«Қызмет бабымен Лондонда тұрып жатқанымызға жеті жылға жуықтады. Жұбайым Марина Бекенова екеуіміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Кәусар – үйдің үшіншісі. Екі ағасы мен ізінен ерген інісі бар. Лондонға көшіп келгенде Кәусарымыз небәрі 3 жаста болатын. Алғашында өзге елдің әдеп-ғұрпы, тілі мен ділі қызымызға таңсық көрінді. Мектеп табалдырығын да имене аттады. Бірақ ағылшын тілін тез үйренді. Ешқандай қиындықты сезінбеді. Бүгінде екі тілде еркін сөйлейді. Сыныптас достары да көп. Бәрімен ағылшын тілінде сөйлеседі. Бізді қызымыздың өзге елде жүрсе де, өз Отанына деген сүйіспеншілігі қуантады. Ағылшындық достарына да еліміздің тілі, әдеп-ғұрпы жайында жиі әңгімелейтінін айтып отырады», – дейді әкесі Ғалымжан Қараманұлы.Кәусар бертін келе, өзінің You Tube арнасын ашып, түрлі бағытта блогтар түсіруді қолға ала бастайды. Уақыт өте келе, әкесі қызының қабілетін байқап, оны ары қарай дамытуды көздейді. Осы мақсатта Кәусарға балаларға ағылшын тілін үйрететін видеокурс жүргізу жоспарын айтып, демеу береді. Соның нәтижесінде еліміздегі балаларға ағылшын тілін үйрететін «Мисс Кәусар» жобасы дүниеге келіпті. Бағдарламаны еліміздегі BALAPAN телеарнасы көрсетуге ниет білдіреді. Онысы көрерменнің көңілінен шығып, елге таныла бастайды. Мұны талабы таудай Кәусардың ең сәтті шыққан жобасы деп айтуға болады. Он жастағы Кәусардың ойға алған арман-мақсаттары асқақ. Еліміздегі балақайларға ағылшын тілін үйретіп қана қоймай, Лондондағы ағылшындарды қазақ тіліне баулуды да жүзеге асырғысы келеді. Осы мақсатта Халықаралық ана тілі күні қарсаңында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткен әсерлі кеште ағылшындықтарға алғашқы дәріс беруді бастап кетті. Бұл кешке «Димаш Құдайберген. Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының мүшелері қатысып, қазақ қызынан тіл үйренді. Бұл ақжолтай хабарды әкесі алғаш әлеуметтік желіде бөліскен болатын. Ерекше дауыс иесі, қазақ елінің мақтанышына айналған әнші Димаш Құдайбергеннің фанаттарына тіл үйретіп қана қоймай, осы күні Кәусар қазақы нақышта киініп, ұлттық құндылықтарымызды да ұлықтауды естен шығармады. Бұл өзгеше өрнекке толы кеш болды.
«Лондондағы мектепте оқимын. Бұл жақта сабақ ерекше сипатта өтеді. Күнделікті сабағымыз ойын түрінде өткізіледі. Мектепке дәптер, кітаптарымызды тасымаймыз. Бәрі де сыныбымызда қалады. Тек жұма күні ғана үй тапсырмасын береді. Бұл жақта басқа күндері үй тапсырмасы деген болмайды. Сондай-ақ мектепте бәрі тегін. Оқушылардың барлығы да тамақпен қамтылған. Негізінен балаларға ойын ойната отырып, білім алуға деген құлшыныстарын арттыра түседі. Келешекте Отаныма оралып, ағылшын тілі пәнінен ұстаздық еңбек еткім келеді. Лондонда алған білімімді пайдалана отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімді қоссам деген мақсатым бар», – дейді Кәусар.Бүгінде кішкентай Кәусардан тіл үйреніп жүрген ағылшындық фан-клуб мүшелерінен өзге, Португалия, Уэльс, Пәкістан елінің халқы да қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытып отырса керек. Он жасар тәлімгер қазақ тіліне зор құрметпен қарайтын барлық адамдарға дәріс беруді мақсат тұтады.
Қызылорда облысы