Құмға сіңген көп қаржы
Құмға сіңген көп қаржы
608
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында жол құрылысы мен жөндеу барысында сыбайлас жемқорлық пен ұрлық-қарлықтың исі аңқитыны анықталды. Көбінесе бюджет қаражатын қымқыру схемаларын әрдайым бір мердігерлер қолданып келген. Бұл туралы облыстық прокуратура және қаржы мониторингі агенттігінің СҚО бойынша департаменті хабарлады. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жол жөндеуге бөлінген 423 миллион теңге құмға сіңген судай жоқ болған. Сол үшін аудандық әкімдіктің және мердігер ұйымның қызметкерлері тұтқындалып, енді сот алдында жауап беретін болды. Жергілікті мердігердің есепшотына жалған актілер бойынша миллиондаған бюджет қаржысы заңсыз аударылған. Нәтижесінде, жол да, ақша да жоқ. Есесіне жұмыстың қабылдан­ғаны туралы жалған актілер бар. Жергілікті шенеу­нік­тер төсемі мүлдем жоқтығына көз жұма қарап, жолды қабылдап алған. Жол «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы аясында жөнделуі тиіс болған. Аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан, бұл жол жергілікті тұрғындар үшін әлеуметтік маңызы бар.
«Жоспарланған 53,5 шақырым автожолдың 27 шақырымы мүлдем жоқ. Келтірілген шығын көлемі – 450 миллион теңге шамасында. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жол салу кезінде бюджет қаржы­сын қымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу нәтижесінде ұрлыққа қатысы бар адамдар анықталды. Іс сотқа жіберілді», – деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігінің облыстық депар­таменті.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде автомобиль жолының құрылысы қалпына келтірілді, жекелеген учаскесі бүгінде жұмыс істеп тұр. Жергілікті тұрғындар бұл қылмысқа кінәлілер жазаланатынына күмән келтіреді. Олардың ойынша, әдеттегідей айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұтылуы мүмкін. Әсіресе, лауазымды шенеуніктер жазасыз қалып, кішігірім орындаушылар жауап­кершілікке тартылуы мүмкін деген пікір басым.
Сондай-ақ тұрғындар асфальт төсеу барысында тиісті технологиялардың сақталуына назар аударуды сұрауда. «Асфальт төсеушілерге талапты күшейту керек. Ешқандай технология сақталмайды. Битум мен қиыршық тас араластырылып, қара жерге төселе салады. Нәтижесінде, бір жаздан соң одан түк қалмайды», – деп налиды Петропавл қаласының Ғалижан Нұрпейісов.
Мұндай мысалдар тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, жалпы ел бойынша жетерлік. Мәселен, осындай фирмалардың бірі Ақмола өңірінің Қоянды кентінде 907 миллион теңгеге күрделі жөндеу мен жергілікті жол құрылысын орындамауға қатысы бар болып шыққан. Бүгінгі күні келісімшарт бұзылып, прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастамашылық жасады. Соның шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылық­тың мән-жайы анықталу үстінде. Прокурорлардың араласуынан кейін Екатерин­бург-Алматы автобанынан Берсуат ауылына дейінгі учаскені күрделі жөндеу бойынша 1,1 млрд теңгеге заңсыз шарт жасасқаны үшін Аршалы ауданы әкімдігінің бөлім басшысы теріс себептермен жұ­мыс­тан босатылды. Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында бұған дейін жөнделген учаскеге тағы 148 миллион теңгеден астам бөлініп, артық шығын жұмсала жаздаған. Бірақ шенеуніктердің бұл қулығына жол берілген жоқ. Айыпты шенеунік тәртіптік жазаға тартылды. Прокуратура тексерісінің қорытындысы бойын­ша барлығы 300-ден астам заң бұзушылық анықта­лып, 30 миллиард теңге бюджет шығындары­ның алды алынған. Мемлекет кірісіне 2,5 млрд теңге өтеліп, 29 қылмыстық іс қозғалды, 305 адам тәртіп­тік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік сатып алу кезінде жеткізушілерді таңдау – сыбайлас жемқорлық ең жиі кездесетін кезең. Сондықтан қадағалау органы бюджеттің негізсіз шығындарының жолын кесуге ерекше назар аудара­ды. Сондай-ақ прокуратура органдары жол құры­лысы кезінде орынсыз жоспарлау, инновацияларды енгізуде енжарлық басым екенін анықтады. Соны­мен қатар беріктігі жоғары, сапалы материал­дар үнемделген. Осының барлығы нәтижесінде жолдар­дың қанағаттанарлықсыз жағдайына әкеліп соққан. Осыған байланысты Бас прокуратура Үкіметтің атына қаралып жатқан шетелдік озық тәжірибеге негізделген автожол саласын түбегейлі өзгерту жөніндегі ұсыныстар енгізді. Бүгінде ол қарастыру үстінде.

Солтүстік Қазақстан облысы