31 шілдеде еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында екі орман өрті тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өрттердің бірі Қостанай облысында, екіншісі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында болған.
Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлерінің әуе патрульдеуі кезінде дер кезінде анықталған. Жедел әрекет етіп, қажетті күштер мен құралдарды жұмылдырудың арқасында екі өрт те қысқа уақыт ішінде оқшауланып, толық сөндірілді.
Өртті сөндіру жұмыстарына «Қазавиаорманқорғаудың» әуе өрт сөндіру қызметі мен мемлекеттік орман күзетінің мамандары жұмылдырылды.
Қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстыққа байланысты өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр. Осыған байланысты мамандар табиғат аясында демалушылар мен орман пайдаланушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
