Қазір әлеуметтік желіден интегратив медицина тіркесін жиі кездестіреміз. Медицинаның бұл бағытын оқып, ем жүргізіп жатқандар баршылық. Әсіресе, желі арқылы жарнама жасап, онлайн ем тағайындайтындар да бар. Еліміздегі бірді-екілі орталық та осы бағытта қызмет көрсетеді. Бағасы айтарлықтай қымбат екені де жасырын емес.
Интегратив медицина – адам ағзасын біртұтас емдейтін медицинаның бір бағыты. Яғни, тексеру барысында альтернатив медицина да, басқа тәсіл де қолданылады. Әсіресе, түрлі препаратты дәруменге алмастырып, дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастырумен емдейді. Ал интегратив қабылдаудың бағасына келсек, кемінде 20 мың теңгеден басталады. Мәселен, Астанадағы кей орталықта интегратив отоларингологтың қабылдауы 150 мың теңге көлемінде белгіленген. Мұны маман тапшылығымен байланыстырып көрдік. Интегратив неврологтың алғашқы қабылдауы – 60 мың теңге, екінші мәрте жазылу 40 мың теңге тұрады. Осы орайда интегратив медицинада қандай «сиқыр» бары қызықтыратыны сөзсіз. Әрі қарапайым қабылдау мен интегратив қабылдаудың айырмасы қандай?
Сандуғаш ШӘКІРҚЫЗЫ,
интегратив дәрігер:Қабылдау бес-алты сағатқа созылады
– Интегратив медицина – организмді біртұтас деп қабылдап, аурудың салдары болған негізгі себебін тауып, емдейтін медицина саласы. Артықшылығы – сауатты интегратив дәрігер биохимиялық, клеткалық деңгейде жұмыс істеп, қажетті ем тағайындайды. Ауруды бастапқы деңгейде ғана емдей салмай, негізгі себебін анықтайды.
Бұл – АҚШ, Еуропада зерттеліп дамып жатқан медицина саласы. Функционал медицина деп аталады. Қазақстанға ресейлік институттар арқылы танылып жатыр. Қазір 50 дәрігерді интегратив медицина бойынша оқытып жатырмын. Егер интегратив медицинаны ЖОО білім бағдарламасына қосса, нұр үстіне нұр болары анық.
Жалпы, 2016 жылы алғаш рет интегратив медицина туралы естідім. Андрей Гострый Алматыда дәрігерлерге екі күн тегін дәріс оқыды. Сол кезде емдеу техникасы, организмді бүтіндей қабылдап, емдеп, соған қарай тәсіл жасайтыны ұнады. Өйткені оған дейін медицинада «басың ауырса бас аурудың дәрісін іш, өтің ауырса алып таста» деп тек симптомдарын емдеуді үйрететін. Өз басым интегратив медицинаны ресейлік институттардан оқыдым. Осы күнге дейін оқуға 10 миллион теңге қаражат жұмсадым. Превент эйдж Америка жүйесі, анти эйдж Еуропа стандарты бойынша білім алдым. Сонымен қатар ресейлік интегратив дәрігерлердің көптеген курсын оқыдым.
Интегратив қабылдаудың ерекшелігіне келсек, 20 минут пациентті көріп, ем тағайындап жібере салмайсың. Шебер түрде клеткалық деңгейде анализдерін талдап, қажетті ем тағайындауға кем дегенде 5-6 сағат уақыт кетеді. Интегратив білім алу өте қымбат. Біліміңді үнемі шыңдап, түрлі курстан өтуің керек. Өйткені медицина күн сайын дамып жатыр. Оның барлығы ақшаға келіп тіреледі. Әр адамның еңбегі бағалануы керек деп ойлаймын. Сондықтан интегратив қабылдауды 50 мың немесе 150 мың деп бағалайтын әріптестеріме құрметпен қараймын. Келе-келе халық қабылдаудың маңызын, аурудың беткі бөлігін емес, тереңнен емдеудің тиімділігін түсінеді деген сенімдемін.
Айта кетерлігі, қазір интегратив дәрігерлер саны артып жатқаны қуантады. Алайда халық санына шаққанда әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Әр дәрігер интегратив медицина базасын білсе, халықтың денсаулығы әлдеқайда жақсы болар ма еді?!
