Бірнеше адамның өмірін құтқарған атыраулық өрт сөндіруші өзін басқа салада елестете алмайтынын айтты
Бірнеше адамның өмірін құтқарған атыраулық өрт сөндіруші өзін басқа салада елестете алмайтынын айтты
1,506
оқылды
Күн сайын өз өмірін қауіпке тігетін мамандық иелері бар. Олардың қарапайымдылығы сонша, әр күні ерлікке толы батырлар бәз біреулер сияқты өздеріне арзан жарнама жасамайды. Өрт сөндірушілер де – адам өмірін қорғау деп аталатын ұлы миссиясын еш дабырасыз атқарып жүрген қастерлі мамандықтың иелері. Былайғы уақытта біз назар аудара бермей­тін бұл мамандықтың иелері, шыны керек, сәт сайын ажалмен бетпе-бет келіп жатады. Бекет Сабиров – Атырау қаласындағы №1 мамандан­дырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру­шісі, азаматтық қорғау сержанты. 28 жастағы кейіпкеріміз өрт сөндіру саласында алты жылдан бері қызмет атқарып келеді. Өз ісіне жан-тәнімен берілген Бекет өмірін өрт сөндіруден басқа салада елестете алмайтынын айтады. есепсіз ерлік жасайтын ерлер
«Жұмысқа шыққан сайын үйдегілермен іштей қоштасып шығамын. Себебі біздің жұмысымыз ережелерге бағынбайды. Тілсіз жау кез келген жағдайда жазым етуі мүмкін. Бірақ әр шақыртуға шыққан сайын ең алдымен адамдарды құтқаруым керек деген мақсатпен, барынша ширақ қимылдап, әрекет етуге тырысамын», – дейді Бекет.
Бекет өрт сөндірушілерге аптаның жеті күні сайын шақырту түсетінін айтады. Кейде, тіпті бір кезекшілікте үш шақыртуға баруға тура келеді. Осындай қым-қуыт күндері Бекет қаншама адамның өміріне араша болып жатқанын өзі де сезіне бермейді.
«Шыны керек, кезекшілікке шыққан сайын тыныштық болғанын қалаймын. Ал өрт туралы дабыл түскен сәтте секунд санап кететініміз рас. Себебі қызыл жалын ешкімді аямайды. Әсіресе, тұрғын үйдегі өрт қиын. Мұндайда жасақтың негізгі бөлігі өртті жылдам сөндіруге жанталасып жатса, екінші топ адамдарды құтқару үшін барын салады. Бірде Атырау қаласындағы «Каспий» шағынауданында бірінші үйден өрт шыққаны туралы шақырту түсті. Біз барғанда бесінші қабаттағы пәтер жанып жатыр екен. Үй ішін тұтастай алып кеткен жалын балконға дейін жайылып жатты. Қызметтік саты арқылы көтеріліп, өртеніп жатқан үйге кірдім. Түгі қалмай отқа оранған үй ішінде шамамен 5-6 жасар бала қалып кеткен екен. Дереу қи­мылдап, бүлдіршінді сыртқа алып шықтым. Қатты қорыққан сәби жылап жатты. Баланы бірден дәрігерлерге табыстадым», – дейді Бекет.
Бекеттің әріптестері өздері құтқарған адамның кейінгі тағдыры қалай болғанын біле бермейді. Себебі олардың міндеті – адамды өрттің ортасынан аман алып шығып, дәрігерге табыстау ғана.
«Әрине, өзіміз құтқарған жандарға қашан­да тілекшіміз. Біз құтқарып жатқан уақытта адамдардың сөйлейтіндей, бір нәрсе айта­тындай шамасы болмайды ғой. Араларында түтінге тұншығып өмірден өтіп кетіп жатқан­дары да болады. Өрт сөндіруші үшін бұл – өте қиын жағдай. Себебі біз шақырту алғанда «адамдарды құтқарып қаламыз» деген ниетпен жедел әрекет етеміз», – дейді Бекет.
Сіз бен бізге бейбіт, мамыражай көрінетін әр күн – өрт сөндірушілер үшін сын сағаты. есепсіз ерлік жасайтын ерлер «Бірде Атыраудағы вокзал маңындағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабар түсті. Біз барған уақытта екінші қабаттағы үйдің балконы мен бір бөлмесі жанып жатты. Үш иінді сатыны көтеріп, өртті сөндіруге кірістік. Куәгерлер бізге үйдің ішінде егде жастағы адам қалып кеткенін айтты. Үйге кірген уақытта балкон жақта бір адам жатқанын көрдім. Басында ол кісі өмірден өтіп кеткен болар деп ойладым. Бойымда біртүрлі өкініш болды. Жанына барғанымда оның қолы қозғалып жатқанын байқадым. Сыртқа шығып, көмек шақырып, үлкен кісіні бөлім басшысы міндетін атқарушы, капитан Бержан Абиров екеуміз алып шықтық.
Өрт сөндіру, құтқару жұмыстары бары­сында, әрине, жүрексіну болады. Бірақ адам өмірі бәрінен маңызды. Және біздің міндетіміз құтқару болғандықтан, барынша жедел әрекет етеміз», – деді Бекет.
Көпбалалы отбасынан шыққан Бекет – бүгінде екі баланың әкесі. Жұбайы екеуі қызмет қылып, ата-анасының батасын алып отырған жайы бар. Қазақстанда өртке қарсы қызмет құрыл­ғалы бері 64 өрт сөндіруші қызметтік борышын өтеу кезінде көз жұмған екен. Бұл қастерлі мамандық иелері басын қатерге тігіп жүріп 400 мыңға жуық адамның өміріне араша болған.

Атырау облысы