Тілектестің басын қосқан Түркістан
Тілектестің басын қосқан Түркістан
512
оқылды
2023 жылдың 9-10 ақпаны ара­лығында Түркістан қаласында Ор­талық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтті. Форумның негізгі жиынында Қа­зақстан Парламенті Сенатының Тө­рағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арналған лебіз ха­тын оқып берді. Ел Президенті пар­ламентаралық форумның тұң­ғыш рет қасиетті Түркістан қала­сында өтіп жатқанының мәні зор екеніне тоқ­талып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Орталық Азия мемле­кеттері бас­­шы­ларының консульта­тивтік кез­­десуінде Парламентаралық форум­­ды өткізу туралы шешім былтыр шіл­де айында қабылданған болатын. Әдетте көп жиналыс он сегіз мың ға­ламды Жаратушы құдірет иесінің атымен бастала бермейді. Бұл жолы форумның басталуының өзінде символикалық сипат болды. Бауырлас Түркия елінде жойқын зілзала болып, мыңдаған адам қаза тапты. Осыған орай, форумға қатысушылардың атынан барша Түркия халқына және жер сілкінісінен опат болғандардың жақын­дарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтылды. Ахмет Яссауи бабамыздың кесе­несінде апат салдарынан қаза тапқан­дардың рухына арнап құран оқылды. Форумда Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзода және Түрікменстан Меджли­сінің Төрағасы Гурбанмурат Ашыровтар баяндама жа­сады. Олар трансшекаралық су ресурс­тарын бірлесіп пайдалану, өзара эконо­микалық байланысты нығайту мен сауда-саттықты дамыту сияқты аймақтағы өзекті проблемаларды ортаға салды. Өңірлік қауіпсіздік мәселелері мен бір­лескен ин­фрақұрылымдық және логис­тикалық жобаларды іске асыру, өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін іске асыру мәселелері жан-жақты қамтылды. Сарап­шылардың пікірінше, Орталық Азия елдерімен ын­тымақтастықтың артуы – Қазақстан үшін өңіраралық қарым-қатынастардың дамуына оң ықпал етеді. Орталық Азия өңірін дамытудың стра­тегиялық бағыт­тарын парламентарийлер арасында талқылауға арналған тұрақты алаңға айналатын түрі бар. Парламетаралық форум Орталық Азияның біртұтас бірегейлігі этникалық, тілдік, діни, рухани және тарихи жақындыққа негізделген. Ежелден Шығыс пен Батысты байланыстыратын орта ғасырлардың негізгі сауда артериясы Ұлы Жібек жолы тармақтары Орталық Азия аумағы арқылы өткен. Біздің бауыр­ластық тарихымыз тым тереңде жатыр. Түркі әлемінің рухани құндылықтары, сан ғасырлық мәдениеті – күллі әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі. Бізді этно­генез, дін, діл, тіл, тарих, әдебиет, мәде­ниет, тұрмыс салты мен әдет-ғұрып, салт-сана ортақтығы біріктіріп отыр.
