Даланы дүбірге бөлейді
Даланы дүбірге бөлейді
655
оқылды
Берекелі күздегі егін шығымы ерте көктемде басталатын еңбек дүбіріне байланысты екені дала еңбеккерлеріне жақсы таныс. «Көктемнің әр күні жылға азық» деп әсте бекерге айтылмаса ке­рек. Сондықтан Жер-ана мұз құр­сауынан босап, күн жылынғаннан атыз жағалаған ағайынның еңбегі жанданады. Сыр салысымен аты шыққан Қызылорда облысында соңғы жылдары су тапшылығы болып, диқан қауымның жұмысына едәуір қиындық туғызып тұрғаны жа­сырын емес. Соған қарамастан, қиындықты еңсеріп, қамбаны алтын дәннен кенде қылып жатқан жоқ. Биыл да ауылдағы ағайын кетпені мен соқасын сайлап, дала жұмыстарына тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқармасының мә­ліметіне сәйкес, биыл өңірде 195,6 мың гектар жерге ауыл шаруа­шылығы дақылдарын егу меже­ленген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға артық. Негізінен биыл көктемгі егін егу жұмыстары нау­рыз айының үшінші онкүндігінде басталып, маусым айының екінші онкүндігінде аяқталады деп жос­парланған.
«Негізінен биыл 83,9 мың гек­тарға аймақтың негізгі дақылы – Сыр күрішін егуді көздеп отырмыз. Бұған қоса, мал азықтық дақыл­дарды 2,3 мың гектарға, бақша дақылдарын 222 гектарға ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар. Оның ішінде суды үнемдеу техникаларын қолдану арқылы 1,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Сонымен қатар облыс әкі­мінің тапсырмасына сәйкес тұр­ғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамта­масыз ету бағытында да жұмыс жүргізіледі. Бұл тұрғыда жергілікті жұртшылықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамту мақсатында 3 мың гектар жер дайындалып жатыр. Жалпы биылғы науқанға қажетті тұқым, минералды ты­ңайтқыштар мен техникалар са­қадай-сай», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Басқарма басшысының ай­туынша, көктемгі егін егу жұмыс­тарына қажетті 3979 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы то­­лық­тай дайын. Сонымен қатар ша­руашылықтар минералды ты­ңайтқыштарды жеткізуші меке­мелермен келісімшарт жасасып отыр. Бұл тұрғыда 2023 жылдың егісіне қажетті 61,2 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың 32,5 мың тоннасы сатып алы­ныпты. Сондай-ақ көктемгі егін егу және дала жұмыстарын жүр­гізуге қажетті 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Тұқым мәселесінде де түйткіл жоқ екенін алға тартады. Негізінен вегетация кезеңінде су лимиті белгіленгеннен кейін егістің көлемі қайта нақтыланбақ. Дегенмен ағын су тапшылы­ғынан қиындық көрген Сыр жұртшылығында биыл да қор­қыныш басым. Алайда тиісті сала мамандары судың мол болатын­дығына сендіріп отыр. Мәліметке сүйенсек, бүгінде «Шардара» су қоймасында 4,9 млрд текше метр су қоры бар. Одан төменгі ағысқа секундына 900 текше метр су жіберіліп тұрса керек. Осы орайда «Көксарай» су реттегішіне 1,7 млрд текше метр су жиналып, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд текше метр артық көрсеткішке ие. Дей тұрғанмен, табиғат нәрінен тапшылық түбегейлі жойылды деп айту да ерте сияқты. Нақты уа­қытта дария деңгейі жоғары болғанымен, егін науқаны кезінде қиындықтар орын алуы мүмкін екенін мамандар жоққа шығар­майды. Себебі қазірдің өзінде Сырдария өзенінің жоғары ағы­сындағы «Тоқтағұл» қоймасында су мөлшері төмен деген ақпарат бар. Сондықтан да вегетация кезеңінде Шардара су қоймасына жоғарыдан келетін су мөлшеріне ешкім кепіл бола алмайды. Ин­женерлік жүйеге келтірілген жер­лердің техникалық жағдайы да көңіл көншітпей тұр. Соған орай былтырғы қиындықтар қайта­ланбауы үшін шаруашылықтар тарапынан 102 дана насостар ор­нату қажеттігі айтылып жүр.
