Жетімді жылатып, өз жағдайын жасаған
Жетімді жылатып, өз жағдайын жасаған
721
оқылды
Петропавл қаласының әкімдігі заңды белден басып, жетім бала­лар­ға арналған пәтерлерді өз қыз­мет­керлеріне беріп келген. Баспа­наға мұқтаж 1360 адам еш себебі түсіндірілместен кезектен шығып қалған. Кезекте мүлдем тұрмаған 70 адамға пәтер берілген. Өңірдің тұрғын үй саласында бұдан басқа да бірқатар былық-шылықтың беті ашылды. Ол жайында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті облыстық қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды. Қызметтік пәтерлерді жалға берген Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында 2 889 пәтер болса, соның тек 747-сінің ғана тиісті құжаттары бар. Олар мұқтаж жандарға жалға берілген. Қалған 1 445 пәтердің пайдалануын растайтын ешқандай құжаты не жалға беру келісім­шарты жоқ. Мұндай деректерді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин жария етті.
«Мұндай пәтерлерде кім тұрып жатқа­нын анықтау үшін тұрғындармен мони­торинг ұйымдастырдық. Тексерілген 70 пәтердің 54-інде бөгде біреулер тұрып жатқаны анықталды. Олардың баспана жалдауын растайтын құжаттары жоқ. Мем­лекеттік тұрғын үй қорынан жалға бе­ріл­ген 20 пәтерге полицейлермен бір­лесіп мониторинг жүргіздік. 14 пәтерде бөгде адамдардың тұрып жатқаны анық­талды», – деді Дамир Хабибулин.
Оның айтуынша, мұқтаж адамдарға пәтер бөлу үрдісі заң талаптарына сай келмейді. Заң бойынша, мемлекеттік қор­дағы баспананың 20 пайызы жетім балаларға берілуі тиіс. Ал Петропавлда бұл санаттағыларға пәтерлердің 11 па­йызы ғана беріліпті. Келтірілген деректерге қарағанда, тұрғын үйге деген қажеттілік болмаса да, баю мақсатымен пәтер алып алғандар бар. Пәтерді жекешелендірген соң қысқа мерзім ішінде сатып жіберудің 45 дерегі анықталған. Мәселен, бір пысықай пә­терді өз атына аударған соң 19 күннен кейін сатып, нәпақаға кенелген. Әкімдік осындай «саудагерлерден» баспананы өз бағасынан үш есе қымбатқа сатып алған жайт­тар кезігеді. Мәселен, ипотекалық не­сиелеу бағдарламасы аясында 5,7 мил­лион теңгеге берілген пәтерді тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлімі он күннен кейін нарық бағасымен, яғни 22,2 млн теңгеге қайтадан сатып алған.
«Кезек ескерілмей, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық бөлімінің қызмет­керлеріне пәтер берілген. Яғни, қызметін жеке мақсатына пайдалану белгілері бар. Мем­лекеттік тұрғын үй қорын бақылаусыз пайдалануды жалғастыруға жол бермеу мақсатында қысқа мерзім ішінде барлық 1 445 нысанды мұқтаждар арасында бө­ліп, мұндай пәтерлерде тұру жағдай­ларын бұзған адамдарға шара қабылдау талап етіледі», – деді Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі.
Ол ең алдымен, баспана қорына тү­гендеу жүргізу керек деген ұсыныс жаса­ды. Сондай-ақ жалдау ақысын есептеу және тұрғын үй қатынастарына қатысу­шыларды хабардар ету бойынша про­цестерді автоматтандыру қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар ескі жер үйлерді бұзып тастап, оның орнына пәтер беруде де бармақ басты көз қысты жайттар же­терлік. Мәселен, бұзылатын үйдің алаңын қасақана ұлғайтудың он дерегі тіркелген. Бұл жайт шамадан тыс өтемақы немесе аумағы үлкенірек пәтер алу ниетінен туын­даған. Жалпы, мұндай үйлердің ау­даны 189 шаршы метрге дейін ұлғай­тылып, бюджет шығыны 62 млн теңгеге артқан. Қазына қаржысына қол салды Жалпы, облыстық Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сырт­қы талдау көрсеткеніндей, Петро­павл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бюджеттің қаржы­сын оңды-солды шашқан сыңайлы. Анық­талғанындай, 2019-2022 жылдар ара­лығында бөлім мемлекеттік тапсы­рыс­­тың тек үштен бірін ғана портал ар­қылы өткізген. Келісімшарттардың 70 пайызы бір көзден қаржыландыру әдісі­мен жа­салған. Әсіресе, «Коммунхоз» кә­сіп­ор­нымен жасалған келісімшарт­тартқа сай, оларға үш жылда 14 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда бұл ұйым жа­рияланған жұмыстардың бірін де өзі орындай алмайтыны әу бастан соқырға таяқ ұстатқандай белгілі-тін. Сондықтан бірден қосалқы мердігерге берген. Бұл аз болғандай, Дамир Ха­бибуллиннің ай­туынша, бұл ұйым жо­сықсыз қатысу­шылар тізіміне енгізіл­геніне қарамастан, мемлекеттік кәсіп­орынға 7,8 млрд теңге заңсыз бөлінген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімі мемлекеттік сатып алу бойынша 365 рет қосымша келісім жа­сасып, жұмыс құнын негізсіз көтерген.
