Кептеліс құбылтқан қалалар
Кептеліс құбылтқан қалалар
790
оқылды
Соңғы 20 жылда кептеліс жайы Алматының бас ауруы­на айналғаны белгілі. Тұр­ғындары мен ауысқан талай әкімі түйткілдің түйінін тар­қата алмай келеді. Дегенмен кептеліс мәселесі соңғы жыл­­дары өзге қалаларға ену­де. Оның бірі Астана екені айт­паса да анық. Мұның түрлі себебін айтатындар бар: бірі қаланың инфра­құ­ры­лымын, екіншілер қоғам­дық көліктерге басымдық бе­ріл­мегенін сөз етеді. Алай­да дамыған елдердің көбіне тән кептеліс құбылы­сын жоя алмайтын секіл­діміз. Қоғамдық көлік қарбаласты тежейді Әңгімеге арқау болған бір жай бар. Таяуда Астана әкімдігі белгілі бір сағаттарда көлік жүргізушілеріне автобус жолақта­рымен жүруге рұқсат етілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ережені енгізу үшін 10-27 ақпан аралығына белгіленген онлайн дауыс беру өтуде. Көліктердің автобус жолағына шы­ғуына таңертең 07.30-дан 09.30-ға дейін және кешке 17.00-ден 20.00-ге дейінгі қар­балас уақыт кезеңдерінен басқа кез келген уақытта рұқсат етілмек. Яғни, нағыз кеп­теліс уақытында автобустар өз жолағымен еркін жүре береді, басқа уақытта көліктердің қозғалысына еркіндік беріледі. Әрине, бұл аса бір кептелісті тежей салар амал емес. Тек соңғы кездері Астана тұрғындарының да алтын уақытын кептеліс ұрлай бастады. Бұрын Алматының кептелісін жыр қылып айтатын жұрт енді Астананы да сөз етуде. Алдағы 5 жылдықтың көлемінде мұндай мәселе үш ірі мегаполистің бірі Шымкентте де пайда болуы мүмкін екенін айтатындар бар. Алматы демекші, онда кептеліс жайы шынымен қыруар шығын шығаруға мәж­бүрлеуде. Бұл қала әуелде айналма жолдар мен жолайрықтар арқылы бәрін шешкісі келген. Бірақ нәтиже шықпады. Соңғы 15 жыл­да алып шаһарда 32 жолайрық салы­ныпты. Дәл осы мақсатқа жұмсалған 324 миллиард теңге де мегаполис тұрғындарына көлік кептелісінің не екенін ұмыттыра алмады. Жолайрықтар құрылысы Алматыда әлі де жүруде, әкімдік көшені ұзарту мен кеңейту ісін қолға алуға ниетті. Алайда оның өзіне тағы жүздеген миллиардтар кетіп жатса таңғалмаймыз. Шығынданудан шаршамадық Елордадағы кептеліс жайы талқыланып жүргені бүгін ғана емес. Күрмеулі мәсе­лелерімен қоса, Алматы секілді бірнеше миллиардтар шығынданатын кездер мұнда да болады. Осыдан 3 жыл бұрын әкімдік кептеліс көп болатын жерлерде тарқатпа жолайрығын салу туралы ұсыныс тастаған. Дегенмен тәуелсіз сәулетші-урбанистердің көбі келіскен жоқ. Соның бірі – Асхат Садуов шығыны мол құрылыс салуға қарсы. Осындай түйткілді жағдайларға әлі күнге алаңдаулы.
«Қала ішіне магистраль кіргізуге болмайды. Әйтпесе, біз қаланың эконо­микасын, соның ішінде шағын және орта бизнесті өлтіріп аламыз. Қала дегеніміз, ең әуелгі кезекте жаяу жүргіншілер мен бірінші қабаттағы бизнестің қайнаған ортасы болуы тиіс. Ал тарқатпа жолайрығын салу тек үл­кен жылдамдықпен тоқтаусыз өте шығатын тасжолдарға тән шешім. Үлкен жер көлемін алатындықтан, жаяу жүргіншілерге де қолайсыз. Көшенің келесі бетіне өту үшін оларға айналып үлкен шеңбер жасауға тура келеді», – дейді ол.
