Sozdik.kz-ке сұраныс артып келеді – Евгений Чуриков
Sozdik.kz-ке сұраныс артып келеді – Евгений Чуриков
805
оқылды
Өткен ғасырдың аяғында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі тағдырына ешкім сенбеді. Ал ал­матылық бағдарламашы Евгений Чуриков осыдан 23 жыл бұрын интернетте қазақ тілінің элек­тронды сөздігін әзірледі. Бүгінде Sozdik.kz сайтына күніне 50 мың­нан астам адам кіреді. Евгений сайтты құрумен ғана шектелген жоқ, ол командасындағы мүдде­лестерімен бірге iOS және Android-қа арналған мобильді қосымшалар ойлап тапты. Сөздік қазақ­стан­дықтар арасында ғана емес, шет­елдіктер арасында да кең тарал­­ған. Пайдаланушылар айына 3 мил­­­лион сөз аударады. Осыған орай, Sozdik.kz сайтының негізін қалаушы Евгений Чуриковпен тілдестік. – Sozdik.kz сайтын жасау идеясы ойы­ңызға қашан келді? – Бұл жобаны жасау туралы идея осы­дан 23 жыл бұрын келді. Себебі 2000 жыл­дардың басында интернетте қазақ тілінде ақпарат алу өте қиын болатын. Осылайша, бағдарламашы ретінде мені интернетте қазақ тіліндегі парақшалардың механизмін құру амалы қызықтыра түсті. Ол кезде атал­мыш тақырып өте аз зерттелді де, мем­ле­кеттік тілдегі парақшалар тым аз болатын. Ол шақ қазақ тіліндегі әріптердің бірде-бір шрифті енбейтін Windows 98 компью­терлерінің дәуірі еді. Аталған тақырыпты зерттегеннен кейін мен ақыры динами­ка­лық тұрғыда терең шрифтердің техноло­гия­сы негізінде қазақ тіліндегі парақша­ларды жасап шығара бастадым. Осылайша, қазақ тілінде сайт құрып, осы техно­логияның пайдалы және практикалық қол­данылуы туралы ойландым. Нәти­же­сінде интернет желісінде қазақ-орыс және орыс-қазақ сөздігін құру туралы идея келді. Яғни Sozdik.kz – менің кәсіби тұрғыда қызығушылық танытып, бастаған жобам. – Жалпы өзіңіз қазақша білесіз бе? Қазақ тіліне деген қызығушылық қалай пайда болды? – Қазақ тілін жетік білемін деп айта алмаймын. Бірақ, өз жұмысымның талабы бойынша көптеген қазақ сөзін жаттап алдым. Кейде тіпті сайтта қолданушылардың сұрақтарына жауап бере отырып көмектесе де аламын. Жалпы, кез келген тілді меңгеру уақыт пен ерік-жігерді талап етеді. Со­нымен бірге, тілді үйренуде тұрақтылықтың да маңызы зор. – Сонда негізгі мамандығыңыз бағдар­ламашы ма? Өзіңіз жайлы айтып беріңізші? – Мен Алматы қаласында дүниеге кел­дім.1996 жылы Алматы энергетикалық институтын үздік бітіріп, 1997-1999 жыл­дары КИМЭП-те магистратураны тәмам­дадым. 2000 жылы «Алматыдағы бизнес» және 2001 жылы «Бағдарламалық қамта­масыз етуді коммерцияландыру» тақы­рыптары бойынша АҚШ-та тағылымда­мадан өттім. 2000-2005 жылдары Халық­ара­лық зерттеулер және алмасулар жө­ніндегі кеңесте уеб-бағдарламашы және аймақтық бағдарламалық қосымша әзірлеуші болып жұмыс істедім. Одан кейін Қазақстанда консультациялық көмек көрсетіп, уеб-сайт­тарды әзірлеу бойынша курстар өткіздім. – Бұл жобаны бастаған кезде сайтта өзіңіз ғана жұмыс істедіңіз бе? Sozdik.kz ашылған кезде инвестиция тарту қиын болды ма, әлде маман табу қиын болды ма? – 1999 жылдың күзінен бастап жобада өзім жалғыз жұмыс істедім. Алғашқы жылым толыққанды сөздік қорын құруға жұмсалды. 