Титов тұрғындарын титықтатқан түйткіл
Титов тұрғындарын титықтатқан түйткіл
669
оқылды
Қызылордалықтар жаңбыр жау­­са, лай батпақ, жел тұрса, ша­ңы аспанға көтерілетін жол­дың аза­бын тартып отыр. Әсі­ресе, қала­дағы Ти­тов қыста­ғы­ның тұрғын­дары көшеде жүріп-тұруы қиын­дық тудырып тұр­ғанын айтады. Қызылорда қаласының шет аумағына қоныс тепкен Титов шағын ауданының халқы жол сапасының сын көтермейтін халге жеткенін айтып, шаршаған. Жері лайлы, батпақты бұл аумақтың жолы жаңбыр жауса, аяқ алып жүргісіз күйге түседі. Жыл сайын қала аумағында жол салу, жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүр­гізілгенімен, Титов халқының та­лабы белгісіз себептермен ес­керусіз қалып келеді. Бүгінде тұрғылықты халық елеусіз қалған аумақтың мәселесін кімге ай­тарын білмей дал.
«Көп жылдан бері осы аумақта тұрамын. Енді жолымыздың сапа­сына қандай баға берерімізді біл­мейміз. Жаңбыр мен қар суынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жаз­ғы уақытта жел тұрса, шаңы кө­теріліп, мазамыз қашады. Бұл жер­де тұрмыс кешу мүмкін бол­май барады. Әсіресе, балала­­рымыздың сабаққа қатынауы қиын­дады. Бұл жайында құзыр­лы орын­дарға талай мәрте айт­тық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Ай­надай жолды түсімізде көріп жүрміз», – дейді жергілікті тұрғын Аслан Жұманов.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, бұл аумаққа осыдан 10 жылдай бұрын жұқалап, құмтас төселген. Ойдым-ойдым жерлер тегістеліп, жүйелі жұмыстар жүргізілген. Алайда басталған іс белгісіз себептермен аяқсыз қалған. Қазір жолға төселген құмтастар жерге сіңіп, жолдар баяғы таз қалпына қайта түсіпті. Қара жолдың қа­сіретін тартқан халық сол кезде басталған жұмыстардың қашан жалғасын табарын білмей, бас ауыртып жүр.
«Титов қыстағының шыны зауытына барар жолында 10 көше бар. Осы аумақтағы Титов 6 кө­шесінде көп жылдан бері тұра­мын. Негізінен, біз тұрған аумақта нақты көше атауы жоқ. Сандар реттілігімен ғана аталады. Осы Титов 6 көшесінің жолдары бү­гінде мүшкіл күйде. Балаларымыз лай жолды резеңке етікпен кешіп өтеді. Таза жолға шыққан соң, та­за етігін киіп, резеңке етігін жол жиегіне қалдырып кетеді. Са­бағынан қайтар мезгілде де аяқ­киімін ауыстырып киіп, жүруге мәжбүр. Күнделікті мектебіне осылай қатынайды. Өйткені жол жауын жауғанда ми батпаққа айналады», – дейді Герман Ти­тов 6 көшесінің тұрғыны Қайрат Орынбаев.
Жол азабынан жүйкесі жұ­қарған тұрғындар шет аймақтың шетін мәселесі назардан тыс қа­лып тұрғанына наразы. Әу бастан әкімдік халыққа осы аумақтан үй салуға жер телімін бергенімен, не себепті жол, жарық мәселесін қаперге алмағанын түсіне алар емес. Тұрғындардың айтуынша, бертін келе салынған жаңа кө­шелерге жарықтандыру, жол салу жұмыстары өз деңгейінде жүр­гізілген. Екі ортада аталмыш ау­мақ­тың жетімнің күйін кешіп тұрғаны жандарына батады.
«Осы аумақта жаңадан ашыл­ған халыққа қызмет көрсету орталығының артына жаңа үйлер салынып, көше қалыптасқа­ны­на көп бола қойған жоқ. Бі­рақ сол көшеге асфальт төселіп, жа­рық жүргізіліп, барлық қажет­ті инфрақұрылым тартылды. Ал біздің көшеде қан­шама жылдан бері бұл мәселе өзектілігін жо­ғалтпай тұр. Осы орайда айта кететін тағы бір жәйт, көшеміз­ден 5 шақырымдай қа­шықтықта қаланың барлық ша­йынды суын төгетін орын бар. Осы сасық көл­шіктен шыққан күлімсі иіс жаз мезгілінде ауаға тарап, қолқаны қабады. Еркін тыныстау мүмкін бол­май қалады. Жергілікті әкім­дік тарапынан бұл мәселені шешу жолдары қа­рас­тырылып жатқаны айтылған. Алайда әзірге нәтиже жоқ», – деп мұңын шақты тағы бір тұрғын Есқали Омарғалиев.
Осы мәселе төңірегінде Қы­зылорда қаласы әкімдігіне ха­барласып, жай-жапсарын сұрап көрдік.
 «Титов тұрғын ауданы бо­йынша 2023 жылы ұзындығы 1 100 метр болатын Титов 4, 5, 6 кө­шелерге қиыршық тас төсеу және ұзындығы 220 метр болатын Бірлік көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын жоспарланған. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде мердігер мекемемен келісім шарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс-мон­таж жұмыстары наурыз-сәуір айларында басталады», – дейді Қызылорда қаласы әкімдігінің тұр­ғын-үй коммуналдық шаруа­шылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.
Өткен жолы Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов елі­мізде салынып жатқан жолдардың сапасын сынға алып, кемші­лік­тер­ді тез арада түзеу қажеттігін де баса айтқан болатын. Бұл өз ке­зегінде құзырлы орындар та­ра­пынан халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ түріп, жауапкершілік жүгін сезінетін сәт келгенін аңғартса керек.

Қызылорда облысы