Полицейлер жүкті ана мен баланы өрттен аман алып қалды
Полицейлер жүкті ана мен баланы өрттен аман алып қалды
1,540
оқылды
Жамбыл полицейлері жүкті ананы екi баласымен өрттен құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz. 14 ақпан күні Меркі АПБ ӘПб жол-техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторлары Данияр Тналиев пен Нұрдәулет Нұрғали Интернациональный кентінде Көкжиек көшесіндегі үйлердің бірінің терезесінен қалың түтінді көредi. Жақын барғанда полицейлер жеке үйдің түтін мен жалынға толы екенін байқайды. Олар жеке қауіпсіздігi туралы бір сәт те ойланбастан, өтіп бара жатқан адамдарға өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадасын шақыруды айтып, өздері үйге қарай жүгірді.
«Әрiптесiм екеумiз үйге қарай жүгіргенде, әйелдің дауысы мен баланың жылағанын естідік. Ойланып тұратын уақыт жоқ едi. Біз терезені сындырып, iшке ендiк. Мен қалың түтінді аралай бастадым. Ештеңе көрінбеді, балалардың даусымен ғана тұрған жерлерiн анықтай алдым. Дер кезінде құтқара алғанымызға қуандық. Бiз өз мiндетiмiзге сай әрқашан қиын сәтте көмекке келуге дайын екендігiмiздi айтқым келедi», – деді Данияр Тналиев.
Сол бірнеше шешуші минуттарда екі ержүрек полиция қызметкері өртеніп жатқан үйден екі кішкентай бала мен олардың жүкті анасын құтқарып қалды. Оған қоса жедел жәрдем келгенге дейін денсаулықтарын бақылап, кез келген жағдайда қажетті құтқару шараларын өткізуге дайын болды. Көп ұзамай келген өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері өршiген жалынды сөндірдi.