Қос азаматтық қауіп пе?
Қос азаматтық қауіп пе?
921
оқылды
Елімізде қос азаматтықпен жүргендер туралы дерек жиі айтылады. Әйткенмен, сол кезде ғана талқылауға алынып, артынша ұмыт қалады. Заңгерлер мен саясаттанушылар қос азаматтықтың артында қауіп тұрғанын қанша ескерткенімен, әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын алуға қатысты қандай да бір шара қабылданып, тиісті заңға өзгеріс енгізілгені байқалмайды. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, күні кеше ғана Ұлттық қа­уіпсіздік комитетінің Шекара қыз­меті Қазақстан мен өзге елдің азаматтығын алған 54 адамды анық­тады. Шекара қызметінің хабарлауынша, қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өт­кізу пункттерінде қос азаматтығы бар 54 заң бұзушының көбі Ресей, Түркия мен Қытай елінің аза­маттары. Құзырлы орын олардың ісін тергеп-тексеруді қолға ал­ғанын және шетелдермен байла­ныстарды пайдаланып, қос аза­маттығы бар адамдарды анықтау бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыратынын хабарлаған. Бірақ оқиғаны мән-жайын анық­тау қиынға соғатындай. Жалпы, осы уақытқа дейін де екі ел азаматтығын алып, алаяқ­тыққа баратындар туралы көп айтылды. Шетелдіктер түгілі осы елдің суын ішіп, нанын жеген қарт кісілердің көбі қос азамат­тыққа құмартып жатыр. Сон­дағысы – екі елдің зейнетақысын қатар қалтаға басу. Әшейінде әлеу­меттік көмек берерде қора­дағы тауықтың қанша жұмыртқа бе­ретінін түгендейтіндер қос аза­маттықтың «пайдасын» көріп жатқандарды анықтай алмай келеді. Азаматтық алудың ережесін айналып өтеді Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инс­пекторы Лесбек Диқанұлы қос азаматтықпен жүргендерді анық­тайтын бірыңғай база жоқ екенін айтады. Бірақ сол елдің құзырлы орындарына сұрау салу арқылы заң бұзушының басқа елдің аза­маттығын алғаны туралы ақпарат алынады екен. Оның негізінде қос азаматтық алғандардың жеке ба­сының құжаттарын және төл­құ­жатын құжаттандыру деректер базасына жою үшін өзгерістер енгізуге жіберіледі.
«Қолданыстағы заңға сәйкес, қазақстандықтар басқа елдің азаматтығын алмас бұрын біздің есептен шығуы тиіс. Бұл үшін ішкі істер органдарына басқа мемле­кеттің азаматтығын алу туралы бір ай бұрын хабарлап, жеке куәлігін тапсыру міндеттеледі. Азаматтық туралы заңнаманы бұзғандарға жауапкершілік те қарастырылған. Қазақстан азаматтығынан айы­рылғандар біздің елдің паспортын және жеке куәлігін пайдаланса, 100 АЕК-де айыппұл салынады. Егер шетел азаматтығын алу ту­ралы хабарламаса, 200 АЕК айып­пұл қарастырылып, әкім­шілік жолмен елден шығарылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет­тегі адамдар, билік өкілінің функ­цияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйым­дастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функ­цияларды орындайтын адамдар жасаған осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер 300 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Не болмаса, елден шығарылады», – дейді Лесбек Диқанұлы.
Бір қызығы, бұл заңнама аза­маттық алудың ережесін айналып өтетіндердің әрекетіне тосқауыл қоя алмайды. Себебі жаңағы айтқандай, қазақстандықтардың өзге елдің азаматтығын алғаны туралы дерек автоматты жүйеде көрсетілмейді. Оның үстіне, біз­дің заңда қос азаматтық алуға жол берілмегенімен, оны қол­дайтын келісім бар. Бұл қалай? Айталық, 2019 жылдан бері Ресей зейнетақы қоры мен Қазақстанның «Азамат­тарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясы біріккен келісім негізінде зейнеткерлердің электронды базасын екіжақты тексере бастады. Келісімге сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары Ресейдің зейнетақы қорына сұрау жолдай алады. Он­дағы мақсат – зейнетақы алған қазақстандықтар туралы мәлімет алу. Бірақ мына қызықты қараңыз, Ресейде зейнетке шығу жасы – 60. Ал бізде ер адамдар үшін – 63. Сол үшін қос азаматтықта жүргендер алдымен Ресейдің зейнетақы қо­рына өтініш жазады. Сол елдің зейнетақы төлемін ресімдеп алған соң 3 жылдан кейін Қазақстан заң­намасы бойынша зейнетке шығады. Бұл бір қарағанда, заңды болып шығады. Өйткені ЕАЭО елдерінің азаматтарын зейнета­қымен қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес, әрбір азамат ол мемлекеттерде 2 немесе 3 зей­нетақы алу­ға құқығы бар. Елге келгендердің бетін қақпаймыз Екі елдің азаматтығын алуға заңды түрде рұқсат еткен елдердің түпкі мақсаты қандай? Саясат­танушы Дос Көшімнің айтуынша, қос азаматтыққа жол жоқ екенін біле тұра жыл сайын екі елдің азаматтығымен емін-еркін жүр­гендерді құрықтап жатады. Бұл ұсталғандары ғана, ал ұсталмай жатқандары қаншама? Олардың санын анықтау өте қиын. «Біздің азаматтар басқа елдің азамат­ты­ғын алып жатыр ма?» деген сұрау жіберген күннің өзінде екінші тарап жылы жауап беруі мүмкін. Ол екінші тарап үшін тиімді бо­луы мүмкін.
«Қазақстанның аза­мат­тарына Ресей азаматтығын беру қолайлы, тіпті, ол сол елдің мақсаты деуге бо­лады. Бұл олар­дың саяси ба­ғыты болуы да мүм­кін. Сондықтан қос азаматтық беру оларға тиімді. Егер тиімді бол­маған болса, ол елдің құзырлы орындары да бөтен елдің аза­мат­тары өз елінің аза­маттығын алуға өтініш бергенін айтып сұрау салар еді. Ай сайын болмаса да, жылына бір рет осын­дай мәлімет беріп отыруға құлық танытар еді. Бірақ бұлай істе­мейді», – дейді сая­саттанушы. Осындай талап болмаған соң қазір қос азаматтықпен жүрген өзге елдің азаматтары көбейіп келеді. Оның ішінде Ресей аза­маты көп. Саясаттанушы бұл өте қауіпті екенін жеткізді. «Мысалы, кезінде Абхазия, Осетия, Грузия елдері қос азаматтықтың қаупін бастан өткерді. Осы елдерге Ресей «өз азаматтарымыздың құқығын қорғаймыз» деген желеумен әскер кіргізуге дейін барған. Донбас пен Луганскіде де осындай жағдай қайталанды. Қысқасы, өз азамат­тары көбейген жерде кейбір елдер өз азаматтарын қорғау туралы талап қоюы мүмкін. Бұл Қазақ­станға тікелей қатысты. Сон­дық­тан біздегі бір азаматтықты қолдаймын. Бірақ екі елдің аза­маттығын алғандарды анықтауды қатайтып, жұмысын жандандыру қажет. Сол үшін қандай елдің азаматтары біздің елде азамат­тық алып жатқанына зерттеу жасалып, сол елмен келісімге келу керек», – дейді Дос Көшім. Ол үшін бар болғаны, біздің елдің азаматтары өзге елдің азамат­тығын алуға өтінім берген жағ­дайда жыл сайын хабарлап отыру керек. Бірақ саяси ұстанымы бұлыңғырлау елдердің бұл талап­ты орындауы қиын.
Өркениетті елдердегідей талап керек Егер екі елдің арасында ор­талықтандырылған база жоқ болса, азаматтық алудың шарт­тарын қатайту уақыт күттірмеуі тиіс. Өркениетті елдің барлығында осындай талап бар екенін айтқан саясаттанушы осыдан бірер уақыт бұрын Үкіметте қаралып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен заңды алға тартты.
«Қазақстан азаматтарына қазақ тілін білуді міндеттеу туралы талап қойы­латыны туралы айтылды. Бірақ неге екені ертеңіне заң қабыл­данбай қалды. Кезінде Консти­туцияның бір нормасы 18 минут­тың ішінде өзгертілген болатын. Ал азаматтық алуға кел­генде Пар­ламентте отырғандардың өзі Үкіметті қолдап, заңды өзгер­тейік деген жоқ. Шын мәнінде, көпте­ген елде осындай шарт бар. Кей­бір елдерде сол елдің тілін білу мін­деттеледі. Емтихан тапсырып, сер­тификат алады, сосын ғана өтінім бере алады. Канаданың аза­маттығын алғысы келетіндер де сол елдің тілін білуі керек. Бұл шарт біз үшін алғашқы маңызды бір қадам еді. Осыны жүзеге асыр­сақ, ары қарай да азамат­тық­ты заңсыз иеленудің жолдарын ке­судің түрлі жолы қарастырыла берер еді. Ал әзірге алғашқы қа­дамды жасаудан да қорқақтап тұрмыз. Өкінішке қарай, бізде еш­қандай шарт жоқ. Салдарынан азаматтық алғысы келетіндердің бетін қақпаймыз. Кеше Ресейден қашқан адамдардың Қазақстан азаматтығын алуға кезекке тұр­ғанын көрдік. Олардың көбі уа­қытша жұмыс істеу туралы шарт қабылдағандар. Олар біздің же­рімізде өле-өлгенше жұмыс іс­теуге құқығы бар. Ертең олар да орыс­тілді қоғамды көбейтеді. Себебі олар мемлекетімізде мем­лекеттік тілдің қолдану аясының артуына толығымен қарсы топ. Осының өзі қауіп», – дейді сая­саттанушы.
Сондай-ақ белгілі заңгер К­а­миша Есмұхамбетқызы да көп жағдайда шетелден келетін аза­маттар өз азаматтығын жоймай, біздің азаматтықты алуға асы­ғатынын айтып отыр. Егер Қа­зақстан азаматтығын алуға деген ниеті түзу болса, ондай заң бұзу­шылыққа бармаған болар еді. Де­мек, екі елдің азаматтығын алудағы мақсаттың артында қан­дай пиғыл тұрғанын анықтау ма­ңызды. Осы­лай деген заңгер де «Азаматтық алудың шарттарын қатайтып, осы бағытта біраз жұ­мыс істелу керек те шығар. Өйт­ке­ні біздің елімізге келіп, аза­маттыққа өтінім беріп жатқан­дардың пиғылын біл­мей­міз. Мүм­кін, олар тыңшылық етіп жүр­ген адам шығар» дегенді ай­тады. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлитыны» секілді, азаматтық алуда белгілі бір ке­лісімге қол қойылмаған, не бел­гіленген шарты жоқ елде кім келіп, кім кетіп жатқаны қадаға­лаусыз болса, қауіпсіздікке ке­піл­дік беруге қиынға соғары анық.