Елімізде 396 жол учаскесін су басу қаупі бар
Елімізде 396 жол учаскесін су басу қаупі бар
Иллюстративное фото Almaty.tv
363
оқылды
Қазақстанның көктемгі су тасқынына дайындығы мәз емес. Енді бірер аптада күн жылып, қар ерісе, елдегі 250-ден астам елді мекенді қызыл су басу қаупі бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ТЖМ мәлімдеді,  –  деп хабарлайды Almaty.tv. Мәлімдемесін «елімізде су тасқыны болуы мүмкін» деп бастаған Юрий Ильин өңірлердегі шағын елді мекендердің дайындығы төмен екенін атап өтті. 768 су өткізгіш құбырдың ескірген. 127 мыңнан астам үй, 700 мыңнан астам тұрғыны бар 255 елді мекеннің қызыл судың астында қалу қаупі бар.
«Биыл қардың көп болуына және топырақ қабатының қатуына байланысты су тасқыны қаупі жоғары. Өңірлерде төтенше жағдайдың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссияның 114, оның ішінде 31 жоспардан тыс отырысы өткізілді. Аудандарда, шағын елді мекендерде тасқынға қарсы дайындық төмен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері әкімдіктерге 179 ескерту парағын берді. Әсіресе, Павлодар, Түркістан, Ақмола және БҚО-да тасқынға қарсы іс-шараларды қолға алу қажет», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин.
"Шардара" және "Көксарай" су қоймасында жағдай қауіпті. Министрдің айтуынша, қос нысандағы судың толуы қазірдің өзінде 98 пайызға жеткен. Арнасына жетіп тұрған артық суды ағызып жіберсе, Түркістан және Қызылорда облысындағы елді мекендер зардап шегуі мүмкін. Апатқа жол бермеу үшін Үкімет басшысы суды аз аздан ағызып, қоймаларды босатуға тапсырма берді.
«Қазгидрометтің наурыз айына болжамын ескере отырып, су қоймаларын толтыру көлемін қайта қарастыру керек. Қажет болса оларды алдын ала қауіпсіз босату жөнінде шаралар қабылдансын. Қазіргі таңда республикалық деңгейде жетекшілік ететін комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия су тасу жағдайы болса, жедел әрекет етуі тиіс», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Ал Индустрия министрлігі ақпан айында жолдарды тексеріп, 68 көпір мен 768 су өткізгіш құбырдың ескіргенін анықтапты. Ел аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың 396 учаскесін су шайып кету қаупі басым.
«Қазіргі таңда оңтүстік өңірлерде барлық су өткізгіш құбыр тасқын және еріген сулардың өтуін қамтамасыз етуде, солтүстік өңірлерде ауа райына байланысты 5 742 су өткізгіш құбырдың саңылауын ашу мен қардан тазарту жұмыстары басталды», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпей тұр. Болжамға сай алдағы ай жауын жиі жауады. Сондықтан Премьер-Министр өңір әкімдеріне ширақ қимылдау керегін айтты. Тасқынға дер кезінде төтеп беріп, алдын алу жұмысын атқаруды тапсырды.