«АЛЖИРДЕ» Алаш қайраткерін еске алды
«АЛЖИРДЕ» Алаш қайраткерін еске алды
895
оқылды
Бүгін «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде тарихтың ақтаңдақ беттеріне айналып, халықтың жүрегінде күні бүгінге дейін шемен болып қатқан зұлмат кезеңінде елдің ертеңі үшін аянбай күрескен мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі – Жанайдар Сәдуақасовтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты көрме мен дөңгелек үстел ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.  width= Жанайдар Сәдуақасов 1898 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезінің Сарысу болысында (қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылы) дүниеге келген. Жастайынан білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті елден ерек болған азамат қазақ жастары ұйымының жетекшілерінің бірі болған. 1916-1918 жылдары – «Бірлік», 1918 жылы – «Жас қазақ», 1918-1919 жылдары – «Қазақ жастарының демократиялық кеңестері» ұйымдарына жетекшілік еткен. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында жас та болса зор жауапкершілікті мойнына алып, халық комиссары, республика прокуроры, ҚАССР ОАК жауапты хатшысы ХҚК төрағасының бірінші орынбасары, «Жас Қазақ», «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған. Елдің білім, мәдениет және заңнама саласын дамытуға зор үлесін қосқан арда азамат Кеңес заманындағы озбыр саясаттың құрбанына айналды. Мұражайдың «Алаш» залында қойылған көрмені директордың орынбасары Самат Тергембаев ашты.  width= Дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Кеңесінің мүшесі, Қазақ Білім академиясының академигі Бүркітбай Аяған, Жанайдар Сәдуақасовтың кенже інісі Құрман Сәдуақасұлы, мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев, мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, мемлекет тарихы институтының ғылыми ақпарат бөлімінің басшысы, докторант Серік Сейітман және Жанайдар Сәдуақасовтың немере қызы Перизат Құрманқызы баяндама жасап, Жанайдар Сәдуақасовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты құнды деректер мен тарихи фактілерді назарға ұсынды.  width= Іс-шара елдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріне елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткерінің есімін жаңғыртуға бағытталған. Жанайдар Сәдуақасовтың өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі өскелең ұрпақ үшін үлгі болып қала бермек. Жиын соңында «АЛЖИР» мұражайы тың жәдігермен толықты. Жанайдар Сәдуақасовтың немере қызы Перизат Құрманқызы мұражай қорына атасының киген жилеткасын сыйға тартты. Осы күнге көрнекті тұлғаның киімін Жанайдар Сәдуақасовтың кенже інісі Құрман Сәдуақасұлының отбасы көздің қарашығындай сақтап келген екен.