Қамданған қапы қалмайды
Қамданған қапы қалмайды
414
оқылды
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутат­тары көктемгі су тасқынына дайындық мәсе­ле­лерін мемлекеттік органдармен және өңір­лердің әкімдіктерімен кездесуде талқыға салды. Комитет төрағасы Асқар Шәкіров Парламент Сенаты көктемгі су тасқынына байланысты мә­се­лелерді жыл сайын көтеріп келе жатқанын атап өтті. Ол соңғы жылдары көктем келген сайын су тасқыны болатынын және мыңдаған ауыл тұрғыны қиын жағдайда қалатынын атап өтті.
«Атқарушы билік төтенше жағдайларға дайын­дық туралы жыл сайын есеп береді, алайда су тас­қы­ны кезінде күш-қуат пен құрал-жабдық ұдайы жетіспей қалады. Кейіннен соның зардаптарын жою­ға әжептәуір бюджет қаржысы жұмсалады», – деді Асқар Шәкіров.
Сенатор бұл кездесудің мақсаты – иесіз гидро­техникалық құрылыстарды коммуналдық меншікке беру, гидрометеорологиялық қызметтердің жай-күйі және басқа да бірқатар маңызды мәселені талқылау екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Мереке Пішембаев су тасқыны саласындағы ағымдағы жағдай туралы баяндама жасады. Ол 2023 жылдың басынан бері қатты жауын-шашын мен температураның күрт көтерілуінен 1 үй, 46 елді мекендегі 317 аула аумағы зардап шеккенін және 24 жол учаскесін су басқанын хабарлады. Бұл жағдайда ТЖМ күшімен су айдау, құм толы қапшық­пен бөгеу және су кететін арналарды тазарту жұмыстары жүр­гізілді. Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталып отыр. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында қатер қаупі жоғары екені анықталды. Сенаторларға су тасқыны жағдайына дайындық аясындағы шаралар туралы Экология және геология министрінің орынбасары Галидулла Азидуллин айтып берді. Оның айтуынша, жедел штаб құрылып, кезекшілік кестесі бекітілді, сондай-ақ тасқын суды жіберіп жинақтайтын қауіпсіз орын бекітілді. Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары сенатор­ларды жергілікті жерлердегі жағдай туралы хабардар етті. Асқар Шәкіров кездесуді қорытындылай келіп, апатты жағдайлардың алдын алу үшін су объектілері­не тұрақты мониторинг ұйымдастырудың, бақылау пункттері мен гидробиологиялық көрсеткіштер стансаларын күшейту маңыздылығын атап өтті.
«Төтенше жағдайлардың туындау қаупін бағалау кезінде трансшекаралық су объектілерінің болуын ескеру қажет. Осыған байланысты трансшекаралық су объектілерін басқару саласындағы халықаралық ынтымақ­тастықты дамыту және кеңейту, қолданыс­тағы шарттар мен келісімдерді ескере отырып, шаралар кешенін жүзеге асыру маңызды бағыттардың бірі болып табылады», – деді комитет төрағасы.
Кездесуде еліміздегі су тасқыны жағдайына қарсы іс-қимыл туралы айтылған ұсыныстар сала­лық министрліктердің жұмысында, сондай-ақ депу­таттардың заң шығару қызметінде ескерілетін бо­лады.