– Біздің елдер арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гу­ма­нитарлық ынтымақтастықты дамыту – қашанда маңызды мәселе. Бұл ретте пар­ла­ментаралық байланысты нығайтудың мәні аса зор. Қазір Орталық Азия айма­ғында мемлекетаралық диалог жаңа са­палы деңгейге көтерілді. Бұл Президент­теріміздің нақты әрі дәйекті қадамдары­ның нәтижесі екені сөзсіз. Осындай тығыз ын­тымақтастықты өкілді органдар тара­пы­нан қолдап, әрі қарай дамыту аса маңызды. Халықаралық қарым-қатынас айтарлықтай күрделі сын-қатермен бетпе-бет келіп отырған қазіргі таңда бұл өте өзекті мәселе, – деді Сенат төрағасы. Сенат спикерінің пікірінше, Орталық Азия халықтарының мәдени-гумани­тарлық ынтымақтастығы, ортақ мәдени және рухани мұрасын сақтау және іл­ге­рі­лету маңызды басымдық қатарына жатады. «Биылғы қаңтар айында Бішкекте қазақ және қырғыз зиялыларының форумы өтті, оған Нұрланбек Тұрғынбекұлы екеуміз қатыстық. Бұл шара әлемдік мәдениет пен әдебиетке баға жетпес үлес қосқан, қыр­ғыз халқының ұлы тұлғасы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналды. Ш.Айтматов көрнекті жазушы, қоғам қайраткері және дипломат ретінде Орталық Азия бірлігі идеяларын наси­хаттады. Бүгін бізде ұлы жазушының идея­ларын жүзеге асыру үшін жаңа мүмкін­діктер пайда болды. Біз халықтарымыз арасындағы мәдени және рухани байла­ныстарды нығайту үшін форум аясында осындай зиялы қауым кездесулерін өткізуді талқылай аламыз, – деді Мәулен Сағатханұлы.
Түркістан форумы сол бауырластықты одан әрі нығайтуға тікелей ықпал етеді. Бізді өткеніміз ғана емес, бүгініміз де біріктіреді. Орталық Азия елдерінің қай салада болса да мүдделері мен міндеттері ортақ. Бұл орайда саяси, мәдени, ғылыми, рухани ынтымақтасу жолдарын көбірек іздеген абзал. Осындай бірліктің нәти­жесінде Орталық Азия халықтары әлемге түркі мәдениетін, көшпелі өркениет құндылықтарын жеке-жеке емес, бірге таныстыра алады. Түркістан – түркі халықтарының ру­хани астанасы. Түркістан – бәріміздің қасиетті ордамыз. Осы жерде, ежелгі Фараб, қазіргі Отырар шаһарында Аристотельдің және Платонның шығармаларына түсініктеме жазған, Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген. Оның «Даналық маржан­дары», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Филосо­фиялық трактаттар» және «Музыка туралы үлкен кітап» атты еңбектері бүкіл әлемге әйгілі. Әл-Фараби еңбектері еуропалық Қайта өрлеу дәуіріне үлкен әсер етіп, Батыс пен Шығыстың мәдениеттері мен философияларын байланыстыруға дәнекер болды. Түркістан форум Осы өңірден шыққан Қорқыт ата «өмір барда өлім бар, өзгеру бар. Өлмес өмір жоқ. Сынбас темір жоқ, бәрі де өледі. Өз­гереді, ұмыт болады. Тек мәңгілікке өл­мейтін, ұмытылмайтын адамның өмірінде жасаған игілікті ісінің нәтижесі» деген. Сол секілді Жүсіп Баласағұнның есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны арқылы қалды. Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Вена қала­сындағы Корольдік кітапханада сақтаулы, екіншісі, Египетте, Каирдың Кедивен кі­тапханасы қорында. Наманған қала­сынан табылған үшінші нұсқа Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр. «Құтты Білікте» Жүсіп Баласағұни «Кедейді орташаға, орташаны байға» жеткізіп, бекті құтайтуды, халықтың әл-ауқатын жақсартып, ырысын арттыруды басты мiндет етіп ұсынады. «...Бай бол, кeдей бол адамшылықтан айныма. Туған екенсiң, әйтеyiр өлетiнiң де айқын. Оған қapaп түңілме, азғындама. Адам бол, адамшылық ғұмыр кеш», – дейдi. Дәл осы ойды «Атаның баласы болма, Адамның баласы бол» деп Абай да айтады. Биыл туғанына 95 жыл толып отырған Шыңғыс Айтматов та «Ең қиы­ны – күн сайын адам болып қалу» деген тұжырымға тоқтайды. Қазақ халқының көрнекті өкілі, ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған Қожа Ахмет Яссауи – ұлы ойшыл, діни қайраткер. Бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») Ыстанбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматы қа­ла­ларында сақталған.
