Қазақы ит тұқымдарының стандартын бекітуге қатысты тың ақпарат шықты. Стандарт бойынша қазақы иттердің тазы және төбет түрлерінің толық сипаттамасы берілген.
Жазбада «жарғақ құлақ», «тықыр тазы» сияқты тазының тегіс жүнді түрлеріне (ілгегі мен шашағы жоқ) рұқсат етілетіні айтылады. Стандарт бойынша тазы тұқымы – бойы орта және ортадан жоғары, мықты денесі бар арықтау ит, созылу индексі – 103 параметрімен сипатталады.
Сонымен қатар төбет иттің де сипаттамасы берілген.
«Шоқтығының биіктігі құйымшағының биіктігіне тең. Басының ұзындығы шоқтық биіктігінің кемінде 40 пайызын құрайды. Дене тұрқының ұзындығы шоқтық биіктігінен шамамен 10 пайызға асып түседі, бұл ретте төбеттер қаншықтарға қарағанда біршама жинақы. Төбеттердің оңтайлы бойы 72-76 сантиметр, қаншықтардікі 68-72 сантиметр», – делінген стандартта.