Білім саласының стратегиялық маңызын асыра бағалау мүмкін емес, қайта оның қадіріне жете алмауымыз мүмкін. Білімді ұрпақ елді жарқын болашаққа бастайды. Білімді халық тәуелсіздігі мен тұтастығын, әр құндылығын қызғыштай қорғайды. Тіпті, экономиканың өзі осы салаға тәуелді. Білімді мыңды жығады, Отанын өркениет бәсекесінде оздырады. Сондықтан Президент білім саласының дамуына баса мән беріп келеді. «1000 мектеп», «Білімді ұлт», «Жайлы мектеп» және басқа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ал 2019 жылғы Тараз оқиғасынан кейін мектептегі қауіпсіздік мәселесі де алдыңғы орынға шықты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Президент ретінде Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауынан-ақ білім мәселесіне база назар аударды. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінің №1 бағыты ретінде білім беру сапасын жақсартуды белгіледі. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюды, мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды жүктеді. Үкімет пен әкімдерге балалардың үйірмелер мен орталықтарға баруына жағдай жасауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылғы 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің III отырысын тұтасымен білім беру саласына арнады. «Кез келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналды. Осы орайда біліктілік мәселесі айрықша маңызға ие болды. Әр азамат өзінің жеке жетістігі арқылы бүкіл елдің табысты болуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосады», – деген Президент білім беру саласындағы жаңа реформаларды жариялады. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражатты 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржыны 7 есе ұлғайтуға тапсырма берді.Қауіпсіздік – бақытты болашақтың ұстыны Сонымен бірге салада жаңа сын-қатер бой көрсетті. 2019 жылғы 15 қарашада Тараздағы мектеп аумағында орналасқан дала дәретханасында 7-сыныпта оқитын қыз бала зорлыққа ұшырады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұндайға жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылданды. 2020 жылғы желтоқсанда Жамбыл облысындағы барлық білім ордасындағы дала әжетханалары жойылып, оның бәрі мектеп ғимараттарының ішіне кіргізілгені баяндалды. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, аталған мәселе республика бойынша негізінен шешілген, заманауи санитарлық талаптарға сай келеді. Ұлттық кеңестің 2020 жылғы III отырысында Қ.Тоқаев білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі тақырыбына оралып, әкімдерге жыл соңына дейін барлық мектепті бейнебақылау жүйесімен қамтуды тапсырды. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 16 қарашада Ұлттық кеңестің VI жиынында мектеп, колледж, ЖОО-ларда қауіпсіздікті сақтау мәселесін кең тұрғыда қозғады. Ол оқу орындарына күзет агенттіктерімен бір жылға емес, ұзақ мерзімге келісімшартқа отыруды ұсынды. Үкіметке білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қоюды, бәріне ортақ ереже әзірлеуді тапсырды. Білім ордаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгеріс енгізілді. Дегенмен осы аптада, 13 ақпанда Петропавл қаласындағы №4 мектепте 9-сынып оқушысының өзімен бірге балта, пышақ әкеліп, жоғары сынып шәкірттеріне тап беруі бұл мәселенің өзекті бола түскенін көрсетті. Осы оқиғадан кейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасарларына, білім басқармаларына барлық мектепте қауіпсіздіктің кешенді жүйесімен қамтылуына қатысты тексерістер бастауды тапсырды.
«Президенттің тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бері білім беру объектілеріндегі қауіпсіздік жағдайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Келесі аптадан бастап, 1 ай бойы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, ата-аналар қауымдастығының, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен оқу орындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселесі бойынша тексеру жүргіземіз», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.Оның хабарлауынша, комитет мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді және талдауды жүзеге асыратын құқықтық базаны қалыптастыруда. Сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелермен жарақтандырудың стандарттары мен талаптары, білім беру ұйымдарында пайдалану үшін шектелген тыйым салынған заттардың тізімі қайта қаралып, пысықталды. 2022 жылы нысандарды терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірленді, ал 2023 жылғы қаңтарда өңірлерге педагогтер мен білім алушыларға арналған іс-қимыл алгоритмдері жіберілді.
«Министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау, оның ішінде қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеп жатыр. Оған 20-ға жуық мемлекеттік органдар мен өңірлер жұмылдырылған. Жуық арада өткізу режимінің регламентіне өзгерістер енгізілетін болады», – деді Н.Оспанова.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы 20 ақпаннан 20 наурызға дейін еліміздің барлық оқу орнының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуді, бұл бағытта өзара әрекеттесудің тиімді тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте Орта білім беру комитеті білім алушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтарының циклін әзірлеуі қажет. Білім басқармалары оны білім беру ұйымдарында полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп өткізеді. Министрліктің мәліметінше, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абай, Қостанай және Түркістан облыстарында мектептердегі қауіпсіздік жүйелері талапқа сай келмейтіні анықталған. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов министрліктің сынына үн қатты.
– Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты органдарға бірнеше тапсырма бердім: біріншіден, облыста 60 білім беру ұйымында бейнебақылау камералары жаңартылады. Бұған 66,3 млн теңге бөлінді. Екіншіден, барлық оқу ұйымын жедел басқару орталықтарына қосамыз. Осы мақсатқа биыл 94 млн теңге бөлінді. Тұтастай алғанда, 208 млн теңге қажет, оны мәслихаттың таяудағы сессиясында қарастырамыз, – деді облыс әкімі.Оқу жанға жайлы болғаны жөн Үкіметтің дерегінше, биылдан бастап еліміздің барлық өңірінде бой көтеретін жаңа мектептер қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болады. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатынын жариялады. Жаңа құрылыс стандарттары бойынша ең озық, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 840 мыңнан аса оқушы орны бар жаңа мектептерді салуды қарастыратын бұл жобаны жүзеге асыру 2023 жылы басталды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ұлттық жоба аясында бой түзейтін мектептерде жете жабдықталған пәндік кабинеттер, жетілдірілген қауіпсіздік жүйесі, оқушыларға арналған бөлек блоктар болады. Ең бастысы, соның арқасында Қазақстанда көп жыл бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысыммен оқыту, апатты мектептер және оқушы орындарының тапшылығы жойылуы тиіс. Жайлы білім ордаларының жартысына жуығы ауылдық жерде тұрғызылатындықтан, бұл ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға да үлес қосса керек. Осы ұлттық жоба болмағанда елде білім саласындағы проблемалар жыл өткен сайын тек ушыға беретін еді.
«Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны 1 миллионға өсіп, бүгінде 3,7 миллионға жетіп қалды. Бұл – тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш. Осыған байланысты мектептерге үлкен жүктеме түсіп жатыр. Проблемаға әсер етіп отырған бес фактор бар. Олар – урбанизация, миграция, туу көрсеткіші, мектеп ғимараттарының тозуы және мегаполистерде тұрғын үйлердің тығыз салынуы. Бұл факторлар жобада толығымен ескерілді», – деп баяндады министрлік. Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға мектеп салуға рекордтық көлемдегі қаражат – 2,6 триллион теңге қарастырылды. Ұлттық жоба аясында 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Мұндай ірі бастама Қазақстан тарихында тұңғыш рет қолға алыныпты.Жайлы мектептерді даралайтын бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, оларда бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында бөлек оқиды. Сәйкесінше, олардың оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары да жеке болады. Екіншіден, балалардың қаупсіздігін сақтау үшін бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Үшіншіден, оқушылар ауыр сөмкелерін тасып жүрмейді: әрқайсысына оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін қалдырып кететін жеке шкафтар беріледі, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға бар жағдай жасалады. Төртіншіден, әр мектеп физика, химия, биология, робототехника сияқты ең заманауи кабинеттермен жарақтандырылады. Әр кабинетте touch-экран орнатылып, жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Бесіншіден, арнайы білімді қажет ететін мүгедектігі бар балалар үшін қолайлы жағдай жасалады. Алтыншыдан, спортзал мәселесі шешіледі. Мысалы, қазір 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал қарастырылған. Онда таңнан кешке дейін бір уақытта 4-5-сыныптың денешынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал жасақталмақ. Жетіншіден, жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады: кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары болады. Сегізіншіден, жайлы мектептер community орталығының рөлін, балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады. Бірыңғай стандартқа сәйкес құрылыс жүргізу, сатып алу процесін және жылдамдығын арттыру, сапаны қамтамасыз ету үшін ұлттық жобаның Бірыңғай операторы бекітілді. Құрылыс компаниялары тендерлерге қатысты түрлі проблема көтеруде, оператор Samruk-Kazyna Construction АҚ-ына сол олқылықтардың бәрін жою жүктелді. Компания басшылығы биылды қоса алғанда, үш жылда 401 мектеп тұрғызылатынына уәде берді.
«Мектептер қалаларда да, шалғай елді мекендерде де салынады. Samruk-Kazyna Construction компаниясы құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдауды ашық, тиімді етеді, нысанның сапасы мен уақытылы қолданысқа берілуіне жауапты. Компания құрылыстың егжей-тегжей жоспарын дайындап қойды. Мектептер негізінен оқушы орны тапшы аймақтарда салынады», – деп мәлім етті компания.Жаңа мектептердің әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер болады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылмақ. Арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзив білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық қазақы нақышта жасалуы тиіс. Қорыта айтқанда, білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеті артады. Салаға салынған инвестиция болашақта еселеп қайтады. Қазақ жастарының жаһандық дәрежеде биік табыстарға жетуіне жол ашылады. Олай болса, бұл бағыттағы Президенттің игі бастамалары ел игілігі үшін еңбек ете бермек.