Сұлушаш ЕДІГЕ,
интегратив педиатр:Оқыту орталығы жоқ
– Интегратив медицина дегеніміз белгілі бір протоколға бағынбай, әр адамның жеке жағдайына қарап ем тағайындау. Яғни, оның жай-күйіне байланысты альтернатив медицина болсын, басқасы болсын араластыра ем-шара қолдану. Интегратив педиатрияға тоқталсақ, мұнымен көп аурудың алдын алуға болады. Сонымен қатар балаларды емдеген кезде де денсаулыққа зияны тимейтін препараттарды қолдануға тырысамыз. Мысалы, тамақтануға көңіл бөліп, витаминдермен ем жүргізуге рұқсат. Осылайша, бала денсаулығына кешенді түрде қолдау көрсетесіз. Емдеуге келсек, интегратив қабылдау арқылы бір маманнан бірнеше маман кеңесін аласыз. Мысалы, анемияны емдейтін болсақ, асқазан-ішек жолдарын зерттейді, тамақтануын қадағалайды. Темірдің өзін ғана емес, темір сіңуі үшін қандай кофакторлар керек екенін ескере отырып, комплекс түрде ем тағайындайды. Ал педиатриялық консультацияда балада жиі кездесетін ауруларды емдейсің. Ағзада асқыну кездесетін болса, басқа маманға жібересің. Мысалы, ЖРВИ үдесе пульманологқа, асқазан-ішек жолдарында қабыну болса гастроэнтерологқа, анемия болса гематологқа жолдайсың. Яғни, басты себебін анықтайсыз да, ары қарай бағыт бересіз. Интегратив медицинада олай емес. Әрине, кей жағдайда басқа маманмен бірлесе жұмыс істеуің мүмкін. Көп жағдайда жалғыз өзі бірнеше маманның консультациясын жүргізеді. Жалпы, ата-аналар мына тұсқа келгенде қиналады. Мысалы, үш-төрт маманнан емдеу схемасын алады да, нені қашан қолданатынын білмейді. Дәрілердің өзара әрекеттесуі, сәйкесі немесе қарама-қайшылығы туралы ақпарат ала алмайды. Ал интегратив қабылдауда сізге бірінші кезекте қайсысын қолдану керек, екіншісінде нені істеу керек тәптіштеп түсіндіріледі. Басқа органдарға зияны тимейтіндей етіп схема құрып береді. Профилактикалық қабылдау ретінде бір рет интегратив емдеуге жазылсаңыз жетеді. Ал қандай да бір диагноз болса, емдеу ұзақтығына қарай консультация жиілігі белгіленеді.
Интегратив медицина қарқынды дамып келе жатыр. Жыл өткен сайын білімін жетілдіріп, практикадан өтіп жатқан дәрігерлердің саны артып келеді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлі де интегратив медицинаға төселген мамандар қажет. Өкінішке қарай, елімізде оқыту орталықтары жоқ. Ресейдегі институттың еліміздегі орталығынан оқимыз. Сондай-ақ шетелде оқып келген, институт бітірген интегратив дәрігерлердің курсына қатысып, білік деңгейін көтеруге болады.