Есімі Шығыстың ұлы тұлғалары – әйгілі әл-Фараби, Бируни, Абу Али ибн-Сина, Хорезми, Ұлықбек секілді ғалымдардың, Омар Хайям, Фирдоуси, Низами, Дехлеви, Саади, Хафиз, Жәми, Науаи, Физули сияқты ақындарымен қатар тұратын түрікмен әдебиетінің классигі – Мақтымқұлы. Мақтымқұлы туралы Шыңғыс Айтматов: «XVIII ғасыр Мақтымқұлы өлеңдерінің ғасыры болды. Мақтымқұлының ғасырдан-ғасырға жеткен жыр мұрасы халықаралық өлең әлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Ол – жүрегі сөйлеген философ болатын» деген екен.
Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­лерінің съезінде Рим папасы Франциск қазақтың ұлы ақыны Абай Құ­нанбай­ұлының ілімімен сусындауға шақырды.
Понтифик ұлттық аспап – домбыраны тілге тиек етті, әлем назарын қазақтың ұлы ақыны Абайдың іліміне аударды. «Өмірде бір-бірімізбен ынтымақтастықта болу үшін де өмір сүреміз. Біз ең маңызды сұрақ­тарға жауап табуымыз керек. Бізге руханиятты насихаттау керек. Абай жазғандай, жан мен айқын ойды сақтау керек», – деді Рим папасы.
Абайдың «Толық адам» формуласы ағылшынша – «A man of integrity» ұғым-түсінігіне мейлінше сай келеді. Абай әле­міне бауырлас елдер бұрылуы, терең үңілуі тиіс. Орталық Азия мемлекеттерінің мәде­ниет пен өнер салаларын дамытудың тарихы мен өзекті мәселелеріне арналған ғылыми симпозиумдарды, конференция­ларды, пікірсайыстарды өткізу, түркі тарихының ерекше маңызды кезеңдеріне ғылыми, философиялық терең зерттеу жасау, түркітілді елдердің мәдениеті мен өнерінің, тілі мен әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан ұлы тұлғаларға кешенді түрде ғылыми баға беру қажет. Осы ретте Түркі кітапханасы мен Түркі тарихының музейін ұйымдастыру да маңызды. Орталық Азия халықтарының этногенезіндегі, тіліндегі, тарихындағы, әдебиетіндегі, мәдениеті мен өнеріндегі асыл арналарды ғылыми-теориялық және практикалық, диахрондық және синхрон­дық тұрғыда зерттеген артық болмайды. Мәртебелі жиын мінберінен сөз алғанда бірқатар нақты ұсыныс жасадым. Орталық Азия мемлекеттерінің мәдени-гуманитарлық байланысын одан әрі тереңдете дамыту үшін жоғарыда есімдері аталған тарихи тұлғалар туралы көркем фильмдер, түрлі сериалдар түсіру. Бұл істе бес мемлекеттің кино индустрия саласы­ның білікті мамандарын – танымал ак­терлерді, кино және театр режиссерлерін, киностудиялардың әлеуетін толық көлем­де пайдалану қажетігін сөз еттім. Орталық Азия мемлекеттерінің бір­тұтас жоғары білім кеңістігін құру туралы Декларацияны басшылыққа ала отырып, ЖОО арасында тәжірибе алмасу, студент жастарды оқытуда бірлескен квоталарды көбейту қажет. Бішкекте әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өзбекстан мемлеке­тімен де осындай ортақ бастамалар қолға алынып жатыр. Мүдделес мемлекеттермен осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек екенін айттым. Әсіресе, Арал апаты аймағын бірлесе зерттеу, осы ретте өңірлік денсаулық сақтау проблемаларына жіті назар аудар керек екенін тілге тиек еткен жайымыз бар. Орталық Азия мемлекеттерінің бір­лескен этногеографиялық және тарихи зерттеулерін ұйымдастыру мақсатында елдеріміздің Ғылым академиялары, Ұлт­тық архивтер мен кітапханалары арасында Біріккен