2000 жылы қор дайын болғаннан кейін сайттың алғашқы нұсқасының коды жазылып, кейін ол интернетте жарияланды. 2002 жылдан бастап сайт қазіргі доменде жұмыс істей бастады да, оның танымал­дылығы арта түсті. 2004 жылы осының арқасында алғашқы грантқа де ие болдық. Осылайша, жобаға бірнеше қазақ тілі ма­манын жұмысқа алдым. Олардың негізігі жұмысы сайттағы сөздік қорын тексеру еді. – Қазір Sozdik.kz-те қанша сөздік қоры бар? Бұл жоба басқа онлайн аудармашы­лардан несімен ерекшеленеді? – Қазіргі уақытта сөздікте аударманың әр бағыты бойынша 60 000-ға жуық сөз тіркесі бар. Сөздерді қолдану мысалдары 400 мыңға жетеді. Сайт пайдаланушының сұраған сөзін тікелей аударып бере сал­майды. Сол сөзге ұқсас басқа мағыналарды да мысалдармен көрсетеді. Мысалы, «Ми­лого аппетита» деген сөздің: «ас дәмді бол­сын, ас тәтті болсын, тәбетіңіз ашылсын» деп бірнеше аударма нұсқасын ұсынамыз. Дегенмен кейбір сөздерді қазақтың әр ай­мағы әртүрлі қолданады. Айталық, «Тетя» сөзі бірқатар аймақта «тәте» деп ауда­рылса, Таразда бұл сөз «аға» деген ма­ғы­наны білдіреді. Мұндай сәттерде біз сөз­­дік қорымызға сөздің бірнеше мағына­сын жазып, жақшаға: «осындай өңірде осындай мағынада қолданылады» деп анық­тама беріп қоямыз. Осылайша, көп­теген сөз­дің синонимдерін көрсетеміз. Сондай-ақ, сөздің фонетикалық жазылу нұс­қалары да көрсетілген. Ал 16 мыңнан астам сөз қазақ тілінде дыбысталды. Бұл қазақша үйреніп жүргендер үшін өте пай­далы. Олар сөзді аударып қана қоймай, қа­лай дұрыс айты­латынын да тыңдай алады. сайт – Сайттың аудиториясы қандай? Пай­даланушылар тарапынан сұраныс қай деңгейде? – Негізгі аудиторияны бірнеше топқа бөліп қарастырар едім. Бірінші топ – оқу­шылар мен студенттер. Олар үй тапсырма­сын орындау кезінде немесе қазақ тіліндегі әдебиеттерді оқу кезінде онлайн сөздікті пайдаланады. Екінші топ – ересектер. Олар жұмыстағы тапсырмаларды аудару үшін немесе қазақ тілін үйрену үшін онлайн сөз­дікті пайдаланады. Осы топтың ішінде кең­се қызметкерлері де бар. Ал үшіншісі – кәсіби аудармашылар. Олар сөздік сайты арқылы белгілі бір сөздің мағынасын нақтылап, қолдану мысалдарын да көре алады. Дәл осы топ жиі кері байланыс жасап, пікірлерімен бөлісіп отырады. Олар кейбір сөздердің мағынасын нақтылап, қате аудармаларды түзетуге сұраныс жіберіп отырады. Қазіргі уақытта 20-22 мың пайдаланушы жұмыс күндері тәулігіне 100 мыңнан астам аударма жасайды. – «Sozdik.kz» орыс тіліндегі сөз тіркесте­рі мен кейбір сөйлемдерді сөзбе-сөз емес, мағынасы бойынша аударғысы келетінін айттыңыз. Ал мағынасы бойынша аударуға келмейтін сөз тіркестері мен сөйлемдер кездесе ме? – Иә, тұрақты сөз тіркестерін міндетті түрде мағынасына қарай аудару керек. Сөздіктің электронды базасына әлі енбеген көптеген сөз тіркесі, фразеологиялық тіркес, мақал-мәтел әлі де бар. Бұл мәселе сөздік қорын біртіндеп толықтыру және түзету арқылы шешіледі. Бұған сөздікті қолданушылардың өздері үлкен көмек көрсетіп отыр. Олар қате аудармалар байқаса, мысалы, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған калька аударманың дұрыс нұсқаларын жібереді. – Онлайн сөздікті құрастыру кезінде мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау болды ма? Әлде тек халықаралық қорлар­дың гранттарымен жұмыс істейсіздер ме? –Осы уақытқа дейін мемлекеттік ор­ган­дардан қаржылық қолдау сұраған емес­пін. 2004 жылы Халықаралық қордың қа­зақ­стандық өкілдігінен грант алдық, ал 2013 жылы өздерінің сайттарында және біз­дің қосымшада өз қызметтерін орналас­тыра отырып, жобаға қазақстандық банк­тердің бірі көмек қолын созды. Қазір жоба негізінен сайт парақшасына баннерлік жарнама орналастыру есебінен «өмір» сүріп келеді. Сондай-ақ, сайт пайдаланушылары жобаны одан әрі дамытуға қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Сол үшін банктік есеп­шоттарымыздың нөмірін «Жобаға көмек» бөлімінде көрсетіп қойдық. Бұл аз болса да, «sozdik.kz»-тің болашағына тікелей қолдау. – Қазір жобада қанша адам жұмыс істейді? Сөздік қорды жиі жаңартып оты­расыздар ма? – Сайттың бағдарламалық бөлігінде негізінен өзім жалғыз жұмыс істеймін. Бі­рақ, менің астаналық Асқар Сыздықов де­ген досым бар. Ол – sozdik.kz сайтының Android және iOS қосымшаларының ав­торы. Біз екеуіміз екі қалада тұрып жатқа­нымызбен, өзара берік қарым-қатынаста жұмыс жүргіземіз. Осының арқасында жо­­баның сапалы әрі ыңғайлы мобильдік қосымшалары жасалды. Сөздік қорды жаңартуға тұрақты түрде мамандарды жұ­мылдырып, сөздік базасындағы белгілі бір фрагменттерді тексеріп отырамыз. Базаға толықтырулар мен өзгертулер жиі енгізіледі. Тіпті, жобаға өз талап-тілегі бойынша сөз­дік қорға әрдайым түзетулер мен толық­тырулар енгізіп, көмек көрсететін еріктілер де бар. Sozdik.kz сайты жайлы жақсы пікір айтатындар көп пе, әлде сынайтындар көп пе? – Негізінен, біздің сайт пен қосым­шалардың пайдаланушылары жұмысты оң бағалайды. Бұған біздің Android қосым­шасындағы парақшаға қалдырылған пікір­лерді оқысаңыз көзіңіз жетеді. Бір қызығы, қазақ тілін жақсы білетін пайдаланушылар жиі оң пікір білдіреді. Теріс бағалар сайттың жұмыс механизмін түсінбеген адамдардан келеді. Мұндай адамдар ұзақ мәтінді ау­даруға тырысады немесе грамматикалық тұрғыда қате жазылған сөздерді енгізеді. Осындай жағдайларда сөздік аударуға көмектесе алмайды. Сөздікті сонымен бірге белгілі бір сөздің мағынасын ажыратып, оны қолданудың үлгісін көрсетіп бере алатын кәсіби аудармашылар да қолданады. – Жалпы жобаның болашағын қалай елестетесіз? – Сөздік қорын, әсіресе қазақ-орыс аударма бағытында толықтыру қажет. Қазіргі уақытта қазақ тілінің барлық сөздері базада жоқ. Көп жағдайда сөздік аударманы дәл бере алатындай қазақ тілінің морфологиясын да енгізіп қою аса пайдалы болар еді. Сонымен бірге, ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын бағыттарын да базаға қосып қойғымыз-ақ келеді. Аталған идеяны жүзеге асыру үшін тағы да қаржылай қолдау керек. – Әңгімеңізге рақмет!