Айгүл СҰРАНШИНА,
интегратив сурдологопед:Сурдопедагогиканың даму деңгейі төмен
Интегратив сурдологопед, сурдолог дейтін мамандық жоқ. Менің бұлай атап жүргеніме бірнеше себеп бар. Біріншіден, дефектология – педагогиканың бір саласы. Бұл арнайы ЖОО-да оқытылады. Өз басым Ресейдің онлайн медицина университеті Превент эйдж-дан нутрициологияны бітірдім. Мұның өзі функционал және клиникалық болып бөлінеді. Егер медициналық білімі бар дәрігерлер болса, оқу барысы ұзаққа созылады. Ал медициналық білімі жоғы тоғыз ай бойына он модуль оқиды. Мысалы, мамандығым дефектолог болғаннан тоғыз ай оқып, интегратив функционал нутрициолог білік дипломын алдым. Қазір қабылдауыма келген есту қабілеті төмен, сөйлеу бұзылысы бар, РАС, аутизм, түрлі неврологиялық ауруы бар балаларды интегратив тәсілмен қарағанды жөн көремін. Бұл не деген сөз? Баланың бойында болып жатқан бұзылыс тек баста, мида, тілде деп бөліп қарамай, ағзаның жұмысы мен жүйесін толық зерделеймін. Көптеген дефектолог, логопед бала бойындағы бұзылысты жан-жақты қарауды білмейді. Сөйтеді де ұзақ уақыт жоғалтып алады. Сауатты диагностика жүргізетіні аз. Мысалы, есту қабілеті зақымданған балалар екі топқа жіктеледі. Естімейтін және нашар еститін. Нашар еститіндерді жеке алып қарасақ, ішінде кондуктив нашар естушілік пен нейросенсорлы нашар естушілік бар. Бұл диагнозды аудиолог қояды. Ал ауыр естудің өзінде бала жүз пайыз естімейді дей алмаймыз. Бұл мың балаға шаққанда бірінде кездесетін жағдай. Генетикалық ауру болса не балада зият зақымдалса кездеседі. Интеллекті сақталған, бірақ құлағы естімейтін бала болса, онда қалдық есту бар. Сурдопедагогтің негізгі мақсаты – баладағы қалдық естуді дамыту, ауызша сөйлеуге бейімдеу. Айта кетерлігі, баланың шартты қозғалу реакциясын зерттеп көрген жөн. Қағазды мыжып, целофанды сытырлатып, сылдырмақты шылдырлатып баланың назарын аударуға тырысамыз.
Жалпы, интегратив жағын былай қойғанда, еліміздегі сурдопедагогиканың даму деңгейі төмен. Университетті бітірген мамандардың білім деңгейі таяз. Мысалы, биыл оқу орнын аяқтаған сурдопедагог маман тәжірибеден өтуге келді. Қарапайым сұрақ қойсақ, жауап бере алмады. Яғни, еліміздегі дефектология ғылымы трансформациядан өтуді қажет ететінін білдіреді. Себебі ковид кезінде онлайн оқыды. Дефектологияда 3 курстан бастап мамандық бойынша бөлініс басталады. Логопедтер бөлек, сурдопедагогтер бөлек оқиды. Сондай дүниеден біраз студент құр қалды. Оған қоса университет студенттерді арнаулы мектеп пен естімейтін балаларға арналған бақшаға тәжірибеден өтуге алып барады. Бұл болашақ жас маманның мүмкіндігін тежейді. Базасы мықты, ғылыми зерттеу орталықтарынан тәжірибеден өткен тиімді. Елімізде мұндай бір ғана орталық бары рас. Жалпы, оңалту медициналық және оқу ағарту бағытында жүргенімен, кешенді қарап, комплекс ем жүргізетін орталықтан тәжірибеден өткен дұрыс. Дуальды оқытудың өзі – осы. Байқасаңыз, баланың даму балабақша мен мектеппен шектелмейді. Сол сияқты денсаулығында ақауы бар баланы ары қарай бейімдеу үшін маманның да тәжірибесі көп болғаны жөн. Студенттерді жан-жақты түзету орталығынан да тәжірибеден өткізу керек. Кейде дефектологияны оқытатын оқу орнында 1,2 курс студенттеріне интегратив білімі бар оқытушылар дәріс оқыса біршама алға жылжу боларын ойлаймын. Өз басым үнемі ізденіс үстінде жүремін. Алғаш рет Санк-Петербордағы есту, сөйлеу, көру мүшелерін ғылыми-зерттеу орталығында бір айлық тәжірибеден өттім. Одан кейін «Болашақ» стипендиясымен Голландияда инклюзив білім беру бойынша үш ай білім алдым. Әртүрлі курс пен жобаны жібермеуге тырысамын. Бұл салада бір орында отыра алмайсың. Үнемі білікті шыңдау керек. Ал интегратив қабылдауым 15 мың теңге тұрады. Қабылдау уақыты 1,5 сағаттан артық уақыт алады. Кешенді диагностика жасап, бала мүмкіндігін барынша ашуға тырысамын.