«Алайда конкурстың өткізілмегеніне және бәсекелестік үшін жағдайдың жоғына қарамастан, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары бойынша департаменттері былтырғы жылдың соңына қарай кенеттен Atlas Medical Trade ЖШС-ның «конкурсқа» қатысу кезінде тағы екі фирмамен көлденең картельдік сөз байласқаны туралы қорытынды шығарады. Департаменттер еліміздегі дағдарысты жағдайға байланысты медициналық мекемелер оттегі генераторларын сатып алу бойынша конкурс өткізбегенін, іс жүзінде бір көзден арнайы тәртіп пайдаланылғанын, ол бәсекеге қабілетті емес екенін білгені анық», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы Айдос Кенбейілов.Айта кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі кәсіпорындар ұсынған коммерциялық ұсынысты конкурсқа теңестіріп, картельдік сөз байласу туралы қорытынды жасаған. Бірақ департамент өкілі мұны заң бойынша дәлелдей алмады. Жалпы, қазір кәсіпкерлердің әлеуетті серіктестерге немесе тапсырыс берушілерге осындай коммерциялық ұсыныс жіберуі іскерлік қарым-қатынастың нормасы саналады. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттерді сатып алу конкурсына теңестіру ақылға мүлдем қонымсыз. Сондықтан мұнымен келіспеген кәсіпкер «Атамекен» палатасына жүгінді. Нәтижесінде, сотқа талап-арыз түсіріліп, іс облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта қаралды.
Atlas Medical Trade ЖШС өкілдерінің бірі ретінде сотқа қатысқан заңгер Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, сот барысында картельдік келісім жасады деп айыпталған үш фирмадан басқа тағы екі кәсіпорын анықталған. «Дей тұрғанмен, материалдар болғанына қарамастан, екі облыстың бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері олар туралы жұмған аузын ашпаған», – дейді Айдос Кеңбейілов.Сотта кәсіпкерлер өз әрекеттерінің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот департаменттің Atlas Medical Trade ЖШС-ына қатысты актіні заңсыз деп танып, күшін жойды. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы