Осыдан бірнеше жыл бұрын «суррогат ана» деген ұғымға қоғам үрке қарайтын. Ал қазір интернетте «құрсағын «жалға» беретіндер» туралы хабарландыру көп. Құрсақ аналар еріккеннен бұл қадамға барып отырған жоқ. Жатырын жалға беретіндердің белгіленген бағасы бар. Жарнамасы жер жаратындардың дені – 18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Сонда құрсақ ана болу қажеттілік пе, әлде кәсіп көзіне айналды ма?Құрсақ аналар шетел асуда
Баласыз отбасына бала туып беруге әзірміз деп интернетке хабарландыру бергендердің басым бөлігі – қазақ қыздары. Олар қызметтерін 3 миллионнан 10 миллионға дейін бағалапты. Бірнешеуіне хабарласып та көрдік. Айтуларынша, бұл қадамға еріккеннен бармайды. Біреуі берешегімді өтеу үшін суррогат ана боламын десе, екіншісі үй алуды мақсат етіпті. Лаура есімді келіншектің пікірінше, шетелде суррогат аналардың қызметі қымбат бағаланады. Сондықтан шетелге барып, осы қызмет түрін көрсететін қазақстандықтар көп екен.
– Қазақстанда суррогат анаға 2-3 миллион теңге ғана береді. Ал шетелдіктер одан көп төлейді. Әрі келісімшартқа отырғаннан кейін тоғыз ай бойы сол тапсырыс берушінің елінде болады. Әсіресе, Мәскеуден сұраныс көп. Маған да Мәскеуден ұсыныс түскен, 12 мың долларға. Мен келіспедім, алдап кетеді деп қорықтым. Кейін интернеттен қарасам, шетелде суррогат ананың құқығы жақсы қорғалады екен. Босанғаннан кейін баланы бермей қоюыңа да мүмкіндік бар. Ал Қазақстанда олай жасай алмайсың. Себебі қолыңда келісімшарт тұр. Баланы бермесең, сотталып кетесің. Өзге біреуге жария етсең, 200 мың теңге айыппұл төлетеді, не болмаса 30 күнге отырғызады, – дейді ол.
Елімізде әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар болып отыр. 14 мыңнан аса ерлі-зайыптының табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ. Эмбриолог ғалым Салтанат Байқошқарованың пікірінше, суррогат ананың қызметіне ешкім еріккеннен жүгінбейді.
– Негізі, суррогат ана қызметіне көбіне аналық жатыры операция кезінде алынған не болмаса бала туу өміріне қауіпті болған әйелдер жүгінеді. Бұл бір еріккеннің ермегі емес. Расында да, медициналық себептермен өздері бала көтере алмайтын жағдайларда отбасылар амалдың жоғынан суррогат ана қызметіне жүгінеді. Бұл жерде екі жол бар. Біріншісі, бала көтере алмай отырған отбасының өз жақын туысқаны суррогат ана қызметін ақысыз атқарып беруі. Екіншісі, арнайы түрде ақылы негізде бөтен әйелмен өзара келісімшартқа отыру арқылы суррогат ана қызметіне жүгіну. Бұл ретте ақы төлеу мәселесі тапсырыс беруші мен суррогат ананың арасындағы келісімшартқа байланысты жүргізіледі. Сыйақы мәселесін өздері айқындайды, – дейді дәрігер.
Иә, біздің елімізде суррогат ана болуға заңмен тыйым салынбаған. «Неке және отбасы туралы» заңда суррогат ананың қандай ұғым екені, оған қойылатын талаптар мен шарттар жан-жақты көрсетілген. Бұл заңның «Суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану» деп аталатын және алты баптан тұратын 9-тарауында тараптардың құқықтары мен міндеттері толық қамтылған. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген. «Құрсақ» ана мен тапсырыс беруші осы заңнама негізінде келісімшарт жасайды.
– Біріншіден, суррогат ана 20-35 жас аралығында болуы керек. Екінші, арнайы медициналық ұйымның қорытындысы керек. Ол жерде суррогат ананың денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы көрсетілуі қажет. Үшіншіден, суррогат ананың бұған дейін туған дені сау бір баласы болуы керек, – дейді заңгер Олжас Лекеров.
Эко орталықтардың ақша табу құралына айналған
Заң өзі рұқсат беріп тұрған соң құрсақ аналардың да саны артқан. Осы уақытқа дейін суррогат ананың құрсағынан 20 мыңнан астам бала дүниеге келіпті. Бірақ құрсақ ананың қызметі дін өкілдері мен кейбір ғалымдардың арасында әлі де дау туғызып келеді. Мамандар балаға құрсақ анасынан генетикалық ақаулардың берілу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сонымен бірге баланың психологиялық бейімделуі де мәселе ретінде қарастырылады. Егер ол өзін анасының емес, басқа әйелдің дүниеге әкелгенін білсе, бұл оны толғандыруы, психикасына кері әсер етуі мүмкін деп есептейді мамандар. Оған қоса, кейбір аналардың тоғыз ай көтерген «баласын» туғаннан кейін оны биологиялық әке-шешелеріне бергісі келмей қалу оқиғалары да кездескен.
