«AMANAT» партиясы БҚО-да жыл сайын 13 мың жұмыс орнын ашпақ
«AMANAT» партиясы БҚО-да жыл сайын 13 мың жұмыс орнын ашпақ
382
оқылды
«AMANAT» саяси ұйымының партиялық тізімі бойынша Парламенттің Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидат Снежанна Имашева мен сайлауалды штабының жетекшісі Мұрат Мұқаев Деркөл кентінің тұрғындарымен кездесті. Жиында жұртшылық жалқының емес, жалпының мәселесін көтерді. Тұрғындарды толғандырған ең басты мәселе – емхана. Мұнда жаңа емдеу орны қажет. Тұтас кент қаладағы №1 емханаға барып жүр. Алайда ол медициналық мекеме осыншама үлкен аумақты түгел қамтуға қауқары жетпей барады.  width=  
– Ол мекемеге тіркелген адам саны өте көп. Барған сайын ұзын-сонар кезек. Бұл келеңсіздік медициналық қызмет сапасына да кері әсер етеді. Деркөлге жаңа емхана салып беруді сұраймыз, – дейді кент тұрғыны Талғат Досмағамбетов. – Партия медицина саласын одан әрі дамытуға ден қояды. Деркөл кентіне емхана қажет екенін жақсы білеміз. Партия бұл ұсынысты талқылайды. Біздің саяси ұйым тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түреді, – деді сайлауалды штаб жетекшісі Мұрат Мұқаев.
Партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде 2027 жылға дейін Орал қаласында заманауи жабдықтармен қамтылған перинаталдық орталық салу жоспарланған. Зачаганск кентінде емхана салынады. Ауылдық жерлерде 50 медициналық нысан бой көтереді. 44 ғимарат күрделі жөндеуден өткізіледі. Тұрғындар соңғы жылдары жұмыссыздық жайлағанын жеткізді. «Екі қолға бір күрек тапқан күннің өзінде жалақы төмен. Тапқан-таянғанымыз күнделікті тамақтан артылмайды. Тіпті жетпей де қалып жатыр, – дейді олар. Партия өңірде әр жыл сайын 13 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға күш салады. 1,4 трлн теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Оқу ұйымдарында және жұмыс орындарында кемінде 1 400 жұмыссыз адам оқытылады. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы шеңберінде кәсіппен айналысуға жеңілдетілген несиелер беріледі.  width=
– Партия халықтың табыс көлемін арттыруды басты мақсат етіп отыр. Мұғалімдердің жалақысын өсіргеніміз сияқты өзге де салалардың мамандарын қолдаймыз. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашамыз, – деді кандидат Снежанна Имашева.
Деркөл кентінің қала аумағына қосылғанына көп жыл өте қоймады. Бүгінде мұнда ішкі жолдардың біразы асфальтталған. 4 мектеп, 9 балабақша, 1 амбулатория, 1 спорт кешені бар. Жылма жыл жаңа үйлер көптеп салынуына байланысты қосымша әлеуметтік нысандар қажеттілігі туындап жатыр. Партия өкілдері бұл бағыттағы жұмыстарды жоспарға алатынын жеткізіп, сайлауда  «AMANAT» партиясына сенім артуға үндеді.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді