балалар сау бала­лармен бірге оқиды. Керемет деген мем­лекеттік бағдарламаның сиқы осы. Мұны кім ойлап тапқан? Тірек-қимыл аппараты зақымданған немесе басқа ауруға шал­дыққан балалар оқи берсін, оған еш қар­сылығым жоқ. Бірақ ақыл-есі кем, психи­калық ауытқушылыққа ұшыраған балалар бөлек оқуы тиіс деп санаймын. Неліктен біз өз балаларымыздың басын қатерге тігуіміз керек?» – дейді. Күдіктінің жүйке аурулары диспан­серінде есепте тұрған-тұрмағаны туралы Білім басқармасы ештеңе айтпады. «Бізде ондай ақпарат жоқ. Мұндай мәліметтер медициналық құпия, оны тарата алмай­мыз», – деді облыстық Білім басқар­масының басшысы Нәзір Жәшібеков. ҮРЕЙ ҚҰШАҒЫНДА Зәрезап болған ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Себебі осындай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Әсіресе, оқиға болған №4 мек­теп­тегі балалар үрей құшағында. Қанды қыр­ғынды өз көзімен көрген оқушылар әлі тыныштала алар емес. Қыздар жылап-еңіреп жүр. Екінші ауысымда оқитын балалар қашықтан оқуға ауыстырылды. Ата-аналар балаларын мектепке жіберу­ден бас тартуда, басқа мектепке ауыстыр­ғысы келіп отырғандар да бар. Қанды оқиғаның куәгері болған қыз бала басына бетперде киген ер бала дәлізге шығып, қолындағы балтасын оңды-солды сермей бастағанын айтады. «Бір баланың жүрек тұсына балта шаппақшы болды. Абырой болғанда, ол қолымен жүрегін жауып үлгерді. Қыз балаға балта сермеп, қатты жаралады. Ол қыз көп қан жоғалтты», – дейді оқушы. Оқыс оқиғаны өз көзімен көрген оқушылар қатты күйзелісте. Облыстық Денсаулық сақтау басқар­масының ресми мәліметі бойынша, таңертең «Жедел жәрдем» көлігімен балалар ауруханасына әртүрлі жарақатпен үш бала жеткізілген. «Олардың біреуіне қабылдау бөлмесінде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем та­ғайындалды. Екі баланың жарақатына хирургиялық өңдеу жасалып, диагности­калық шаралар жасалды. Қазір екі ба­ланың жағдайы бірқалыпты, науқастар жансақтау бөлімінде», – делінген басқар­маның хабарламасында. ОЙЫННЫҢ САЛДАРЫ МА? Ата-аналардың чаттары мен Telegram арналарда, әлеуметтік желілерде бет­перде, балта мен пышақтың, қан жоса бинттің, тіпті шабуыл жасаған баланың суреті мен әртүрлі қауесет тез тарап үл­герді. Өкінішке қарай, құзырлы органдар ресми брифинг болмайтынын мәлімдеді. Облыстық прокуратура ғана ресми құрғақ ақпарат таратты. Мектеп директоры Ғафура Бөстеко­ва­мен хабарласудың сәті түспеді. Ұзын­құлақтан белгілі болғанындай, ол жүрек талмасымен ауруханаға түскен көрінеді. Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Алмагүл Қасымованың айтуынша, ша­буыл жасамас бұрын оқушы өзін жайба­рақат ұстаған. Ата-аналар чаттарында бұл «Лесоруб» атты ойынның салдары болуы мүмкін деген ақпарат қаулап жүр. Оның шарттары бойынша, қысқа ғана уақыт ішінде ба­рынша көп адамды жаралап үлгеру қажет. Ата-аналар мұндай ойындар бірден бұғатталуы тиіс деген ұсыныс жасауда. «Адам­дар түрлі митинг, демонстрацияға шық­қан кезде билік басындағылар бай­ланысты да, интернетті де күрт тоқтатуға мүмкіндік табады. Ал осындай есалаң ойындар неліктен бұғатталмайды? Бәз­біреу­лер осындай жасөспірімдердің қо­лымен балаларға әдейі шабуыл жасап отырған сияқты», – дейді Олег Рыбин. Тіпті, ойыншылардың Telegram ар­насынан жасалған скриншот та тарады. Онда: «Бүгін мектептерде жаһандық әзілдер болады. №4 мектеп және бас­қалар, күтіңіздер», – деп жазылыпты. Бірақ облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мұны фейк деп жоққа шығарды. МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КҮЗЕТ КЕРЕК Ата-аналар сонымен қатар мектеп­терде арнайы күзеттің жоғына алаңдаулы. Кіреберісте отыратын егде жастағы әйел­дер ештеңеге қауқарсыз. Қазір барлық дерлік мектептердегі жағдай осындай. «Оқушылар қауіпті заттарды мектепке алып кірмес үшін алдын ала тексерілуі тиіс. Кіреберіске темір іздегіш орнатыл­сын. Вахтада кемпір-сампыр немесе по­лиция зейнеткерлері емес, мамандан­дырыл­ған күзет агенттіктерінің қызмет­керлері отырсын. Түрлі даңғаза шаралар өткізгенше, бюджеттің қаржысы балалар­дың қауіпсіздігіне жұмсалсын», – дейді екі қыздың әкесі, жергілікті блогер Закир­жан Мамлютов. ҰБТ тапсырарда барлық түлектің өне бойы темір іздегішпен тексерілетінін де айтып жатқандар баршылық. «Оқушы көшіріп алып, жоғары оқу орнына түсіп кете ме деп қорқады. Ал мектепте не бо­лып, не қойып жатқаны ешкімді қызық­тырмайды», – дейді Ольга Сычева. Оқыс оқиғадан соң Оқу-ағарту ми­нистрлігі барлық мектептегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексеріс жүр­гізілетінін хабарлады. Мұны «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деп баға­лау­шылар бар. Бұған дейін де бұл мәселе талай рет көтерілгенде оған құлақ асқан ешкім болмап еді. Айта кету керек, 6 ақпан күні жос­парлы брифинг өткізген облыстық Білім басқармасының басшысы Назыр Жәші­беков: «Бүгінде барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйесімен жабдық­талған. 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. 2022 жылы ұйым­дарды дабыл түймелерімен қамтамасыз ету және жедел басқару орталығына қосу бойынша жұ­мыс жүргізілді. Осы мақ­саттарға 105 млн теңге бағытталды. Биыл 100 млн теңге бө­лінді. Петропавл қала­сының барлық мектебін мамандандырыл­ған күзетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр­мыз», – деп есеп берген болатын. №4 орта мектепке де бейнебақылау орнатылған екен. Бірақ бұл жайт суық қаруды білім ошағына алып кіруге бөгет бола алмаған. Тіпті, ол жедел басқару орталығына қосылмаған да болуы мүмкін деушілер бар. Арнайы мамандандырылған күзет жоқ. «Оқушылардың сөмкелерін ешкім тексере алмайды, ондай құқық жоқ», – деді облыстық Білім басқар­масының басшысы Нәзір Азаматұлы. Ата-аналардың ат төбеліндей ғана бөлігі мұндай шаралардан қайыр бола­рына күмән келтіреді. Олардың пікірінше, ең қажеті – балаларға дұрыс тәрбие беру. «Ешқандай күзет те, бейнекамера да кө­мектеспейді. Мұғалімдер де, ата-аналар да бала тәрбиесімен айналысуы тиіс. Балалармен әңгімелесу керек, не істеп, не қойғанынан хабардар болу керек. Қазір рейтинг, сор, соч қуыну ғана бар. Бұл оқиға не себепті болғанын ешкім біл­мейді. Мүмкін күдікті буллингке ұшыра­ған шығар?» – дейді петропавлдық Людмила Калина. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеу­меттік желілердегі өз парақшасында: «Оқыс оқиғаға қатысты арнайы комиссия өз жұмысын бастады. Жан-жақты тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойын­ша тиісті шаралар қабылданатын бо­лады», – деп жазды.

Роза ШӘКЕНҚЫЗЫ, Солтүстік Қазақстан облысы