Семейде ломбард қызметкері алтын бұйымдарды басқа ломбардқа салу үшін ұрлап кетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әуезов полиция бөліміне ломбард директоры келіп, түгендеу кезінде 4 000 000 теңге сомасына алтын бұйымдардың жетіспейтінін айтқан. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Әуезов полиция бөлімшесінің қызметкерлері ломбард қызметкерінің бірі алтын бұйымдарын ұрлап кеткенін анықтады.
5 ай ішінде зергерлік дүкенде жұмыс істеу кезінде 21 жастағы ломбард бағалаушысы рұқсатсыз ломбардтың алтын бұйымдарын алып, кейін басқа ломбардқа өзінің құрбысының атынан тапсырған.
Аталған факт Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.