Үш күн бұрын туған баласын сатқан ерлі-зайыпты ақша алып жатқан сәтте ұсталды
Үш күн бұрын туған баласын сатқан ерлі-зайыпты ақша алып жатқан сәтте ұсталды
Фото: видеодан скриншот
918
оқылды
Алматыда ерлі-зайыптылар жаңа туған баласын сатпақ болған кезде қолға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК арнасының дерегінше, екеуі үш күн бұрын дүниеге келген сәбиді 2 миллион теңгеге бағалаған. Заңсыз сауданың жолын полиция кесті.
«Өзімде екі бала бар. Үшінші баламды бұл кісілер құрсақ көтермегендіктен беруге тура келді», – дейді нәрестенің әкесі.
Полицияның мәліметінше, ерлі-зайыпты бұл қылмысты бала құрсақта жатқанда жоспарлап, болашақ ата-анасын таныстары арқылы іздеген. Тірі тауарды алатын адамдар да табыла кетіпті. Перзентханадан шыға салысымен 25 жастағы әйел мен оның күйеуі бірден мәміле жасауға барған. Алайда бауыр еті баласын саудаға салған ерлі-зайыптылар ақша алып жатқан сәтінде қолға түсті. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы әлі тағайындалған жоқ. Ал уызға да тойып үлгермеген нәресте балалар үйіне жіберілді.
«ҚР ҚК 135-бабы, 2-тармағына сәйкес іс қозғалды. 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдікті ерлі-зайыптының сатпақ болған сәбидің алдында тағы да екі кішкентай баласы бар. Ұл бала қазіргі таңда балалар үйінде», – деді Алматы қаласы ПД баспасөз хатшысы Еркін Өтегенов.