Негізсіз талаптан ниет жоғалады
Негізсіз талаптан ниет жоғалады
© коллаж: Елдар Қаба
705
оқылды
Кәсіпкерліктің қанатын кең жаюы – азаматтардың тұрмысын түзеудің бірден-бір тетігі. Сондықтан мемлекет те бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп-ақ келеді. Сәйкесінше, тұтынушылардың мүддесі үшін саланы белгілі бір деңгейде реттеп отырудың саясаты болғаны жөн. Байқамасақ, сол реттеу ұғымы кейде «репрессияның» құралына айналып кетіп жатады. Бұдан азаматтардың кәсіпкер­лікпен айналысуға деген қызығушылығы төмендейді. Шағын және орта бизнес саласында табыс тауып, жан бағып жүргендердің де жұмыссыз қалуы мүмкін. Президенттің 2020 жылдың қыр­күйегіндегі Қазақстан хал­қы­на Жолдауында бизнесті «таза па­­­рақтан» реттеуді тапсырғаны есте. Сол жылдың желтоқсанында Мем­лекет басшысы «Жаңа рет­теу­ші саясатты енгізу жөніндегі ша­ралар туралы» Жарлыққа қол қой­ды. Ұлттық экономика ми­нистр­лігі мен «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасы сарапшы­лар­ды тарта отырып, бизнесті әкім­шілік реттеу салаларына тал­дау жүргізді. Нәтижесі көңіл көн­шітпейді. Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыровтың ай­туынша, реттеудің барлық 44 са­ласы қаралып, 2 823 норма­тив­тік-құқықтық актіге талдау жа­сал­ған. Талдау жұмыстары мем­ле­кеттің жаңа реттеуші саясаты­ның шарттарына сәйкес келмей­тін бизнеске қойылатын 10 108 та­лапты анықтапты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Биз­несті реттеу және бәсе­ке­лес­тік­ті дамыту департаменті дирек­то­рының орынбасары Динара Ақын­бекова шартқа сай емес та­лаптардың арасында бірін-бірі қай­талайтыны, мүлдем қисынға кел­мейтіндері жеткілікті екенін ай­тады. – Магистралды құбыр тасы­ма­лы саласына қатысты Инвес­ти­ция және даму министрлігінің 135 талабы бар. Осындағы қарас­ты­рылған 52 талап Төтенше жағ­­­дай­лар министрлігінің ереже­ле­рі­мен сөзбе-сөз қайталанады. Сол секілді компьютерлік бағ­дар­ламалау, ақпараттық қызмет көр­сету саласында 200-ден астам қай­таланатын талап анықталды. Нан және кондитерлік өнім­дерді сатушыларға тауарды кесу­ге арналған пышақтарды үнемі қай­рап тұру керек деген талап қойыл­ған. Бұл нан қиқымын азай­ту, тез және бірдей етіп кесу үшін қажет болса керек. Бірақ тиіс­ті талаптың сақталуын кім, қа­лай тексеретіні анықталмаған. Құрылыс саласында техни­ка­лық қадағалау жөніндегі сарапшы тапсырыс берушіге қандай жаңа материалдар, технологиялар алу қа­жеттігі туралы ұсыныс жасай­ты­ны айтылған. Ал бұл – қадаға­лау­шының құзыретіне кірмейтін функция. Қоғамдық тамақтану нысан­да­рына саласында жағымсыз иісі жоқ және зиянды газдар мен бу шығармайтын өндірістік ағынды суды бұру туралы талап бар. Алай­­да иістің жағымды не жа­ғым­сыз екені қалай анықталаты­ны нақ­ты­­ланбаған, – дейді Ди­нара Нұрға­лиқызы. Рас, бұл талаптар кәсіпкер­лік­тің ұңғыл-шұңғылынан хабар­сыз көпшілікке ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Дегенмен тиісті ор­гандардың бақылауында та­лап­тардың сақталмағаны үшін биз­несмендер жауапкершілікке де тартылып жатады. Ең қызығы, осы­нау негізсіз қағидалардың сал­дарынан 2015 жылдан бастап кә­сіпкерлерді әкімшілік жауап­кер­шілікке тарту көрсеткіші 2 есе өскен. Мәселен, 2015 жылы сала­ны реттеуші стандарттарды еле­ме­гені үшін 235 мың 525 заңды тұл­ға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2019 жылы олардың саны 501 мың 649-ға дейін өскен. Бұл дегеніңіз әрбір үшінші кәсіп­керді құқықбұзушы деп таниты­нын көрсетеді. Әрине, мұндай жағдайда кә­сіпкерлер тарапынан мемлекеттік органдар мен лауазымды тұл­ға­лардың әрекетіне шағым­ның кө­бейтіні түсінікті. 2015 жылы кә­­сіп иелері бизнесті бақылау функ­циясын асыра сілтегендер­дің үстінен 17 мыңнан астам арыз түссе, 2019 жылы құзырлы ор­ган­дар дәл осындай сипаттағы 73 мың­нан астам арызды тіркеген екен. Осыған қарап-ақ кәсіп­кер­лерге негізгі талап қойып, оның орын­далуын міндеттеудің соңы қа­лай аяқталатынын аңғару қиын емес. Сарапшылар бизнесті ба­қы­лаудың дәл осы жүйесі бір кә­сіпкерді қайталап тексеру, тиіс­ті нормаларды сақтамаған бас­қа бизнес өкілдеріне назар ау­дармау сияқты фактілердің жиі­леуіне себеп болғанын да алға тар­тады. Осылайша, отандық бизнес өкіл­дерінің бас ауруына айналған өзек­ті мәселенің бірсыпырасы мә­лім болды. Онсыз да соңғы бі­рер жыл әлемдік пандемия тұ­сын­да дамудан бұрын тұрақты­лық­ты сақтаудың қамын күйтте­ген кәсіпкерлер осынау түйткіл­дер­мен бетпе-бет келген. Шағын және орта бизнестің әрбір үшінші қа­зақстандыққа жұмыс беріп отыр­ғанын ескерсек, бұл мәсе­лен­ің ауқымы әлдеқайда кеңейе түспек. Демек, ел экономикасы­ның негізгі бөлігін құрайтын сек­­тордың күнгейі мен көлеңке­сі­не назар аударатын мезгіл жет­кендей. Жаңа реттеуші тетікті мейлін­ше ақылға қонымды етіп түзуде Ұлт­тық экономика министрлігі мен ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сы бірлесе іске кіріскен. Олар бір­лесіп жаңа реттеу саясатының шарт­тарына сәйкес келетін та­лап­тарды арнайы ақпараттық жүйеге жинақтауды қолға алды. Бұл жүйеге бизнеске қойылатын бар­лық талаптың толық тізбесі ен­гі­зілмек. Ең бастысы, ақпарат­тық жүйе арқылы кез келген кә­сіп­кер бизнес жүргізудің барлық құ­қықтық стандартымен танысу­ға мүмкіндік алады. – Ақпараттық базаға талап­тарды енгізу үшін кәсіпкерлік қызметтің барлық саласы бойын­­­­ша мемлекеттік органдар бизнес өкіл­дері және ұлттық кәсіпкерлер па­латасының сарапшыларымен бір­ге реттеуші актілердің нақты ті­зімі жасалады. Сондай-ақ оларға егжей-тегжейлі талдау жүр­гізеді. Жұмыс топтарының мүшелері өт­кен жылы мемлекеттік орган­дар­мен 200-ден астам консуль­та­циялық кеңес өткізілді. Қазір Ұлт­тық экономика министрлігі, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлік па­латасы және Қазақстанның Биз­нес-омбудсмен кеңсесі «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне бизнес жүр­гізу мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасына заң­на­малық түзетулердің екінші па­кеті пысықталады. Өткен жылдан бастап реттеу­ші мемлекеттік органдар заңға тәуел­ді актілер шеңберінде та­лап­тарды жою және қайта қарау бойынша белсенді жұмыс жүргі­зі­ліп жатыр. Жалпы саны 9 548 та­лапты қамтитын 657 заңға тәуел­ді актілерге өзгеріс енгізу қа­­жет­тілігі туындап тұр. Бұл деге­ніңіз қол­даныстағы 56 заң мен 10 ко­декске өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізілетінін көрсетеді, – дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы де­пар­тамент директорының орын­­­­­басары Д.Нұрғалиқызы. Осылайша, бизнесті байып­пен бақылау қолданыстағы заң нормаларына майшаммен қарала бастағандай. Осы шаруаның ба­сы-қасында жүргендер отан­дық кәсіпкерлікті реттеу салаларын талдау ісіне бизнес-ортадан 100-ден астам сарапшы тартылғанын айтады. Сондықтан қазақстандық бизнес қауымдастық қолға алын­ған шаралардан үлкен үміт күтеді. Ал Үкімет басшысы кәсіп­кер­лік саласын реттеудегі мәселелер­дің оңтайлы шешімін табу алдағы 7 жылда шағын және орта биз­нес­те жұмыс істейтіндердің са­нын 4,7 миллион адамға дейін өсуі­не мүмкіндік беретінін алға тар­тады. Сондай-ақ мемлекеттің эко­номикадағы үлесі 14 пайызға дейін төмендейді деп күтіледі. Әрине, көп кәсіпкердің мың кү­дігін бір үмітке жеңдірген бұл те­тіктің тиімділігі туралы кесімді пі­кір айту қиын. Десе де, бұл құрал­дың бұған дейін қолданыста болғанындай негізгі талаптар мен езу тартқызар ережелерден «та­зартыларына» және бизнесті да­мудың даңғылына түсіреріне сен­гіміз келеді.