Түйені түгімен жұтпақ болған
Түйені түгімен жұтпақ болған
2,062
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында мем­ле­кеттік сатып алулар өткізген кезде баға­ны қолдан қымбаттату деректері анық­талды. Яғни, кейбір мекемелер азық-түлікті бірнеше есе қымбат бағаға сатып алмақшы болған. Тіпті, лот бағасын алты есе шарықтатып жіберген жайттар кездеседі. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі хабарлады. Бас бостандығынан айырылған адам­дарды жұмысқа орналастырумен айна­лыса­тын «Еңбек-Қызылжар» республика­лық мемлекеттік кәсіпорынның филиалы минтай балығының бір келісін 12 мың теңгеден сатып алмақшы бол­ғаны анық­талды. Баға алты есе қымбаттатылған. Уәлиханов аудандық ауруханасы көмірдің келісін 10 мың теңгеден сатып алуға оқталған. Айта кету керек, өңірде көмірдің бір тоннасының (!) бағасы орташа есеппен алғанда 15 мың теңге маңайында. Тиісті органдардың араласуынан соң ғана аурухана мемлекеттік сатып алу жос­парына өзгеріс енгізген.
«Минтай балығының бағасын түсірдік. Соның нәтижесінде 150 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді. Сондай-ақ Тайынша аудандық блім бөліміне жоспарының алты пунктін қайта қарау туралы ұсыныс жасалды. Нә­тижесінде, жиһаз, қазандық және оқу каби­неттерінің сатып алу бағасын арзандатудың арқа­сында 115 миллион теңге бюджет қаржысы үнемдеудің сәті түсті», – деді Солтүстік Қазақ­стан облыстық Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов.
Оның айтуынша, жалпы бір ғана қаңтар айының ішінде 14 мемлекеттік органға 19 ұсы­ныс хат жазылып, 170 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделіпті. Былтыр сатып алу бағасын көтерудің 96 дерегі тіркелген екен. Олар бойынша тиісті шаралар қабылданып, 49 мемлекеттік орган бағаны төмендетуге мәжбүр болған. Сөйтіп, екі миллиард теңгеден астам мемлекет қаржысының негізсіз жұмсалуының алды алынған. Сергей Перов мемлекеттік сатып алу жүйесі – антикор талдаушылары күнделікті мониторинг жүргізетін бағыт екенін атап айтты. Ондағы басты мақсат – жоспарлау кезеңінде-ақ тауар­лар­дың құнын жасанды түрде көтерудің алдын алу.
«Осы бағыттағы алдын алу жұмыстары бюд­жет қаражатын неғұрлым үнемді және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Біздің талдаушылар «бірыңғай сатып алу терезесі» жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары тапсырыс берушілерді анықтайды. Нәтижелер тәуекел тобындағы бюджеттік бағдарламалардың бар­лық әкімшілеріне жіберіледі. Біз негізінен са­тып алу жоспарының тармақтарын барабар бағаға қарай қайта қарауға шақырамыз», – деді Сергей Перов.
ҚҰМҒА СІҢГЕН ҚАРЖЫ Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Петропавл қалалық әкімдігі соңғы үш жыл ішінде 5 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын тиімсіз жұмса­ғанын анықтады. Бұл қаржы о баста жолдарға қиыршық тас төсеу үшін бөлінген екен. Бірақ қалалық әкімдіктегілер нақты орындалған жұмыстарды айқындау әдіс­намасының жоқтығын және сараптама жүргізу­дің қиындығын білгендіктен, қала көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыс­тарына жобалық-сметалық құжаттама жасамаған әрі сметалық есептеулердің бағасын қасақана шарықтатып жіберген.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргі­зіл­ген сыртқы талдау аясында облыс басшы­лығымен бірлесіп, Петропавл қаласының барлық грейдер көшелерін жоспарлы асфальттау туралы ұсынымдар әзірленді. «Осы ұсынымды орындау кезінде жымқыру схемалары жойыла­ды. Осылайша, қаражаттың жұмсалуын сапалы бақылауға және қаланың барлық жол­дарының жағдайын арттыруға қол жет­кізіледі», – деді Сергей Перов.
Бүгінде осы ұсынымды іске асыру үшін облыс орталығының 17 көшесін асфальт­тауға бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінді. Сергей Перов бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды тұлғалар­дың жауапкершілігін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру өте маңызды екенін атап өтті. Талдау жұмыстары арқылы барлығы 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 83 ұсыныс берілді. 25 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЮДЖЕТ ШЫҒЫНЫНЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ Сонымен қатар прокурорлар да мем­лекет қаржысының талан-таражға түспеуін қадағалау­да. Мәселен, жуырда прокуро­рлар­дың араласуы­мен бюджет шығын­дарының жолы кесіліп, мемлекеттің мате­риалдық мүддесі қорғалды. Мамандан­дырылған ауданаралық экономика­лық соттың шешімімен «Есіл-Петровка» ЖШС-ның Солтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінен 25 185 000 теңге өндіріп алу ту­ралы талап-арызы қанағат­тандырылған бола­тын. Бұл – борышкердің мүлкін ашық саудада сатудан түскен қаржы. Талап-арызға 2019 жылғы сот шешімі негіз болған. Онда мемлекеттік сот орындаушының әрекетінің заңсыздығына байланысты «Столыпинское» және «Есіл Петровка» ЖШС арасындағы келісімшарт заңсыз деп танылған. Атап айтқанда, сот орындаушының тыйым салынған мүлікті бағалау жөніндегі маманды тағайындау туралы қаулысы себеп болыпты. Алайда облыстық прокуратура бұл шешім­мен келіспей, апелляциялық өтініш енгізген болатын. Жуырда Солтүстік Қазақстан облыс­тық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы бұған дейінгі сот шешімінің күшін жойып, іс бойынша талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарды. Осылайша, прокурорлардың араласуымен 25 миллион теңгеден астам бюджет шығынының алды алынды. Яғни, Әділет департаменті бұл соманы төлемейтін болды.
Шектен шығу мысалдары жариялан­ғаннан кейін кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкер­шілікке тартылғанын талап етіп отырған адам­дар бар. Мәселен, солардың бірі петропавлдық Арман Нұржауыпов: «Біздің елімізде сыбайлас жемқорлықты жеңу мүмкін емес. Құр ұсыным беріп, бағаны өзгерту жеткіліксіз. Мұнымен ұрлық тыйылмайды. Басқалар мұндай қадамға бармауы үшін шенеуніктерді аямай қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Олардың көбі әлі өз орынтақтарында отыр. Басқа елдерден неге үлгі алмасқа? Бұл қашан аяқталады? Заңбұзушы­лықтарды анықтағаннан не пайда?» – дейді. Оның пікірін қолдаушылардың қарасы қалың. Олар анықталған қылмыс­тарды жариялап қана қоймай, кінәлілерді жазалау керек деген пікірде.
Шынында да, қадағалаушы және тексеруші органдар араласпаса, кейбір мекеме басшы­лары­ның түйені түгімен жұтатын түрі бар сы­ңай­лы. Бұл заңбұзу­шылықтар дер кезінде анықталмаған жағдайда, қаншама қаржы бәзбіреулердің қалтасында қалар ма еді, қайтер еді?

Солтүстік Қазақстан облысы