«Байшегір ауылының тұрғынымын, екі баламды балық аулап жүргенінде ұстап, қылмыстық іске тартты. Әрине, полицияның істеп отырғаны заңды, табиғатты қорғап, өз міндетін атқарып отыр. Бірақ ауыл тұрғындарының басқа жұмысы жоқ. Қайтіп күн көреді? Ұры-қары секілді заң қызметкерінен қашып жүріп, балық аулауға мәжбүр. Байлыққа белшесінен батып жатқан ешкім жоқ, барлығы да бала-шаға асыраудың қамы. Оларға айыппұл салса бір жөн, бас салып, қылмыстық іс қозғағаны бізді қатты шошытады. Барлығының бала-шағасы бар, олардың ертеңгі болашағы не болады? Әкелері сотталған балалар ертең жұмысқа да орналаса алмайды. Бұлай жалғаса берсе, ауыл түгелімен сотталып шығады. Одан кейін олар қайда барады? Тағдырлары талқандалады ғой. Бізге осы мәселені шешіп берсе, заңды балықшы деген атқа ие болып, рұқсат қағазымызбен балық ауласақ»,–дейді ауыл тұрғыны Түгелбай Әрін.Көл жағалаған елді мекендерде де бюджеттік мекемелерден басқаларға жұмыс табу қиын. Қала сағалап кететін жағдайлары тағы жоқ. Не істерін білмеген жұртқа балық аулаудан басқа тірлік көзі табылмайды. Жергілікті тұрғындар полициясы, тағы басқасы бар, табиғат қорғаушылардың талабын жөнсіз деп отырған жоқ. Заң бәрімізге ортақ. «Қызмет қыл да, міндет ет» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан алыс ауылдарда тұратындардың екі қолына бір күрек тауып беріп, бала-шағасын асырайтын жағдай туғызғаннан кейін ғана балықты заңсыз аулауына қатысты талапты күшейткен жөн деп ойлаймыз. Күнкөріс үшін су жағалап, асымдық балық аулағандарды қылмысқа тарта берсе, көл жағасындағы ауылдарда «таза» адам қалмайды. Ал елдің бәрін «қылмыскер» атандырудың соңы жақсылыққа апармасы анық. Бұл жағдай биліктің барлық сатысын ойландыруы қажет.
«Біздің қашып-пысып жүріп құратын ауымыз да өзіміз сияқты заңсыз. «Қытай сеткісімен» балық аулауға тыйым салынған. Рұқсат етілген жібек жіптен тігілген ау-құрал бұрын Ресейден әкелінетін. Оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Амалсыздан осы «қытай сеткісін» пайдалануға мәжбүрміз. Оны пайдалануға тыйым салынғанымен, елімізде емін-еркін саудаланады. Қылмыстық жолмен жеткізіліп жатқаны шындық. Рұқсат етілген құралымыз болса, заңсыз дүниені тұтынып неміз бар?! Елімізде жібек жіптен тоқылған ау-құрал шығаратын кәсіпорын ашылғанша, осы құралмен балық аулауға рұқсат берсе деген ұсынысымыз бар», – дейді балықшының бірі Мұратхан Құдайбергенұлы.Расымен, бұл ауды тұтынуға 2004 жылғы Үкіметтің қаулысы арқылы тыйым салған. Бірақ сол кезде биліктегілер елімізде рұқсат етілген ау-құралдың шығарылмайтынын, тапшылық туындап, заңсыздық өрістейтінін ескермеген болып тұр. Үкімет тыйым салған құралдың елімізде неге емін-еркін саудаланатыны да сұрақ туғызады. Шекарадан, кеденнен қалай өткізілетіні де түсініксіз.
«Біз үрім-бұтағымызбен балықшылар әулетіненбіз. Ата-бабамыз да, әкеміз де, өзіміз де, балаларымыз да көлден нәпақа тапқан. Басқа кәсіпке қарағанда, балықтың жағдайын жақсы білеміз. Заңсыз балықшы атануымыздың басты себебі – көлден балық аулайтын учаске алмағанымыз. Өкінішке қарай, оны алу да оңай емес. Өйткені учаскелер аукцион арқылы саудаланады. Бәссауданың бастапқы төлемі 1 млн теңгеден басталады. Кім көп береді, сол ұтады. Ауылдағыларда ондай қаражат қайдан болсын? Соның салдарынан сырттан келіп қатысқандар жеңеді. Олардың ешқайсысының көлге, елге жаны ашымайды. Белгіленген уақытта өзіне тиген телімдегі бар байлықты сығып алуға тырысады. Балық қорғау, оның қорын көбейтуге бас ауыртпайды. Бар болғаны он шақты адамды жұмыспен қамтиды да, қалған тұрғындар тағы да сол браконерь атанып жүре береді. Осы жағдайды да ескеру қажет. Табиғат байлығы сол елде, оның ішінде жергілікті тұрғындардың игілігіне жаратылуы керек. Барлығын заңды етіп шешіп берсе, бізде соған сай салығымызды төлеп, жұмыс істер едік. Қашанғы браконерь деген атпен қашып-пысып жүреміз. Жоғары облыс, республикалық басшылыққа осыны жеткізсеңіздер, – дейді бес ауылдан жиылған тұрғындар.Қаратал ауданындағы Көпбірлік, Қарақұм, Бәйшегір, Дөңши, Ақжар ауылының тұрғындары да осы жағдайға қатысты арыз-тілектерін жеткізді.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы