Жүктен жегендер
Жүктен жегендер
376
оқылды
Ойпырым-ай, біздің кез келген салада жемейтіндер жоқ шығар? Жемейтіндер жер астында шығар? Онда да жейтіндер бар ма? Сотталып жатыр. Өмірі тотталып жатыр, сонда да қоймайды ғой. Әйтеуір, бір қарпып қалу керек. Құдайдан да қорықпайды. Ар-ұяттарын ұйықтатып қойғандар күндердің бір күнінде құрықталатынын білер ме екен? Көршінің мектепте он бірінші оқитын баласы айтады. – Әпке, мен теміржол бастығы болатын оқуға барамын. – Неге? – Рақат қой. – Қандай рақат? – Жей береді екенсің. – Не жейсің? – Ой, әпке, түк білмегендей болмаңызшы? – Бюджеттен жесең, басың қаңбақтай болады. – Жүктен де жонып жеуге болады екен ғой. – Оны қайдан білдің? – Оқыдым. – Иә? – Тез байып, қымбаат көлік сатып аламын. – Сосын? – Коттеджде тұрамын. – Сосын? – Екі әйелім болады. – Қалай? – Тоқал. – Әлден тоқал жайлы ойлап жүрсің бе не? – Крутой көкелеріміздің бәрінде тоқалдары бар ғой. – Жоқ, сен әуелі сабағыңды жақсы оқы. – Кедей болып өмір сүргім келмейді. – Жемқорлық, парақорлықтың түбі тесік. – Білдірмей жеймін, – деді ол. – Қалай? – деп сұрадым мен. – Асықпай шайнаймын. – Ойың жаман екен, байқаймын. – Кедей болып өмір сүргім келмейді. – Сен жаман болсаң, ата-анаң терлейді. – Жей беремін, жей беремін. – Құдайым-ау, не деп тұрсың? Болашақтың адамдары осылай ойлай ма екен? – Өздеріңіз ғой, үйретіп жатқан. – Иә, сосын? – Алдыңғы арба қайда жүрсе, біз де солай жүреміз. – Қой, олай деме, ештеңе жеме, одан да адал еңбек еткенді ойла. Міне, мектеп оқушысының ойы да осындай. Біз қайда барамыз өзі? Болашақ ұрпақты қалай тәрбиелеп жатырмыз? Мәселен, өткен жылдың аяғында «Қазақстан темір жолы» компаниясының лауазымды шенеуніктері құрықталды. Өздері қалтырап, басы салбырап, шашы жалбырап, енді еңіреп жауап беріп жатыр. Не істеп қойды дейсіздер ме? Бұрыннан аты шулы компанияның шенеуніктері тапшылықты қолдан жасап, миллиондарды қалталарына басқан. Жүк вагондарына иелік ететін ірі оператордың қызметкерлері ауадан ақша жасап, мұртын майлап отырған. «Ой, несін айтасыз, жүктеріңді кедергісіз әрі тез жеткізіп береміз, «отвечаю!» деп кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып келген. Ұсталғандар ҚТЖ-ға қарасты «ҚазТемірТранс» компаниясының жалмауыздары. Олардың арасында филиал басшыларынан бастап бас кеңсе бөлімшесінің менеджерлеріне дейін жалақтап, көздері алақтап, тілі салақтап отырған. Мысалы, Ақмола филиалының бір ғана басшысы 2020 жылдан бастап 70 миллион теңге пара алған. Беті былқ етпестен. Былқ ететін беті де жоқ шығар? Ақшаның көбін Щучье–Бурабай курорты аймағындағы ойынханаларға жұмсапты. Күдікке ілінгендердің арасында Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшылары да бар, олар да аузын ашып, «Ааааа!» деп отырады екен. Жегісі келіп. Ашқарақтар-ай! Не деген жалмауыздар?!

Ақмарал АБДРАМАНОВА