«Кей жағдайларда жұмыстардың құ­нын арттыруда олардың көлемін ұл­ғайтуға негіздеме жоқ. Бюджет қаржысын оңтайлы және тиімді жұмсау принципі мүлдем еленбеген. Жеткізуші кейіннен соманы ұлғайта отырып, қосымша ке­лісім жасасатынын алдын ала біле оты­рып, бағаны экономикалық тиімсіз ең төменгі деңгейге дейін түсіре салған», – деп түсіндірді Дамир Хабибулин.
Сыртқы талдау жүргізілген кезеңде бөлім басшысының міндетін атқарушы бас-аяғы сегіз рет жауапқа тартылып, жылдық 4,5 миллион теңге жалақысымен жалпы үш миллион теңгедей айыппұл төлепті. Осыдан төрт жыл бұрын дәл осы бөлімнің лауазымды тұлғалары жер те­лімдері мен тұрғын үйлерге қатысты заңға қайшы әрекеті үшін жауапкершілікке тартылған болатын. Бірақ бұл жайт кейінгілерге сабақ болмағандай.
Солтүстікқазақстандықтар бұл бөлім сыбайластықтан көз ашпайтынын айтып жүр. Жария етілген жайттар бойынша кімге қандай жаза қолданылғанын ха­барлауды, заңсыз иеленген мүлікті тәр­кілеуді талап етушілер бар. «Әйтпесе, мұн­дай жаңалықтардың барлығы – құр көзбояушылық. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегендей, бұл іске қатысы барлар шуылдайды да басылады. Нәти­жесінде, ешкім жазаланбай, осы әрекетін жалғастыра бермек. 8 рет жауапқа тар­тылса да, орнында жайбарақат отыра берген. Мемлекеттік тұрғын үй қорының барлық баспанасы шынымен мұқтаж адамдарға, 10-15 жылдап кезекте тұрған­дарға берілсін. Жетімді жылатқандардың мемлекеттік қызметтен аластатылуы тиіс», – дейді петропавлдық Олег Никифоров.
Кері кеткен кезек
12 жылдан бері жетім ретінде кезекте тұрған Арман Қайыржанова кезегі жыл­жудың орнына кері кетіп жатқанын айтады. «Мұның себебін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезектен шыға­рылғандар қайта тұрды деп түсіндірді. Қайда шағымданарымды білмеймін. Мен сияқты шынымен мұқтаж жандар далада қаңғып жүргенде, тойымсыз бәзбіреулер тегін алған пәтерін сатып, кезекке қайта тұрады», – дейді ол. Мұндай мысалдар жеткілікті. Кезегін күте-күте, о дүниелік болып кеткендері бар. Тіпті, өлдіге сана­лып, кезектен шығарылып тасталғандар да жетіп жатыр. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Диас Уахит тұрып жатқан жер үйі өртеніп кеткен соң қалалық әкімдікке уа­қытша болса да баспана сұрап, талай барғанын айтады. Ондағылардан аузын қу шөппен сүрткеннен басқа қайыр бол­мапты. «Қиын жағдайға тап болғандарға мемлекеттік қордан пәтер берілмейді екен. Қыстың көзі қырауда есік-терезесі үңірейген, пеші атымен жоқ, қабырғасы шұрқ-тесік жер үйлерді ұсынғаны мазақ қылғандары ма? Қазір асыраушымнан айырылғаныма байланысты алатын жәр­демақыма пәтер жалдап тұрып жатырмын. Күнкөріс үшін колледждегі күндізгі оқуым­нан сырттай бөлімге ауысып, жұ­мысқа орналасуыма тура келді», – дейді ол.
Қалалық әкімдіктегі бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеуі үшін Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірқатар ұсыныс жасап отыр.
«Қала әкімдігінің барлық құрылым­дық бөлімшесі үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыратын жеке бөлімше құру сыбайлас жемқорлық схемаларын бол­дырмауға мүмкіндік береді. Сонда құры­лымдық бөлімшелердің басшылары жұ­мыстарды жоспарлау және қабылдау функ­цияларын сақтай отырып, қаржы­ның бөлінуіне ықпал ете алмайды», – деді Дамир Хабибулин.
Жалпы, қаладағы тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, автомобиль жол­дары және жолаушылар тасымалы сала­сында 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою туралы 80-нен астам ұсыныс жасалды. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын тұрғын үй инспекциясымен бі­ріктіріп, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары саласын жеке құрылым­дық бөлімше етіп құру жұмыс тиімділігін арттырар еді деген ұсыныс ақылға қо­нымды.

Солтүстік Қазақстан облысы