онлайн-платформа құру, сол арқылы архивтер мен ғылыми-зерттеу ор­талықтарына емін-еркін кіруге, мәліметтер алуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Қазір бауырлас елдердің ғалымдары ғылыми-зерттеу мақсатында архивтерге кіре алмай отыр. Осы бағытта ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, цифрландыруды кеңінен пайдалану артық болмас еді. форум Орталық Азия мемлекеттерінің туризм саласы бойынша мемлекеттік басқар­малары мен туристік компаниялары ара­сында тығыз ынтымақтастықты күшейту. Туристік қызметті дамыту, баспа материал­дарымен, фильмдермен алмасу, жарнама компанияларының жұмысын үйлестіру, түрлі конференция, семинар, көрме, жәрмеңке, роуд-шоуларды бірлесіп өткізу. Орталық Азия мемлекеттерінің әде­биет пен өнер өкілдері арасындағы бай­ланысты жандандыру, театр және спорт фестивалдарын, әр елдің халықаралық деңгейде танымал ақын-жазушыларының шығармашылық кештерін ұйымдастыру, мәдени онкүндіктер және Наурыз секілді ортақ Ұлттық мерекелерді тойлау мен өт­кізу арқылы біртұтас мәдени-тарихи кеңіс­тікті қалыптастырудың маңызды­лығы да ортаға салынды. Парламентаралық форумды өткізу Орталық Азия елдерінің заңнамалық органдары желісі бойынша мемле­кет­аралық ынтымақтастықты нығайту үшін қосымша платформа құру процесін бас­тауға мүмкіндік береді. Келген меймандар форумды ұйымдастыру ісіне жоғары баға берді, өз елдеріне риза болып қайтты. Меймандостық қасиет қашаннан қасиет-қалыбымызда бар ғой, десек те Сенат аппараты мен протоколы тарапынан іскерлік пен ілкімділік ерекше болғанын атап кеткен абзал. Форумның қорытындысы бойынша, Түркістан декларациясы қабылданды. Бұл құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орта Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту көкжиектері көрсетілді.
«Парламентаралық форум парламен­тарий­лердің жүйелі жұмысы үшін тиімді және нәтижелі алаң бола аларына сенім­дімін. Бастама бірреттік шара болмайды деп үміттенеміз. Жыл сайын Орталық Азия елдерінің бірінде Парламентаралық форум өткізуді ұсынамыз. Оның ел ас­таналарында ғана емес, халықтарымыз үшін қасиетті және мәдени-тарихи маңы­зы бар басқа қалаларда да өткені маңыз­ды», – деді Мәулен Әшімбаев жиынды қорытындылаған сөзінде.
Осыған байланысты өзбек тарапы және Өзбекстан Олий Мәжілісі Сена­тының төрағасы Танзила Камалқызы Нарбаева келесі жылы Самарқандта екінші форум өткізуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Сонымен, тұңғыш рет өткізілген Орталық Азия мемлекеттерінің Парламен­таралық форумы бірінші кезекте елде­ріміздің заңнамалық базасын жақындатуға ұмтылу арқылы өзара сауда-экономи­калық, инвестициялық байланыста­рымыздың қарқынын арттыруға жол аша­ды деуге толық негіз бар. Сонымен бірге парламентаралық қатынастар тетігін қалыптастыру, ақпарат алмасу, мәдениетті насихаттау, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде пікір алысу орталығына ай­налғалы отыр. Бұл басқосу Қазақстанның өңірлік ынтымақтастық пен ықпал­дастықтағы өзіндік орнын көрсетіп берді.Береке-бірлік бәрімізге керек. Сондықтан бауырластық бүгін де, келешекте де бекем болуы тиіс.

Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты