"Орлан 2000" әуе компаниясының "АН-2" ұшағы Өскемен әуежайынан 1,5 шақырым жерде шұғыл қонды. Ұшақ бортында 5 адам болған, ешкім зардап шеккен жоқ, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әуе кемесі Өскемен – Ақсуат бағыты бойынша санитарлық тапсырманы орындау үшін көкке көтерілген.
Жергілікті уақытпен сағат 12:50-де экипаж мүшелері қозғалтқыштағы төтенше жағдай туралы хабарлайды.
"Әуе кемесінің командирі Өскемен әуежайынан 1,5 шақырым қашықтықта ұшақты қондыру жөнінде шешім қабылдады. Бортта 5 адам болды - 3 экипаж мүшесі мен 2 жолаушы. Зардап шеккендер жоқ", - делінген ведомствоның баспасөз мәлімдемесінде.
Ал төтенше жағдайлар комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға Прапорщиково ауылынан 10 шақырым жерде болған. Әуежайдан тыс жерге мәжбүрлі қону салдарынан АН-2 ұшағының қозғалтқышынан өрт шыққан. Бір ұшқышқа медициналық көмек көрсетілді. Оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатыр.
Қазіргі кезде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің авиациялық оқиғаларды тексеру басқармасы тергеу жұмыстарын бастады.
https://www.youtube.com/watch?v=1B9bi7gzJfM&feature=emb_logo