«Жалпы вегетация кезеңінде су жүйелерін тазартудың маңызы орасан. Бұл тұрғыда шаруашылық аралық және ішкі шаруашылық каналдарының 77 пайызы тазар­тылған. Сондай-ақ су құрылыстары мен насос қондырғыларына жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Бас­тысы, егін егу жұмыстарын жүр­гізгенде барлық агротехникалық қауіпсіздіктерді қатаң сақтау қажет. Осылайша, жылда қай­таланып отырған қиындықтарды еңсере аламыз», – дейді басқарма басшысы.
Осы орайда жыл сайын егістік алқабын жайқалтып, көл-көсір өнімге кенелуді мақсат тұтып жүр­ген шаруашылықтарды тол­ған­дырған мәселелер де аз емес. Бұл тұрғыда күріш бағасын тұрақ­тандыруда және әртараптандыру бағытында әлі де шешімін күткен мәселелер шаш-етектен екенін алға тартады. Жыл басында күріштің құны өсіп, халықтың наразылығын туғызғаны белгілі. Бірақ шаруалар күріштің бағасы өзіндік құнына жеткенін, төмен баға еселі ең­бектерін өтемейтінін айтып жүр.
«Жалпы шаруалардың ша­руасын ілгері бастырмай тұрған мәселе аз емес. Соның ішінде күріш бағасына байланысты қиындықтар көп. Жалпы бәрін нарық өзі реттейді деп ойлаймын. Дей тұрғанмен күріш дақылының құнсыздануы шаруалардың еселі еңбегін өтемей отыр. Сондықтан күріш бағасын, оны өткізу жол­дарын реттеу қажет деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан күрішке қолдау жоқ деп те айта алмаймын. Қолдау көрсетіліп жатыр. Алайда атқарылған істен гөрі атқарылар шаруа шаш-етектен. Шаруашылық тарапынан егістік алқапты әр­тараптандыру бағытында да жұ­мыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл тұрғыда қызылша, картоп пен алма егуді қолға алдық. Біз еккен қы­зылшаның қанттылық мөлшері 5 пайызға жоғары. Алайда оны өткізу тетіктері әлі де қалыптаспай отыр. Ал қызылшаны өзге об­лыстарға өз күшімізбен өткізу үлкен шығынға алып келеді. Со­нымен қатар су тапшылығына байланысты да мәселе бар. Бірақ ауыспалы егістік жүйесі қалып­тасса судан тап­шылық болмай­ды деп ойлаймын. Ең бастысы, суды тиімді пай­да­лануды жолға қою қажет», – дейді Жалағаш ау­да­нындағы «Ер-Әлі» шаруа қо­жалығының төрағасы Әліби Бекжанов.
Негізі биылғы егістікке қажет­ті ауыл шаруашылығы дақыл­дарының тұқымдарымен қамта­масыз ету толықтай жолға қойыл­ған. Осы бағытта бүгінде 21,5 мың тонна күріш, 1782 тонна бидай, 278 тонна жоңышқа тұқымы әзір­ленген. Сол сияқты арпа, соя, мақсары, жүгері тұқымдары да жет­кілікті. Аймақтың басты дақы­лы – күріш тұқымының 86 пайызы егіске дайын. Биылғы науқанға шаруашылықтар күріштің «Мар­жан», «Янтарь», «Сыр сұлуы», «Лидер» және «Премиум» сорт­тарын егіп, мол өнім алуға иек артып отыр.

Қызылорда облысы