– Мен дәрігер ретінде суррогат ана қызметіне қарсымын. Сол үшін эко орталықтан жұмыстан шықтым. Себебі сурогат ананы эко орталықтар ақша табу үшін тенденцияға айналдырып жіберді. Балалы болуды армандаған отбасы қолдарынан келген барлық мүмкіндікті пайдаланады. Эко орталықтар осындай отбасыларға суррогат ана арқылы бала сыйлап, ақша тауып отыр,– дейді астаналық дәрігер Үміт Өтегенова.
Шариғат та құрсақ аналардың қызметін құп көрмейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына келіп түскен көптеген сұрақ пен өтінішке байланысты ғұламалар кеңесі құрсақ ана болудың шариғи үкімін берді. Онда ислам діні тек бір жағдайда қолдан ұрықтандыруға рұқсат етеді делінген. Ерлі-зайыптылардың ұрығы табиғи түрде ұрықтана алмаған жағдайда (тек ерлі-зайыптылардікі ғана, басқанікі емес). Бұл жерде басқа әйел, не ер адамның ұрығын пайдалануға болмайды. Рұқсат еткен осы жолдың өзінде бірнеше шарт бар. Исламда әурет жерін көрсетуге тыйым салынғандықтан, әйелдің жұмыртқасын алу немесе ұрықтанған зиготаны әйел жатырына қайта салу істерін мүмкіндігінше сенімді мұсылман әйел дәрігер, ол болмаған жағдайда кез келген әйел дәрігер атқарады. Бірақ оның жанында жақын туыстары міндетті түрде болуға тиіс. Одан кейін ұрықтардың ауысып кетпеуіне нақты көз жеткізуі керек. Қолдан ұрықтандыру күйеуінің көзі тірісінде ғана жасалады, егер қайтыс болса, рұқсат етілмейді. Шариғат үкімі бойынша осылай. Ал қалған бөтен ердің ұрығы немесе бөтен әйелге ұрық салудың барлығы шариғатқа қайшы әрекеттер болып саналады.
– Ал қолдан ұрықтандырудың қалған барлық түрі шариғат бойынша харам. Бұл жолдардың кез келгені зинаның бір түріне жатады. Өйткені бұл тәсілдерде сперма мен жұмыртқа бірдей ерлі-зайыптыға тиесілі емес яки тиесілі болған күннің өзінде жатыр оларға еш қатысы жоқ бөтен біреудікі. Мұндай жолдар ата-тектің шатасуына, көптеген келеңсіз жайттың етек алуына әкеп соғары сөзсіз, – делінген басқарманың хабарламасында.
Әлем қалай қарайды?
Әлемде суррогат аналыққа қатысты көзқарас та біркелкі емес. Мәселен, Франция, Германия, Аустрия, Норвегия, Швеция, АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» тыйым салынған. Аустралия, Ұлыбритания, Дания, Испания, Канада, Нидерланд секілді елдерде суррогат аналықты табыс көзіне айналдыруға рұқсат бермейді. Беларусьте суррогат ананың қызметін медициналық көрсеткіштер бойынша бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жоқ әйелдер ғана пайдаланады. Ал Қазақстан, Ресей, Украина, Грузия, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ-тың көптеген штатында суррогат ана болу, оның ішінде сол арқылы пайда көру заңмен реттелген. Жалпы, суррогат ана технологиясының 20 жылдан астам тарихы бар. Танымал адамдар да осы әдістің арқасында балалы болған. Осыған дейін Португалия құрамасының танымал футболисі Криштиану Роналду суррогат ананың арқасында егіздің әкесі атанды. «Жұлдызды соғыс» киносын түсірген режиссер Джордж Лукас пен әйелі Мелоди Хобсон, актриса Элизабет Бэнкс пен күйеуі Макс Хандельман осы әдіс арқылы 2011 жылы ұлды болды. Сондай-ақ 2009 жылы Сара Джессика Паркер мен оның жолдасы Мэттью Бродерикке суррогат ана егіз қыз сыйлаған болатын. Алла Пугачева мен Максим Галкин де суррогат ананың көмегіне жүгінген.
Ендеше суррогат анаға деген сұраныстың арта берері сөзсіз. Дегенмен Батыс елдерінде «Кедей елде суррогат аналар көп болады» деген түсінік бар. Біздің елімізде де жағдайының жоғынан жатырын «жалға» беретіндер саны артып келеді.