Умра қажылыққа талапкерлер арасында студент те бар. Абзал Айтмолдаев та турфирма қызметкерлерінің алдауына түсіпті. Бүгінде Абзал да турфирмаға өткізген қаржысын қайтара алмай жүр. Ең өкініштісі, фирма басшысының «Меккеге әне ұшасыздар, міне ұшасыздар» деп Алматы мен Шымкенттің арасына сандалтып қойғанында болып тұр ғой. Онда барады, ұшақ жоқ, мұнда келеді ұшақ жоқ. Әуежайдағылар «бізге мұндай тапсырыс та, теңге де түскен жоқ» деп алақандарын жаяды. Сонда соншама адамды сендіріп, жинап алған теңгелер қайда кеткен? Аузы күйген жолаушылар енді құзырлы орындарға шағымданбағанда қайтеді?
Ал тап осы фирма Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмұрзаев пен жұбайынан 1 миллион теңге алып, Меккеге ұшырып жіберіпті. Жарқын мен жұбайын онда ешкім қарсы алмаған. Қонақүйден оларға орын қарастырылмаған. Қайтарға да билеттері жоқ. Ала шыққан теңгелері тез-ақ таусылыпты. Өйткені мұнда тамақ қымбат екен. Олардың осындай жағдайын кездейсоқ біліп қалған қазақтар жиналып, екеуіне көмектесіпті.
«Кәусар-тревел» туристік фирмасы ешқандай құзырлы органдарға тіркелмеген болып шықты. Оны былай қойғанда, жер-жерге барып, адамдарды алдап ақша жинап жүрген олардың басыбайлы баспанасы да жоқ. Заң бойынша фирмалар министрлік жанындағы турагенттік реестрінде арнайы тіркелуі тиіс. Бұл жөнінде «Туристік қамқор» қорының төрайымы Инна Рей былай дейді:
– Умра мен қажылыққа апаратын компаниялар да «Туристік қамқор» қорының тізімінде тұрады. Осы жерде назар аударатын бір жайт бар. «Кәусар-тревел» туристік фирмасы тізімде жоқ. Тіркелмеген. Тұрғындар қызмет көрсетудегі заңсыздықтарға тап болып отыр. Егер сіз қандай да бір шетелге шыққыңыз келсе, фирмадан не компаниядан туристік кодты талап етуіңіз керек.
«Кәусар-тревел» туристік фирмасының басшысы 27 жастағы Медет Мекебай тепсе темір үзетін-ақ жігіт. Алайда оның сол қайратын адал іске емес, алаяқтыққа жұмсап жүргені қынжылтады. Шағымданушылардың басым көпшілігі оның алғашқыда әне-мінемен алдап келгенін, соңында телефонын мүлдем өшіріп тастағанын айтады. Медет жуырда жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен қолға түсті. Қазір оның үстінен Алматы қалалық Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады.
Жалпы, елімізде өз міндетін орындамай, тақыр жерге отырғызып кететін компания көп. Мәселен, Астана қаласындағы «Травэллерс. КZ» компаниясы Әсия Әділбекова, Фариза Үкенова, Әлия Тұрдығұлованың 7 миллион теңгесін алаяқтық жолмен алдап алып, не міндеттерін орындамай, не ақшасын қайтарып бермей әуре-сарсаңға салып қойған. Ресейлік «Натали турс» туристік фирмасы 31 қазақстандықты шетелге шығарып, қызықтың көкесін көрсетеміз деп 19 миллион теңгелерін қақшып алып, артынша жоқ болып кеткен. Алданып қалғандар індетіп іздеп кеп бергенде бұл фирма да ешқандай жерде тіркелмеген болып шыққан.
Шетелдіктердің де шекесі шылқып тұрмаған көрінеді. Айталық, португалиялық атақты футболшы Криштиану Роналдудың да бұрын істі болған туристік агент бірнеше жүз мың еуросын қалтасынан қақшып кеткен.
Жә, осымен тоқтай тұралық. Жалпы, шетелдерге шыққыңыз келіп, шыдамыңыз шегінен шығып бара жатса, әуелі туристік агенттіктердің, компаниялардың құжаттарын сұрауды ұмытпаңыз. Жоғарыдағылар сияқты есік күзетіп қалмайсыз. Біздіңше, ең тиімдісі шетел асып шығындалғанша, атамекеніміздегі тарихи, табиғи орындарды аралау. Сонда туған жерге аз да болса пайдаңыз тиеді. Қаржы өз елімізде қалады.
Жуырда бір танысым «Біз мынадай бір туристік фирмаға тіркелдік. Ай сайын 100 доллар төлеп тұрасыз. Қаржыңыз жеткілікті болғанда сізді қажылыққа тегін апарады. Сондай-ақ соңыңыздан адам жинасаңыз, ай сайын айлық алып тұрасыз», – деді. Бұл неткен батпан құйрық? Иілігін көргендер, бәлкім шындығын айтып отырған шығар.
Қалай дегенде де сақ болайықшы. Шайтандардың ісі көбейіп кетті ғой...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