Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заңды қабылдады және мақұлдады.
Отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Палата депутаттары заң жобасының жаңашылдықтарын негізінен қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толықтыру енгізуді ұсынды. Осылайша, құжат жаңа редакциямен қабылданды.
Сенат Төрағасы қабылданған заң еліміздегі салық заңнамасын одан әрі жетілдіру үшін әзірленгенін атап өтті. Нақты айтқанда, жаңа нормалар азаматтардың төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру, өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану және халықтың көші-қоны саласындағы салық ережелерін нақтылайды.
Сонымен қатар отырыс барысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Бұл заң көлеңкелі трафикті қысқартуға, кедендік бақылау процесін оңтайландыруға және көліктік-логистикалық қызметтерді дамытуға оң ықпал етуге бағытталған.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, оған бірқатар түзету енгізіп, мақұлдады. Заңның негізгі мақсаты жер заңнамасының жекелеген ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу және жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін органдарға әкімшілік істерді қарау және тиісті жазалар қолдану бойынша өкілеттіктер беру екенін атап өткен жөн.
«Бұл заң жер заңнамасын бұзғаны үшін жекелеген баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікті нақтылауға арналып отыр. Сонымен қатар заң шеңберінде жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін органдардың өкілеттіктерін қайта қарау көзделген. Жаңа нормалар жер учаскесіне құқық беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жерді пайдалану мен қорғауға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.