«Бесарық ауылында жылқы өсіріп, жан бағып отырғандар бар. Соған байланысты іргелі шаруашылық бола тұра, жылқы өсірмедік. Түйе мен қой шаруашылығына бет бұрдық. Осылайша, ауыл халқының кәсібіне бақталас болмайық деген мақсат болған. Енді Сыр еліне таңсық шаруаны қолға алып жатырмыз. Осы мақсатта түйеқұстың африкалық тұқымын өсіруді бастадық. Негізі, 100 бас түйеқұс өсіру жоспарымызда бар. Бүгінде 12 түйеқұс жеткізілсе, тағы 12 бас түйеқұс карантиндік режимде жатыр», – дейді серіктестік директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев.Жалпы, елімізде түйеқұс шаруашылығын қолға алғандар саусақпен санарлық. Соның ішінде бұған дейін Алматы мен Сарыағаш қаласында экзотикалық құсты өсіріп, көл-көсір табысқа кенеліп жүрген шаруашылықтар көпке белгілі. Негізі, түйеқұстың бойы 2-3 метрге жуықтайды. Ал салмағы жүз келіден асып жығылады. Бұл құсты түйе түлігіне ұқсатуы да бекер емес. Ойсылқара тұқымы 2 жылда бір боталаса, түйеқұстардың балапанының өсіп жетілуіне де екі жылға жуық уақыт кетеді екен. Бір түйеқұстың салмағы шамамен 140-150 келіден кем түспейді. Негізінен, түйеқұстың терісі де, еті мен жұмыртқасы да өте бағалы. Оған деген сұраныс та жоғары. Сонымен қатар сағатына 60-70 шақырымды еңсеретін жылдамдығымен де ерекшеленеді. Маман түйеқұстың еті адам иммунитетін көтеретін қасиетке ие екенін айтады. Әсіресе, еті мен жұмыртқасы балалардың ағзасына өте пайдалы екен. Бір жұмыртқасының салмағы 1,5 келіден 3 келіге дейін тартады. Бір қызығы, түйеқұстың терісі қымбатқа бағаланатын көрінеді. Терісі беріктігімен ерекшеленеді. Кейбір өндіріс орнында оның терісінен аяқкиім тігуге, сәндік бұйымдар жасауға пайдаланылады екен.
«Бірде Сарыағашқа қонаққа барғанымда таңғы асқа алдымызға ет тартты. Дәмі тіл үйіретін етті жеп болған соң үй иесінің шаруашылығын араладық. Түйеқұс ұстайтын қорасын қарай жүріп, құстың ерекше әдемілігіне, адамға деген еркелігіне, майысып билегеніне тәнті болдық. Кейін бізге арнайы асқан еті осы түйеқұстан дайындалғанын білдік. Содан өзім де осы құсты Қызылорда өңіріне бейімдеп көруге бел будым», – дейді шаруашылық директорының орынбасары.Осы оқиғадан кейін түйеқұс асырауға қызығушылығы артып, Сарыағаштағы шаруашылықтан сатып алмақшы болады. Аталмыш шаруашылықтан 1 түйеқұсты 400 мың теңгеден арнайы тапсырыспен алдырады. Құстар мен оған қажетті заттарына, арнайы салған қорасына барлығы 65 миллион теңге бөліпті. Бұған қоса, түйеқұстың бір жылдық жемшөбіне 23 миллион теңге жұмсалған. Осылайша, қыруар қаржымен елге таңсық кәсібін бастаған серіктестік түйеқұс асыраудың тың тәсілін меңгеріп жатқанын алға тартты. Түйеқұстың бабын тапқан серіктестік алдағы уақытта 2 мың бөдене мен 5 мың қырғауыл асырауды мақсат етіп отыр.
Қызылорда облысы