Қағбаның көшірмесі
Қағбаның көшірмесі
890
оқылды
Сыр өңірінде ықылым заманнан қалған тарихи кесенелер аз емес. Оның ішінде әлі күнге дейін сыры ашылмаған қасиетті орындар бар. Соның бірі – Қызылорда облысында Меккеде барша мұсылман қауым мінәжат ететін қасиетті орынға айналған Қағбаның көшірмесі. Бүгінде күллі мұсылман баласы құлшылық ететін қасиетті Қағбаның көшірмесі облысқа қарасты Жаңақорған ауданында орналасқан. Оның бұл өңірде қай кезеңде және қандай мақсатта салынғанын дөп басып айту мүмкін емес. Алайда қастерлі орын жайында көнеден жеткен аңыз әңгімелер жетерлік. Ескіден жетіп, ел аузына тараған есті әңгімеге тоқталар болсақ, Ислам дінінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан Әзірет Әлінің (Әли Әбу Тәліптің) жетінші ұрпағы Әбдіжәлил бабтың есімі барша мұсылман қауымға мәшһүр. Аңыз әңгімеге сүйенсек, ол VIII ғасырдың екінші бөлігінде Йеменде патшалық құрыпты. Төрткүл дүниені 150 мың әскерімен шарлап шыққан ол Сырдың жағасында да жорық жасаған. Біздің өңірге сапарында қоршауда қалып, жау қолынан қаза тапқан деген де мәліметтер бар. Қазір көпшілік «Хорасан ата» деп атап кеткен атақты Әбдіжәлил баб емдік қасиетін бойына дарытқан адам болыпты. Шешек ауруына шалдыққандардың үстінен аттаса, дертінен айығып шыға келеді екен. Бұл кісіні айтуымыз да бекер емес. Себебі көнекөздер Сырдағы Қағбаның көшірмесінің жасалуын осы кісімен байланыстырады. Әбдіжәлил баб үнемі ат үстінде жүрсе де, бес уақыт намазын қаза қылмаған адам екен. Тіпті, әрбір жұма сайын Меккеге барып қайтатын болған. Оған көп уақытты да қажет етпесе керек. Астындағы Ақмаясына мініп, діттеген жеріне лезде жетіп бара алатын қабілетке ие болған деседі. Әкесінің бұл қылығын баласы Үсейін баб байқап жүреді екен. Бірде ол әкесіне келіп, жұма сайын Меккеге барып әуре болатынан хабардар екенін айтып, өзі рұқсат берсе, Қағбаны осында көшіріп алып келетінін сұрапты. Әкесі бір басына жететін ілім-білімі бар баласын сынауға бел буып, келісімін береді. Арада көп уақыт өтпестен Үсейін баб әкесіне Қағбаны алып келгенін айтып, қай жерге қойғысы келетінін сұрайды. Әбдіжәлил тысқа шықса, ауада шыныменен де Қағбаның қалықтап тұрғанын көреді. Баласының құ­діретіне көзі жеткен әкесі оны жерге түсірмей, дереу көлеңкесін сызып алады. Содан кейін Қағбаның аяқасты болмауы үшін қайтадан өз жеріне апарып қоюын бұйырады. Міне, осы уақиғадан соң көп уақыт өтпестен осы орында Қағбаның көшірмесі пайда болыпты-мыс. Бізге жеткен аңыз әңгіменің желісі осыған саяды. Сыр өңірі Бүгінде Қызылордадағы Қағбаның кө­шірмесін тауып алу еш қиындық туғызбайды. Кесене аудан орталығынан онша жырақта емес. Шамамен 30 шақырымдай жерде ор­наласқан.
«Негізінен, «Хорасан ата» кесенесі көне Өзгент қалашығының аумағында орналасқан. Ол жерде бірнеше кесене бар. Қағбаның көшірмесі де осы аумақта тұр. Аңызға сәйкес, Қағбаның көшірмесі Сыр еліне Үсейін бабтың құдіретті күшінің арқасында жеткізілгені айтылады. Дегенмен нақты дерек жоқ. Қайбір жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жұмыс істейтін профессор кісі осы орынды арнайы зерттеген. Сол кезде анық­талғандай, бұл нысанның ішінен ескі ғима­раттың қабырғалары табылды. Соған орай «бұл жерде мүлде басқа тарихи кесененің болуы мүмкін» деген тұжырым жасап, қазба жұмыс­тарын жүргізіп, терең зерттеу қажет екенін айтқан болатын. Алайда аңызға сәйкес бұл жер халық сенімінде «Кіші Қағба» аталып, мінәжат етушілер көптеп келіп жатады», – дейді өл­кетанушы, тарихшы Әлімжан Ержанов.
Арада қаншама ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін қасиетті орынға зиярат етуге баратын халықтың нөпірі қалың. Бұл орынға келушілер тура Меккедегі Қағба секілді қасиетті тастың көшірмесін де жеті мәрте айналады. Нысанның жанында ағып жатқан кішкене бұлақ бар. Сол бұлақтан зәмзәм суын да ішеді. Бұл жерде Әбдіжәлил бабпен қатар ұлы Үсейіннің де кесенесі тұр. Күллі мұсылман қауымға қастерлі саналатын бабалар жатқан бұл өңірді «Хорасан әулие» деп атап та кеткен. Бұл орынға зиярат етуге келгендер ең алдымен Үсейін бабқа мінәжат етеді. Себебі ел аузынан жеткен аңызда Әбжәлел бабтың өзі кейінгі ұрпаққа өзіне адал борышын өтеген ұлы Үсейін бабқа ниет жасауды өсиет етіп қалдырған деседі.
«Мен қасиетті Қағбаның да баламасы болуы мүмкін емес деп ойлаймын. Әлі де толық зерттелмеген бұл беймәлім кесененің аңызға мүлде қатысы болмауы да мүмкін. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл орында ескі ғимараттың қабырғалары бар. Сыртын аңызға сүйене отырып, ертеректе Қағбаға ұқсас етіп қаптаған. Өткен жылы бұл нысанды қайта жаңартты. Негізінен, аңызда айтылған мәлімет тұрмақ, «Хорасан ата» жайында нақты тарихи деректер жоқ. Тек Өзгент қалашығы жайында тарихи мәліметтер айтылады. Ал бұл нысанның осы көне Өзгент қаласы аумағында орналасуының да үлкен тарихи мәні болуы әбден мүмкін. Ол үшін осы аумақта қазба жұмыстарын қолға алып, зерттеу жүргізілуі тиіс. Сондықтан жалған сенімнің жетегінде жүру артық», – дейді тарихшы.
Тарихшы айтып өткендей, бұған дейін Меккедегі Қағбадан аумайтын бұл орынға 2022 жылы қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған нысанның тым ескіріп кеткені себеп болды. Тас сары түске боялып, темір есік салынды. Нысанның сыртына «Қағбаның көшірмесі» деп жазылды. Ел аузында Әбдіжәлил бабтың табаны тиіп, намаз оқыған еліміздің көптеген өңірінде көзі ашылған бұлақтар бар деген қауесет жиі айтылады. Алайда бұл да нақты дәлелденбеген. Қалай дегенде де, бүгінде елімізде Алланың ақ жолына бет бұрып, Ислам дінін ұстанушылар қатары артып келе жатқаны көз қуантады. Оны Сырдағы «кіші Қағба» аталып кеткен орынға келушілердің көптігінен аңғаруға болады.

Қызылорда облысы