Қай қалада да көліктердің ағыны кідірмеу үшін ең бірінші кезекте қиылыс жолдардың арасы жақын болуы керек. Ман­хеттен, Ботсвана сияқты үлкен қалаларда осы жүйе жұмыс істейді. Сол жағалаумен салыстырғанда, оң жағалауда кептелістің аз болу себебі де осы. Автомобилизацияның аз кезінде жүргіншілердің тұтыну өлшемімен салынған кварталдық жүйе көліктер легін өткізуге қазір де қабілетті. Арасы жақын болғандықтан, керек қиылыстан өтіп кетсеңіз де, кейін қайтып жатпай-ақ, келесі бұрылыстан бұрылып, діттеген жеріңізге тез бара аласыз. Магистраль типтес (Мәңгілік ел, Қабанбай батыр және Тұран) негізгі үш даңғыл және оларды қиып өтетін көше­лердің арасы алшақ-алшақ. «Шұбар» ша­ғынауданы, «Нұржол» бульвары, ботаника­лық бақ және «ЭКСПО» барлығы қаз-қатар орналасқан әрі үлкен аумақты алып жат­қандықтан, көшелердің арасы үзіліп қалған. Оның салмағы басқа көшелерге түсуде. Кезінде 92 миллиард теңгеге бағаланған Астана қаласындағы Қабанбай батыр даңғылын кеңейту жобасында көпір типті 3 тарқатпа жол тұрғызу үшін 16 млрд теңге жұмсалатыны айтылған еді. Сонда әр ай­рыққа 5 миллиардтан астам шығын ке­теді. Расында, 2000 жылдары сол жақ жа­ғалау жоспарлана бастаған кезде қазіргідей авто­мобилизация мұнда 2030 жылдары болады деген болжам жасалған екен. Ал ол көрсет­кіш 2015 жылы-ақ орындалды. Яғни, жыл сайын кептеліс ұзақтығы артып барады. Түйіні бар түйткіл Негізінде, әлем елдерінде кептелістен құтылудың бірнеше амал-айласы бар. Соның бірқатарын елеусіз қалдыруға болмасы анық. Ең алдымен, қаладағы көшелерді кеңейту жайы. Екі жолақта тұрған көліктерді үш немесе төрт жолаққа бөлгенде жүктеме азаюы керек. Бір қара­ғанда, тығырықтан шығудың ең төте жолы осы сияқты болып көрінеді. Дәл осындай оймен бірнеше жыл бұрын Ресейдің Челябі қаласында жол жиегіндегі ағаштар оталып, көлік жүретін аймақ кеңейтілген болатын. Алайда оң өзгеріс болмаған. Автокөлік­шілер одағының директоры Сәбит Аман­баевтың айтуынша, мәселе жолдың кең­дігіне қара­майды екен.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, неғұрлым жол кеңейген сайын, соғұрлым көлік саны да артады. Яғни, кептелісті жоймайды. Қала тұрғындарына еш пайда жоқ. Көлік көбейген сайын ауа улы болады. Сол себепті мәселе жолдың кеңдігінде емес, жай ғана қолайлы жағдай жасалуы керек», – дейді маман.
Тағы бір амал ретінде көліктердің санына шектеу қою жолын айтатындар бар. Бұл әдіс Сингапурда жиі қолданылып келеді. Көлік сатылымын мемлекет қатаң қадағалауда ұстайды. Мұнда темір тұлпарға міну үшін онжылдық лицензия керек. Елге шетелден көлік әкелу үшін бағасының 41 пайызын салық ретінде төлейді. Ал оны тіркеудің машақаты өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ біздің елге бұл әдіс те жарамайды. Се­бебі бізде халық Сингапурдағыдай тығыз орналаспаған. Ал аумағы 2 724 900 шаршы шақырым болатын Қазақстан үшін 725 шаршы шақырымдық қала-мемлекеттегідей қатаң қағиданы жүзеге асыру ақылға сый­масы тағы анық. Қала орталығына кіруді ақылы етсек ше? 2003 жылы Лондон мэрі Кен Ливингстон қаладағы көлік қозғалысын реттеу үшін орталыққа кіруді ақылы еткен. Нәтижесінде, Сохо, Уэст-Энд, Вестминстер, Сити сынды басты аудандарда жүктеме 15 пайызға азайған. Сәбит Аманбаев бұл әдісті қолдану үшін инфрақұрылым дайындау қиын емес екенін айтады. Оған еліміздің басты қалаларында аз уақыт ішінде орна­тылған «Сергек» камераларын мысалға кел­тірді. Айтуынша, мәселе әлдеқайда тереңде.
«Батыс елдерімен өзімізді салыстыруға келмейді. Олардың қоғамдық көлігі қалай дамығанын көрдік. Трамвайы болсын, троллейбус, метро, автобус бәрі жақсы. Олардың келу уақытымен сағат түзетуге болады. Сол мәселе шешілген соң олар басқа шектеуді де қоя алады. Азаматтары керекті жеріне жетуде ешқандай қиындық көрмейді. Ал бізде ондай жан-жақты дайындықсыз шектеу қоюға болмайды деп ойлаймын», – дейді ол.
Тұрғындарды жаппай қоғамдық көлікке отырғызу тақырыбы тағы бар. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл әдіс қаладағы трафикті азайтып қана қоймай, экологияға оң әсер етеді. Алайда біздің елде жолаушылар тасымалы саласы әзірге сын көтермейді. 2019 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қоғамдық көлік қызме­тінің қазіргі жағдайын Қазақстандағы басты мәселелердің біріне жатқызды. Зерттеуде жолаушылар тасымалының жолға қойыл­мауынан адамдар жеке көлікке ауысуға мәжбүр екені жазылған. Сондай-ақ қызмет сапасының төмендігі де көпшіліктің қоғам­дық көлікке отырудан тартынуына алып келеді. Бұл жағдай реттелмейінше, елді әбігерге салуға болмайтыны анық. Соңғысы – ақылы автотұрақтар. Бұл жүйе елімізде бар. Мысалы, Астанада 2018 жылы іске қосылды. Жергілікті билік ақылы тұрақтар іске қосылғалы орынды пайдалану тиімдігі үш есеге артқанын жеткізеді. Алға­шында ақылы тұрақтардың жүктемесі 8-9 пайыз болса, бүгінде 30 пайызға жуықтаған. Қанша жерден әлем елдерінде бар тәжірибе болғанымен, еліміз мұның кері жағын да сезді. Ақылы тұрақтан қашқан жүргізушілер көліктерін тұрғын үйлердің ауласына қоя­тын болған. Соның кесірінен тұрғындарға қолайсыздық туған сәттер көп. Қорыта айтар болсақ, кептелісті толық жойған елдер кемде кем. Батыс елдерін­дегі­дей қатаң ережемен реттеуге болар, алайда қоғамдық көлік пен қала инфрақұрылымын жоғары деңгейде үйлестіре алмағанымыз сөзсіз. Сондықтан ірі қалалар алдағы он жылдың шамасында жолайрықтармен амалдай тұратын секілді.